— Өй, басымды қатырма! — Ертiлеу қолын бiр сiлтеп, кеселерге арақты шөпiлдетiп
құя бастады.
Ранай күйеуiне тыжырына қарады. Кеспiрсiз, дөкiр. Әйелдi де адам екен-ау, оның да
жан-күйi бар болар деп ойламайды. Ойындағы шаруасын орнына келтiргесiн, бүгiнгi ең
басты iсiн тындырып болғандай қорылдап ұйықтап қалады. Ондайда келiншек түнiмен
көз жасын бұлап шығады. Есiне әр нәрсе түседi. Қасындағы мына оспадарсызға қалай
өз жанын ұқтырарын бiлмей, өрелi таңды көзiмен атқызады. Азанда ояна салысымен
Ертiлеу су-су көпшiктi қолымен сипап:
— Бұ не? Шық, түсiп қалған ба? — деп күңк етедi де қояды.
Өзi күн санап күйеуiнен көңiлi суып бара жатқанын сезедi. Төсекке мұз арасына
кiргендей ықылассыз жатады. Бүгiн де нехош кисая кеттi. Көзi кiлгiрiп бара жатып,
Ержiгiттi есiне алды. Оған кәйткенде де жолығуы керек. Сәтi түссе, ертең, ертең.
Ертеңiне де күн ыссы болды. Аңылжыған аптаптан жүгерiлiк iшi тандырдай жанып
кеттi. Ранай аңқасының кепкенiне қарамастан, арам шөптi жұла бердi. Қолы жас шөптiң
бояуы жұғып, көкпеңбек боп қалды. Арам шөп екеш арам шөпке дейiн тамырын
тереңдете қоя берген қара жерден ажырасқысы келмегендей, мұның тартқанына
көнбейтiн ыңғай көрсетiп, тырысып бағады. Ранай ондайда шөптi ырғап-ырғап жұлып
алады да, алжапқышына салып, екiншiсiне қол созады. Одан үшiншiсiн жұлып
жатқанда кенет табан астынан пыр етiп, қос қырғауыл қызғыш сары жөнi жарқырай
ұшып шықты да, жұбын жазбастан бiрте-бiрте алыстап, көзге көрiнбей кеттi. Ранай
оларға қызыға қарады. “Екеуi де әдемi екен!” Екеуi де! Бұл екеуi де баяғыда сондай
емес пе едi. Иә, сондай едi. Оның несiн айтасың, қарап отырса, өз өмiрiнде қуанышы,
қызығы бар аз ғана сәттер болыпты. Ол кезде ештеңеден мұңсыз, қамсыз едi.
Жанындай жақсы көретiн Ержiгiтпен қосылмаймын деген ой үш ұйықтаса түсiне де
кiрмеген едi. Ақыры құдiреттi кiсiлер мұны шырылдатып алып кетiп, бұл жақтан бiр-ақ
шығарды. Жаны жабырқағанда, шер тарқатып тiлдесетiн жақын тартар кiсiсi жоқ. Тек
аз күнгi қуанышы тұтынып, жас балаларды ермек етiп жүр. Ермек? Тоқта, осыным
дұрыс па өзi? Бала деп өз болашағымды ойламағаным қалай, а? Жақсы көретiн
жiгiтiнен айрылғаннан кейiн кемдi күн сәбилердiң ойын-күлкiсiне мәз боп, өзiңдi өзiң
алдарқатып жүрсiң. Алдарқатып? Аңдап қараса, бұл тағдырына күйiнiп кеткен сәттерi
өзiн өзi алдарқату үшiн ойлап тапқан жұбанышы ғой. Жұбаныш? Асылы, адам баласы
өзiн өзi жұбатып күн көредi. Үйтпесе өмiр сүрудiң еш қызығы қалмас едi. Сенбесең,
жан-жағыңа қарашы. Айналаңда топырлап жүрген кiсiлер бала-шағасын, еткен еңбегiн,
тапқан табысын, киген киiмiн қызықытап, өзiн өзi жұбатып, мұңсыз, қамсыз тiршiлiк
етедi. Кашан жұмыр басы қара жердiң құшағына кiрiп кеткенше, апырау, осы мен
неғып жүрмiн, кейiнгiлер өнеге тұтар бiрдеме iстедiм бе, осы құрғыр тiршiлiктiң мән-
мағынасы бар ма деп бiр рет ойланса едi бұл заңғарлар? Жоқ, олар ойланбайды.
Керiсiнше, кемдi күнгi өмiрiн кеуiлдi өткiзгiсi кеп, қайдағы жоқ арзан күлкiнi, езу
тартқызар iс-әрекеттi тауып алады. Сонда бұ қалай? Әлде өмiрдiң мәнi дегенiң осында
жатыр ма? Өзi бiраз оқыған кiтаптарындағы сауалдарға жауап табу үшiн жан-жағына
бiрнеше рет ойлана қарағаны бар. Үңiле түскен сайын бұл өмiрдiң ешқандай да кiтапқа
сыймайтынын ағысы қатты долы дариядай өзгеше бiр арнамен әлдеқайда асыға-
аптығып бара жатқанын талай рет байқады. Байқады да, дал болды. Сүйтiп жүргенде
дүниедегi ең жақсы көретiн жақын жанынан айрылды. Мiне, содан берi... Ол тiксiнiп
қалды. Апырау, сонда қалай болғаны? Артын терең ойламастан, бел шешiп, өз
тағдырын өзi шешетiн реттерде мойнын iшiне тартқаны дұрыс па? Адам қалайда бiр
рет ереуiлшiл мiнез көрсетiп, алақанына қонғалы тұрған бағынан айрылып қалмауға
тырысуы керек қой.
Ол тас төбесiнен бiреу балғамен ұрғандай, кiлт тоқтай қалды. Қолы жансыздана
қалғандай, алжапқыштың шетi сусып кетiп, етегiндегi арам шөп жерге шашылып түстi.
Аяғының астындағы жер қозғалғандай, басы айналып, көзiн жұмды. “Өңiм бе, әлде
түсiм бе?” Ол бiр сәт батылданып қалың қара кiрпiгiн жоғары қарай қайқита