Стр. 11 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Әй, Төребайжан, келiндi мазалама. Мен көп кiдiрмейiм.
— Жоға‚ о не дегенiңiз‚ жiбермейiм. Төребайдың үйiнен бiр кiсi шәй iшпей кеткен
емес, — деп ол ендi батылданып, Iзеттiң шапанын шешуге көмектестi. Ол шапаны мен
былғары бөтеңкесiн шешкенде‚ тер мең шуаш иiсi мүңк ете түстi.
Iзет төрге малдас құрып, дөңкиiп отырды. Еңгезердей кiсiнiң дене бiтiмi толымды
екен. Оның әлi еңкеймеген еңсесi тiп-тiк. Гүжбан мойны бiлем-бiлем бұлшық еттердi
сыртына тептiре марғау қозғалады. Маңдайындағы екi терең әжiм жазғасалым су
жырып кеткен сәйкедей көлеңкелене қарауытып тұр. Жалдана бiткен тұмсықтың иiлiп
барған ұшы мұрнының суағарына тиер тимес. Оның екi жағына атызда қалған арам
шөптей сиректеу қоңыр сары мұрт өсiптi. Ол құдды орнында бар-жоғын тексергендей,
добалдай саусағымен мұртын сипап қойып, амандық-саулық сұрасып отырып, ешкiмге
тiктеп назар салған жоқ. Түксиген қасын жәйiмен қозғап қойып, сөздi шолақ-шолақ
қайырады.
Төребай ыржалақтай күлiп, жампаңдап жатыр:
—Шүкiр. Баяғы темiр жол...
— Ел-жұрт тегiс сау ма?
— Дiн аман. Айтпақшы жаңа ғана... — Төребай үйде бөтен ешкiм болмаса да,
сыбырлай сөйледi. — Ана көсе бар ғой‚ иә. Соны... Ерәлiнi...
— Қойшы?!
— Рас, рас. Құйттай өтiрiгi жоқ.
Iзет үндемедi .
— Ал, аға, ендi өз жайыңнан айта отыр.
— Төребайжан-ау, айтатындай бiзде не жай бар. Баяғы кезде надандықпен кеттiк.
Содан‚ әйтеуiр, татар тұз-дәм бар ма, өздерi босатты ғой.
— Мұғайым?
— Мұғайым. — Iзет Ержiгiтке ақырын бұрылып қарады. — Қарағым, кәртейейiн
дегенмiн бе? Түсiңдi шырамытсам да, онша тани алмай отырым. Кiмнiң баласысың?
Сол екен‚ Төребай ыржалақтап, құйрығымен ысырылып‚ берi жақындады:
— Ойбай-ау, Iзеке, бұ деген ана... ей, баяғы ауылнай Тәжi ше... иә‚ соның баласы
ғой. Өзi барып тұрған қызылкөз. Бұл... жақында ана Пiрмақанның қызын‚ құдай сәтiн
салса, үйiне кiргiзетiн шығар.
— Е, қуаныш үстiнде отыр десейшi. Жөн екен‚ — дедi Iзет. — Бiрақ сол Пiрекеңнiң
атастырған құдасы бар демеушi ме едi?
— Ойбай, бар болғанда қандай? Бiрақ кәзiр заман басқа, заң басқа емес пе?
— Е, онда жөн екен. Не деймiз, бағы ашылсын деймiз де.
Төребай өзiне ызалана қараған Ержiгiтке пысқырып та қараған жоқ. Ол тағы бiрдеңе
дей берiп едi, Iзеттiң жақтырмаған сыңайын байқап, iркiлiп қалды.
Осы кезде iшке Ұлман кiрiп келдi де‚ аяғын дыбысын шығармай баса жүрiп‚ ортаға
көлдей ақ дастархан жайды. Сосын оның ортасына ат жал қып ақ бауырсақ төктi. Бiр
уыс арзан кәмпит пен жұдырықтай-жұдырықтай көк шекердi бауырсақты айналдыра
шашты. Содан кейiн сыртқа шығып кетiп‚ сексеуiлдiң шоғынан ызыңдаған сары
самаурынды қос құлағынан көтерiп әкеп, подностың бiр шетiне қойды да‚ көйлегiнiң
етегiн екi тiзесiнiң арасына қыстырып‚ жерге отыра сап‚ шәй құя бастады. Төребай
кәрлен кесенi қос қолдай ұстап, Iзеттiң алдына қойды. Екiншi кесенi Ержiгiтке ұсына
бердi де:
— Ә‚ күйеу екенсiң ғой, — деп ыржиып, керi тартып ап, өзiнiң алдына қойды. Сосын
ыржалақтап, сырт жағында тұрған кебеженiң аузын ашып‚ iшiнен бiр жартылықты
суырып ап, шишаның мойнын қылтитып едi, оған Iзет рай бермедi. Сыр бойына
палуандығымен‚ оқыс мiнезiмен аты шыққан кiсiден қаймығып, Төребай бөтелкеге
қимай бiр рет көз салды да, iрге жаққа домалатып жiбердi.
— Ал, аға, ендi не iстемексiң? — дедi ол аздан соң.
— Не iстейiн? Ел не көрсе‚ соны дегендей да...