Стр. 9 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— А, сол ма? Дұрыс, дұрыс. Осы менiң таңғалатын бiр жәйтiм бар. Кеше Көптiлеу
жаңа тұрмысты құрысты. Қалқозға енбегi сiңдi. Бiрақ ол соңғы кезде тым өзгерiп бара
атыр. Өзiнен басқаға болсын демейдi. Оны...
Ержiгiт жалт қарады. Есiк сарт етiп ашылып, iшке артынан жау куғандай боп‚
көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына‚ тарамыс бетi күреңiтiп, қайқы ернi дүрдие түсiп‚
сығырайған екi көзi шапыраштанып кеткен Қыжым кiрiп келдi. Ол келе күйеуiне дүрсе
қоя бердi:
— Өй, арам ит, көзiң мөлиiп, қай-қайдағы сөздi сандалағаннан басқа бiлерiң жоқ.
Сен сонда пiркарөл болсаң-ау! Оқудың түбiне жеткенде‚ тапқан пайдаң осы ма? Сенен
ана қара танымайтын Мәтек артық. Ол надан болса да‚ шаруасына мәттақам. Ал сен
былшылдап... Кеше кiтап оқимын деп пойызды құлата жаздадың. Ендi омалып отқаның
мынау. Ойбай-ау, одан да ана сиырдың астын тазаламадың ба?
— Оған әлi ерте қой, — деп Ерәлi күңк еттi.
— Ерте, ерте! Сүйдеп‚ сен табаныңнан сапқыр‚ ертеңдi күндi кеш қыласың.
Бүйткенше барыңнан жоғың. Шiрiк-ау, кiтап сенiң неңдi алған? Пiркарөл болатындай...
— Мүмкiн, пiркарөл болатын шығармын‚ — дедi Ерәлi мысқылдап.
— Мынаны! — Қыжым қолын шығарды. — Мынаны, — деп‚ онысын азсынғандай
жетiп барып, екi саусағының арасынан сүйiрлене шығып тұрған кiр-кiр бас бармағын
күйеуiнiң мұрнына апарып иiскеттi.
Ерәлi қатынының қолын қағып жiбере алмады. Ержiгiт айбықа, әйдiк әйелiнiң
шатты-бұтты сөзiне етi өлiп кеткен Ерәлiге аяй қарады.
Сол арада Қыжым бар дүниеден түңiлiп бiткендей қолын сiлтеп‚ керi шегiндi де:
— Қой, адам деп саған сөз айтып отқан мен де ауыш, — деп шыланға беттей бере
кiлт тоқтай қалды.
Дәлiзден бiр топ кiсiнiң аяқ басқан топыры естiлдi. Сәлден соң ағаш есiк қаттырақ
ашылды да‚ iшке жаңа ғана стоп-кран басып‚ пойыздан түскен түрi суық екi кiсi кiрiп
келдi. Қорқып кеткен Қыжым шегiншектеп кетiп‚ кекештенiп:
— Амансыңдар ма‚ қайным? — дедi.
— Бiз халық жауының қатынына қайны емеспiз‚ — дедi түсi суық кiсiнiң бiреуi
түксиген қалпы. — Ерәлi деген азамат сен бе?
— Иә‚ менмiн‚ — дедi сол арада Ерәлi бағанадан берi уысында ұстап тұрған қара
шыбын ендi есiне түскендей‚ алақанын жазып жатып. Сол екен‚ шыбын ызыңдай
ұшып‚ толық жабылмаған кiшкене есiктiң саңылауынан сыртқа қарай ұша жөнелдi.
— Туһ! — дедi екi кiсiнiң бiрi одан жеркенгендей мұрнын шүйiрiп. — Кәне‚ тез
жинал! Ауданға барасың.
— Не-не-неге? — Ерәлi тiлi күрмелiп‚ құп-қу бо кеттi.
— Оны барғасын көресiң. Бол‚ тез!
— Қайным-ау‚ сонда ол байғұсты қайда апарасыңдар? — дедi сол арада есi жаңа
енген Қыжым олардың түрiне жапақтай қарап.
— Онда... Шаруаң болмасын!
Қыжым жым болды.
Аздан кейiн екi кiсi Ерәлiнi сыртқа алып шығып‚ жүк пойызын тоқтатып мiндi де‚
Жосалыға тартып кеттi. Осы кезде перрон басына тез жиналып қалған топ кiсiнiң
ортасында тұрған Ержiгiт соңғы вагонының қызыл шамы жылтырап‚ шайқалақтай
жүрiп бара жатқан пойыздың соңынан абыржи қарады. Ендi бiр сәт дабырлай бастаған
қатындардың даусына құлақ түрiп, кейiнгi жаққа назар тiктi. Қараса‚ екi иығына екi кiсi
мiнгендей бiр адам берi қарай келе жатыр. Оны көрiп‚ ел шошып кеттi:
— Апырмау, мынау кiм болды екен?
— Итiм бiлiп пе?
—Шiркiннiң ысқыны қандай жаман. Ышпана шығар?
— Менi әулие дерсiң, мынауың соның нақ өзi.