— Кәйт дейсiң маған? Қол тимейдi.
— Iзiме түскенде, қолың қалай тидi? Ендi тимей қалды, ә? Әлде менен жерiп қалған
шығарсың?
— Өй, сөзiң бар болсын, — деп Көптiлеу жарыла күлдi де, атынан түсiп,
Алмашкүлдiң жанына келдi. Отыздардан асса да, ажары тая қоймаған ақ келiншектiң
кеудесi бiр көтерiлiп, бiр басылып тұр. Ол құшақтағысы кеп, жақындай берiп едi,
Алмашкүл кейiн шегiндi:
— Қой, ойбай, кiсiлер жүр, көрiп қалар.
Көптiлеу бойын тежей қойды. Лезде тұтана қалған отты тез өшiрiп, кеуiлiн қатайтты
да, келесi атызда дабырласқан кiсiлерге көз тастады. Бүгiн ол жақта мектеп балалары
отақ отап жүр. Басшысы — Ержiгiт. Ол жерден көзiн көтерiп, Алмашкүлге қарады.
Оның өзiне бiрдеңе айтқысы келетiнiн байқап, жылы ұшырай тiл қатты:
— Халiң қалай, келiншек?
— Халiм қалақтай. — Алмашкүл сыңқылдай күлiп жiбердi.
— Е, неге?
— Тiптен айтуға аузым бармайды.
Көптiлеу оған аңтарыла қарады:
— О не?
— Бiрдеме бiтiп қалған сияқты.
— Оны қайдан бiлдiң?
— Беу, адам-ай, қатынның iсiн қатын бiлмегенде еркек бiледi дейсiң бе? Өз жайым
өзiме аян ғой.
— Сонда... не iстемексiң?
— Әгәр айып болмаса, бiр жағынан құдайдан да қорқам...
— Iркiлме, айта бер.
— Айып болмаса, таныс-маныс доғдырың бар емес пе, алдыртып тастасам дейiм.
Көптiлеу етiгiнiң шаң-шаң тұмсығына қарап ойланып тұрды да:
— Үйтудiң не керегi бар? — дедi. — Туа бер.
— Ойбай-ау, үйтсем...
— Қой, ол ненi бiлiп қарық қылар дейсiң?
— Сонда да...
— Қорықпа, iждеме де болмайды. Ал, мен кеттiм.
Көптiлеу атын тiзгiнiнен жетелеп, Қоңырбайдың бригадасына бет алды. Iштей кұсы
аң iлген аңшыдай ыңылдап келедi. Ертең Алмашкүл бұның аузынан түсе қалғандай
сап-сары шарананы етегiне салып әкелсе, белi сынған ол, бойында жiгерi, намысы
болса, сөз жоқ, әйелiнен ажырасады. Мұның көздегенi де осы. Сондай атты күн түса,
аудан қайдасың деп атқа мiне шаппай ма? Сосын... Иә, сосын несiн айтасың, бүкiл
жалпақ жалғанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрғандай бетiне кiсi
келмей, төрт дүниесi түгелденбей ме? Ондайда қазiргiдей ырың-жырың да сап болады.
Анау-мынау келеңсiз уақиғалар мына Қылышбайдан әрi асып шықпайтын болады. Ол
көңiлденiп кеттi. Ән салатын кiсiше тамағын бiр-екi рет кенеп қойды да, кенет қабағын
түйдi. Тоқта, осыным тым шектен шыққан қиянат емес пе? Бiреуге ор қазғанның үстiне
оның отбасын да быт-шыт қылмақсың? Егер ол бұл ойлағандай әйелiнен ажыраспай
қойса ше? Онда өмiр бойы өзiн-өзi iштей жеп, азап тартып жүредi-ау! Мейлi, жесе, жей
берсiн. Мұның онда не шаруасы бар? Өмiр заңы солай. Бiреуге қастық жасамай, бiреуге
жақсылық жасай алмайсың. Мына дүниеде жақсының да, жаманның да қатар өмiр
сүретiнi тәрiздi жақсылық та, жамандық та таразының екi басын тең ұстап тұрады.
Тiрлiкте тек қана жақсы кiсiлердiң жасауы мүмкiн емес. Жұрттың бәрi жақсара түскен
сайын олардың өз iшiнде де өз жаманы болмақ. Үйтпеген жағдайда өмiрдiң не құны
бар? Ана бiр кезде оқыған кiтабында өмiрдi күрес дептi. Ендеше күресетiн ешкiмiң жоқ
өмiрдi қалай өмiр дей алады? Бұл да өзiнше күресiп келедi. Ана жылы колхоздасу
кезiнде жаңа тұрмыстың дәнiн мына Сыр өңiрiне егем деп, сөзiн аяқ асты қылған талай-