209
Олар да бұған тура қарамай, көз алдында көлбеңдеп, басқа бiр жаққа кетiп бара жатады. Бұл
мұнысы несi деп, талай рет толғанған. Анада өз шешесi мен Балқия келiп, басу айтып,
өлмектiң артынан өлмек жоқ деген едi. Ендi мiне Жәнiбек көкiрегi әлденеге желденiп,
көптен берi iш құса боп жатып, әбден сағынған туған жерiн, ана Ақкербездiң кәбiрiн көргiсi
келiп кеттi. Ол әлденеге асығып, тақаты қалмай:
— Қызылмойын кешiрiм етедi дедiң бе? — деп, Қалдыбайдан қайыра сұрады.
— Ел солай деп атыр.
— Сонда... ол өзi... қалай болады екен?
— Болғанда, оның несi бар? Баяғыша тiрлiк ет дейтiн шығар.
— Анада Тоғанақ батыр өтiнiш етiп, арза жазғанда, олар үндемей қойып едi. Ендi
бүйтсе, ес кiре бастаған болар. — Сосын ол Айжамалға бұрылды. — Осы менiң атым...
қайда, а?
— Қайда болсын, өрiсте жүр ғой, — дедi Айжамал тұңғыш рет мұның бетiне тура
қарап. Өңiнде таңғалу бар.
— Ана Әлжанға айтшы, бiреудi жiберiп алдырсын. — Сосын ол жiгiттерге назар салып
қарады. — Е, дүния деген осы ғой. Бұрынғылар фәни жалған деп бекер айтпаған. Өлер кiсi
өлдi де, кеттi. Тiрi адам бiр тiршiлiгiн жасайды ғой. — Ол қатты күрсiндi. — Аз ба, көп пе,
бiраз жасты жасап та тастаппыз. Өз қауымымның мүддесiн көздеп, қанды майданға да
кiрдiк. Оның дұрыс, бұрысын кiм бiлiптi? Сүйтiп жүргенде қызықтап жүрген гүлiм солды.
Ендiгi қалған тiршiлiктiң не қызығы, не қуанышы бар дейсiң? Мына кiшкентай қарақтарым
адам боп, қатарға қосылып кеткенше қамқорлық жасау дейтiн парыз бар. Қалған жерде соны
көздеймiз де. Әйтеуiр, менiң ойлағаным — өз халқым басқаның табанының астында
қорланбаса, намысын қолдан бермесе дегендiк қана. Бүгiндерi түбiн жел кеулеп қазып,
тамырын жалаңаштап тастаған мен де бiр кәрi сексеуiлмiн. Дауыл соқса, құлайтыным анық.
Ендiгi қалған жолды кейiнгi жастарға бермесе болмас. Олардың барар жолы да, ұстар
мақсаты да бөлек болуға тиiс. Бұрынғылар күштiге қызмет қыл деген ғой. Амал жоқ, ақ
патша бүгiндерi орам алып отырғанда, оның қызметiн шекпеске және болмайды. Иiлген
басты қылыш кеспес деген бар емес пе? Сендер бiр мен үшiн туған жерден алыстап
кетпеңдер. Неде болса, маңдайдан көрелiк. Менiң ата қонысқа қайтадан көшкiм кеп отыр.
Әуелi бәрiмiз сыпырыла көшпей, өзiм барып, ана ұлығымен тiлдесiп қайтайын. Әгәр ажалым
со жерде жетсе, құданың жазғаны дейiм де. Әгәр... бәрi басқаша болып жатса, хабар берем
ғой, — дедi де, Жәнiбек алғаш рет орнынан тез тұрып, керегеде iлулi тұрған қамшысына қол
созды.
Әлжан тездетiп барып, Жәнiбектiң атын әкелiп, желiге байлап та қойған едi. Жәнiбек
түйе жүн шекпенiн киiп, қамшысын қолына алып, есiкке қарай беттей бере сәл кiдiрдi.
Ойына бiрдеңе түсiп, қайтып кеп, Айжамалдың қолындағы баласын алып, бетiнен сүйдi.
Оның кiшкене, балғын қолдарын ұстап, ақырын ғана қысып қойды. Сосын саусағымен
тәмпiш мұрнын сығымдай ұстап, iшi жылып, бiраз тұрды. Сәби мұны көрiп, жылтыраған
көзiн қадап, аздап күлiмсiрегендей болды. Жәнiбек күлiмсiреп:
— Мынау ит кәйтедi, әй? — деп, қайтадан оның маңдайынан иiскеп, бетiнен сүйдi де,
Айжамалға бердi. Сосын оның қасында тұрған, өзiнен аумайтын, алты-жетiге кеп қалған ұлы
Кәмәладдиндi бауырына тартып, маңдайынан сүйiп, басынан сипап: — Өй, айналайын!
Мына апаңның айтқанын тыңда, жақсы ма? Мен жақында қайтып келем. Сосын атқа
мiнгiзiп, ана нағашыларыңа апарам, — дедi.
Бала танауын қорс-қорс тартып, түрi бұзылып, жылайтындай боп бара жатты. Жәнiбек
күлiп:
— Қой, әй, батыр! Сен деген әйдiк жiгiт емессiң бе? Әйдiк жiгiт дейтiн бүйтiп... моима
екен? Ұяттағы-ай! Кәне, берi қараш! Е, мiне, ендi дұрыс! Кәне, беттi әкел, — деп, оның
бетiнен сүйiп, бауырына қысты.
Кәмәләддин мұрнын бiр тартып қойып:
— Аға, менi... апамның басына... қашан апарасың? — деп сұрады.
— Осыдан қайтып келгесiн апарам. Оған дейiн... мына iнiңе қарап жүр. Жақсы ма? Өй,
айналайын! — Жәнiбек оның шашынан сипап, иiскелеп, аз-маз тұрып қалды. Сол арада
баласының үстiнен өзiне тән етене жақын бiр иiс шықты. Ол көзiне бiр-екi тамшының
мөлдiреп қалай келiп қалғанын байқамай да қалды. Сосын онысын көрсеткiсi келмей
бұрылып жүре бердi.
Атына мiнiп жатып, iштен құндақтаулы Жамаладдиндi көтерiп шыққан Айжамалға
бұрылып:
— Ал, бәйбiше, қалған шаруаға өзiң еге бол. Жаман айтпай, жақсы жоқ, алай-бұлай
бола кетсем, артық-кемiмнiң бәрiн апу ет. Мен де бәрiн кештiм. Әгәр түбi қайыр боп жатса,
хабар берем ғой. Сосын көшiп келерсiңдер. Оған дейiн ана балларға көз қырыңды сала жүр,
— дедi. Сосын ол ағайын-жұртымен қоштасып, қасына Қалдыбай мен Қожақты ертiп, Сырға
қарай сызып бердi.