Стр. 10 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Ойбай, кетейiк. Әй‚ жетпегiр‚ қайдасың? Жүр былай! Осыдан әкеңе айтып‚ жон
терiңнен қайыс алдырмасам ба?
— Қой, тарқайық...
Топырласқан жұрт лезде жер жұтқандай жоқ болды.
Ержiгiт сол орнында аз-кем тұрып қалды. Кенет қолына майда жылы леп тигендей
болып‚ жалт қараса, Төребайдың бағана базардан сатып алған қоңыр ешкiсi мұны
танып, ұлпадай ерiнiн мұның қолына жақындата берген екен...
2
Төребай үйiне жүгiрiп кiрдi. Табалдырықтан аттай бере, аласа маңдайшаға басын
оңдырмай соғып алды. Бiрақ дың ете түскен шекесiне қарамастан‚ тәлтиiп тұрған төрт-
бестердегi жалаң бұт баласын тiзесiмен қағып жалп еткiздi де‚ аласа қазандық пештiң
жанында жүн түтiп отырған әйелiне ата жауын көргендей тұра ұмтылды. Үнемi бетiнен
қаны тамып тұратын әйелiнiң қуарған жүзiне, шошып бақырая берген көзiне қарап
жатпастан келе тиiстi. Оны етiгiмен бiр теуiп құлатып, қос бұрымын жүн-жүн жуан
бiлегiне орап алды. Сосын қару iздеп жан-жағына қарады. Көзiне босағаның жақтауына
қағылған әйдiк шегеге iлулi тұрған қамшы түстi. Ол әйелiн тулақша дырылдатып
сүйреп жүрiп, қамшыны алды да, қыр арқадан бортылдата жөнелдi. Тулақ сабап
жатқандай қолын шалт-шалт сермейдi. Ұлман жаны шыға ойбайлаған сайын, жаны кiре
түскендей жынданып, басқа-көзге қарамай, өршелене ұрды. Ол мұнысын азсынғандай,
ендi әйелiнiң басын тұқырта бүгiп‚ қыр арқасын осқылап бердi. Қамшы шып ете
қалғанда, шыт көйлек киген әйелдiң арқасы дiр ете түседi. Төребай одан сайын
жынданды. Оны көк ала торғайдай қылмайынша алақанының қышуы қанбайтынын
сезгендей өлтiре сабады. Әп-сәтте шыт көйлек тiлгiленiп, қара күрең iз сала жылып,
шып-шып аққан қан көрiндi. Төребай сонда да тоқтамады. Қолын қаһарланып жоғары
көтере бергенiнде, iшке Ержiгiт жүгiрiп кiрiп, қолына жармаса кеттi. Төребай
бұлқынып, қолын босатып алмақ болды. Ержiгiт оның қолын жiбермей тұрып‚ ентiге
сөйледi:
— Өй, Төке, саған не көрiндi? Ол байғұстың не жазығы бар?
— Жазығы? Ол неге ана былжыраған Елеусiнмен сөйлеседi? — Төребай оған жалт
қарады.
— Ау, ол да адам баласы емес пе? Оны кiсiмен сөйлестiрмей‚ аузын тiгiп қоясың ба?
Сол арада бұларға көзi шарасынан шыға қараған қызыл бет Ұлман:
— Ойбай-ау, оны мен iздеп барады дейсiң бен. Салығыңды төле деп кеше үйге
келген. Оны саған кiм айтты? — деп жаман дауыспен барқырап қоя бердi.
— Онда диалаң болмасын!
Төребай босанбақ боп, тағы да бұлқына бастады. Дәл осы сәтте есiк сықырлап
ашыла бердi. Сырттан түскен жарықтан тұлғасы iрейе түсiп‚ тапал тамды төбесiне
көтерiп кетердей боп алпамсадай бiреу iшке кiрiп келе жатты. Соған жалт қараған
Төребайдың таңданғаннан қолындағы қамшысы жерге түсiп кеттi. Ол әйелiнiң бiлегiне
орап алған бұрымын тез жiбере сап, өзiн-өзi зорлай күлiп:
— Салаумаликум! — дедi де, зор ашудан дiр-дiр еткен қолын соза бердi.
— Әлiксалам! — Кесек денелi кiсi күректей қолымен қолын қысқанда, Төребай
терең ордан қарғитын кiсiше ерiксiз алға қарай еңкейдi. — Бұ не? Қатын сабап атсың
ба?
— Өй, несiн айтасың, Iзеке? Бұлар кiсiнiң жынына тиедi ғой.
— Е, қатынды... Кеңес үкiметi кезiнде де сабайсың ба? — Iзет кеңк-кеңк күлдi.
— Өй, ағатай, қандай үкiмет орнаса да, қазақтың қазақшылығы қала ма? Өз
қатыныңды өзiң сабай алмасаң‚ еркектiгiң қайсы? Ал, Iзеке, төрге шық! — Төребай
бұрылып, дым болмағандай әйелiне бұйыра сөйледi. — Тұр, көрпе сал, шәй қой!