айдап, қырып жiбере жаздады. Содан таң ата сабасына түстi. Кенсеге келiп, шөпке
қосымша күш ретiнде жiберiлетiн кiсiлердiң тiзiмiн жасағасын, шаруаға бас-көз болуды
Ертiлеуге тапсырды да, орнынан керенау тұрып, Пұсырманның қабинетiне барды.
Хатшы шырттай боп киiнген. Иығына қай жылдары кеп қона қалғаны белгiсiз көнетоз,
апшыған гимнастерканың дәл орта тұсында жалпақтығы бес елi қайыс белбеу тырсия
керiлiп тұр. Қоңыр жүзi кашанда сергек адамның қалпын байқатады. Әсiресе,
таулауына мiн тағуға болмайтын қара мұртының өмiрi қыры жығылмайды. Көптiлеу
орындыққа отырып жатып, хатшының үстiнен көзiн асыра, қабырғада iлулi тұрған
көсемнiң суретiне қарады. Екi мұрттың ұқсас тұстарын салыстыра қарап өттi. Сосын
барып, сөзiн әрiден бастады:
— Ал, Пұсеке, көптен берi жаманды-жақсылы бiрге жұмыс iстеп келе атырмыз.
Илегенiмiз бiр балшық. Көздегенiмiз бiр мақсат. Сен де, мен де, әйтеуiр, осы қалқозға
болсын деймiз, — деп барып бiр тоқтады. Сосын хатшының таңданыс аралас жүзiне
барлай көз тастады. — Дегенмен кейде бiр-бiрiмiздi түсiнбей қалатын шақтарымыз жоқ
та емес. Атам қазақ, жылқы кiсiнескенше, адам тiлдескенше, деген емес пе? Бiр-
бiрiмiздiң ыңғайымызды алатын уақ жеткен жоқ па? Кеше Сегiзов жолдас бiздi дұрыс
сынады. Тек кеулiме алғаным, ауыл арасының әңгiмесiн ауданға асыра бергенiмiз қалай
болады? Аздап сыр сақтау деген де...
— Жоқ, мен кемшiлiктi жасырып қала алмайым, — дедi Пұсырман мұның сөзiн
бөлiп. Оның шаралы жүзiндегi болмашы күлкi iзiн сұп-сұр көлеңкелер қуып шығып,
торлай қалған екен.
— Жасыр деп тұрған iжкiм де жоқ. Сол кемшiлiктi дер кезiнде көрсең, уәкiлге емес,
неге менiң өзiме айтпадың? Мұны сырттан сөз баққандық демеуге шарам қалмай отыр.
Пұсырман сәл аңтарылып қалды.
— Сонда бiз, — дедi Көптiлеу даусын созып, — дер уағында шара қолданған болар
ек. Ал сен...
— Әлi де кеш емес.
— Мәселе осында. Әлi талай күде тұрғызуға болады, — Көптiлеу тоқтап, оның
бiтуажаға көнбес сыңайын танып, сөздiң бетiн басқа жаққа аударды.— Шошқаларды не
iстеп атсыңдар?
— Бүгiн мылтық жинаймыз.
— Дұрыс екен. Күн қалай, ысиын дей ме? — деп Көптiлеу орнынан тұрды да, аяғын
сыздана басып сыртқа шықты. Аяғын үзеңгiге сыздана сұғып, атына мiндi. Тамыздың
ми қайнатар ыстығы жаңа ғана кәрiне мiнiп, азанғы салқынның етек-жеңiн түре қуып,
төңiректi аңылжыған аптапқа қақтай бастаған екен. Жидiген ауа бет шарпиды. Көптiлеу
жүгерiлiктi бетке алды. Сұрғылт сағым дiр-дiр еткiзiп көтерген қоңыр белден асып,
егiстiкке құлады. Көп ұзамай қақала өскен қалың жүгерiге кiрдi. Ат үстiнде қалғып-
мүлгiп келе жатып, кенет алтынмен аптағандай ат шаптырым аймақтың кей жерлерi
жегi күрт түскендей опырылып құлап, шала мүжiлген собықтардың биберекет
шашылып жатқанын көрiп, былқ-сылқ еткен бойын шұғыл жинап ала қойды. Төңiрекке
әлденеге көңiлдене қарады. “Ә, бәлем, саған сол керек!” Айтқанға көнбейтiн кiсi ғой
өзi? Ендi көрiп алды. Жыл басынан мойнына арта салды ма, — арта салды. Дер кезiнде
ескертiп айтты ма, — айтты. Сонда мұның не кiнәсi бар? Ешқандай да. Егер ол мына
қалың жүгерiдей ойламаған тұстан бұған қарсы...
Алмашкүл шыға бердi. Үстiне кигенi көнетоздау шыт көйлек. Жеңi қырыла бастаған
қыжым камзолының майда, тып-тықыр түгi күн сәулесiне шағылыса жылт-жылт етедi.
Қан жүгiрген жұқа ернi шиедей қып-қызыл. Күн қаққан ақ сары жүзi қоңыр тарта
түскен. Қолында қабығы аршылған бiр собық.
— Ау, келiншек, мұның не? — дедi Көптiлеу таңданып.
— Өз собығыңмен өзiңдi сабайын деп едiм, — дедi Алмашкүл көзi күлiмсiреп тұрып.
— Е, неге? Менiң соншалық не жазығым бар?
— Жазығың сол, неге қараңды көрсетпей жүрсiң?