Пұсырман салған жерден суырыла жөнелдi:
— Жолдастар, — дедi ол даусын нықтай сөйлеп, — жолдастар! Жаңа Мырқиястың
айтуынша, “Бiрлiк” колхозында шөп шабылып, күделенiп қалған сияқты. Ал,
шындығында, бәрi де олай емес. Бұл барып тұрған өтiрiк. Ана Құл мен Үшқарадағы
бригаданың шөпке кiрiскенiне айдан астам уақыт өттi, әлi бiр де мая тұрғызылған жоқ.
Мұның барлығы, Әбдiреев жолдастың қалай да жалған ақпар берiп, көзге түссем деген
ниетiнен туып жатқан нәрселер.
— Сонда сiз қайда жүрсiз? — дедi Жақыпов.
— Мен ойнап жүрген жоқпын. — дедi Пұсырман даусын көтере сөйлеп. — Менiң
iстейтiн шаруам баршылық. Сосын бiр айта кетер жәйт, — дедi Пұсырман бюро
мүшелерiне жағалай қарап, — мен қоммунист партиясының мүшесi ретiнде
жолдасымыз Көптiлеудi бiр жаман әдеттен сақтандырсам деймiн. Рас, ол ана бiр
жылдары ел үшiн қызмет көрсеттi. Онысына рақмет. Бiрақ соңғы кездерi Көптiлеу
мүлдем менмен боп кеттi. Бетiне жан адамды келтiрмейдi. Кейде менiмен ойласпастан,
шаруаны бiр өзi шеше салады. Мұндай жеке билiкке құмарту, жолдастар, шын
коммунистке жараспайды.
— Ол соншалық не iстедi? — дедi Жақыпов тағы да.
— Ол ма? Ол жақында ана ұры Iзеттi колхозға мүше қылып алды. Мен оның шын
колхозшы боп кете қоятынына күдiктенем. Сосын Көптiлеу жеке бастың араздығын
еске тұтады. Ол биыл жаңадан мектеп үйiн салайық деген Тәжиев Ержiгiтке ата-
бабасының арасындағы кикiлжiң барлығын ескерiп, дұрыстап көмек бермедi. Ал, жас
жiгiт шын ықыласымен қызмет етiп жүр. Жұртқа керпiш бастырып, ел басын
ұйымдастырып, мектеп салып жатыр. Мұндай жақсы бастаманы қолдау орнына,
Көптiлеу жұмыс көп дегендi сылтау етiп, әлге дейiн асар салуға кiсi қолын бермей
отыр. Мұндай кертартпалыққа дер кезiнде тойтарыс бермесек, кейiннен бұ қоммунист
жолдасымызды дұрыс жолдан тайдырып алуымыз мүмкiн. Жаңа өздерiңiз көрдiңiздер,
ол жалған ақпар жасап, аупарткомның бюросын алдауға тырысты. Менiңше, мұндай
әрекетке екiншi жол бермеген жөн, — деп, Пұсырман орнына отыра бердi.
Көптiлеу не дерiн бiлмедi. Қарсы дәлел айта алмады.
Сегiзов мұның өзiмшiлдiкке салынып бара жатқаны жайлы басқа да кiсiлерден сөз
түскенiн айтып, қатты сынады.
— Менен бiр бiлместiк өттi... Кешiрерсiздер, — дедi Көптiлеу мiңгiрлеп.
— Бұл бiлместiк емес, көз бояушылық. Осынысы үшiн бұл екi қоммунистi қатаң
жазалау керек.
Бюро мүшелерi өз пiкiрлерiн айтты. Көптiлеу мен Мырқияс қатаң сөгiс алып,
аупарткомнан салы суға кетiп шықты.
Жолшыбай Көптiлеу қатты толғанды. Өмiрiнде алғаш рет мүлт жiберiп алғаны үшiн
өзiн-өзi iштей жедi. “Шөпте не әкемнiң құны бар едi? Соған тапсыра салмай!” Оның
есiне қашанғы қулығы бойынша, түбi осалдау, шикiлеу жақты Пұсырманға тапсыра
салып, мысын құртып қоятыны түстi. Тек биыл колхоз тұңғыш рет жүгiре егетiн
болғасын, бұрын сырын алмаған дақылы екенiн ескерiп, оны Пұсырманға жүктеген де,
өзi шөп жағын қадағалаған едi. Мұның сорына, жүгерi бiтiк шықты. Ал, шөп жағы
мандымай жатыр. Ендi қамшыны басып, тiсiмен бiр талдап жұлса да, күделердi
қайқитпаса, ертең ешкiм маңдайыпан сипай қоймайды.
Ол ширыға түстi.
3
Сол күнi Көптiлеу ауылға қайтты. Пойызда тербетiлiп келе жатып, өз-өзiне
ашуланумен болды. Қасындағы Мырқиясты кiсi құрлы көрген жоқ. Жолай жұмған
аузын ашпады. “Бiрлiкке” келгесiн де тымыраюмен болды. Үй iшiн бiр шыбықпен