Стр. 106 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

қорыққандай көзi тостағандай боп қараса, өңi, нағыз өңi. Өңi болғанда, соның өзi.
Шашы баяғыша дудардай. Күнге күйген жүзi қоңырқай тартқан. Ол да бетiнде қан жоқ,
сөл жоқ, әлi құрығандай жанындағы жүгерiден қолымен ұстай берген Ранайды көрiп,
сәл тұрды да, тез қимылдап, жолындағы қалың жүгерiнi сындыра-мындыра қарсы
жүрдi. Екi иiнiнен ентiге дем алған күйi жақын келiп, не iстерiн бiлмей тоқтады. Ранай
көзiнiң қарашығы үлкейе тесiле қарады. Оның бетiне iшiп-жеп қараған сайын тұла
бойы әлi құрығандай, босап, басы ысып, дем арасында өз-өзiнен ерiксiз жылап аққан
жасқа жаңары толып кеттi. Iзiнше мөлдiр тамшылар екi бетiн айғыздап төмен қарай
тынымсыз сорғалады. Бiр тамшы жас әдемi бiткен сүйiр иегiнiң дәл ұшында ұзақ iлiнiп
тұрды да, кенет бар қуатының жеткен жерi солдай-ақ ұш жағы сынапша домалақталып,
белi қылдырықтай боп жiңiшкере созылып барып, бар-ы-ы-п, жердегi жалы шығып
үйiлiп жатқан бiр шөпке тырс етiп тамды. Сол екен оның дыбысын анық естiп Ранай
есiн жиғандай бiр тiзерлеп отыра қап, қалтыраған қолымен арам шөптi алжапқышына
асығып-үсiгiп сала бастады. Ержiгiт оған көмектестi. Шөптi алып берiп жатып бiрде
келiншектiң күн шалған бiлегiнен тас қылып ұстай алды. Ранай дiр ете түстi, бiрақ
қолын керi тартпады. Осы қалпы қолымды жұлып алсаң да, не қолымнан жетектеп
алып кетсең де, қайылмын дегендей.
Ержiгiт оның өне бойын буған дiрiлдi байқап, қатты күрсiндi:
— Әй, Ранай-ай! — деген даусы да ерiксiз шығып кеттi.
Ранай үндемей бiр қырын қарап, енiз-теңiзi шығып егіле бердi Бiрдеңе деуге
қожырап, аузына жөндем сөз түспей қойды. Көңiлi өрекпiп, шашына әлден ақ кiре
бастаған Ержiгiтке туралап көз де сала алмады.
— Әй, Ранай-ай! — дедi Ержiгiт тағы да.
Ранай одан сайын егiлдi. Дем арасында көзi бұлаудай боп iсiп шыға келдi. Тынысы
тарылып, бiр рет кеуде кере дем алды. Сол сәтте әлденеден шошығандай бүйiрi жыбыр
ете қалғандай болды. Өз тәнiне басқа бiр тiршiлiктiң отау тiккенін алғаш рет анық сезiп,
әрi қорқып, әрi аздап қуанып, Ранай Ержiгiтке үрке қарады. Лезде көзiн үрей оты
торлап шыға келдi. Секем алған жанынан хабар бергендей, шыныша жылтыраған
жанарынан суық сәуле ауаға шашырай тарап, қараған кiсiнiң тұла бойын мұздатып
барады. Соны аңдағандай, болашақ ана жанының ыстық шуағын дүмететiн тәрiзденiп,
болымсыз тiрлiк тағы да жыбыр ете түстi. Қара жердiң қалың қыртысын жарып шығып,
бұрқ-сарқ қайнап аққан тас бұлақша бүйiр тұсы бүлк-бүлк етедi. Мұның еркiнен,
тiлегiнен тыс басталған тiршiлiк әмiрiне бойсұнбас хал танытқандай. Соны ойлағанда,
кеуiлi мұздай боп, қатты шошынған келiншек қолымен бүйiрiн баса қойды.
Осы кезде бұлардың желке тұсынан Қыжымның даусы саңқ ете қалды.
— Тiпә, тiпә, мына жәлеп қайтадан табысыпты ғой!
Екеуi орындарынан өре түрегелдi. Ержiгiт Қыжымға қарап бiрдеңе дей бастағанда,
Ранай алды-артына қарамастан жөнеле бердi. Желкесiнен тарсылдап мылтық атылып
жатқандай, соңына бұрылуға батпады. Бетi қызара сұрланыл, үстi-басын аяусыз
тырналаған жас жиденiң тiкенектерiн елең қылмастан, қолымен көзiн көлегейлей
отырып, қалыңдықтың iшiне дендеп кiрдi. Олардан едәуiр жер ұзап кеттiм-ау дегенде
барып тоқтап, демiн бiр-ақ алды. Маңдайына быршып шыға келген терiн сүртiп
жатқанда, Ержiгiтке айтам деген сөзiн ұмытып кеткенi есiне сарт етiп бiр-ақ түстi. Қап,
ендi қайттiм? Қайтып барсам, ұят-ау! Ол әлi құрығандай бiрнеше жүгерiнi жапыра
жерге отырды. Ойы сан-саққа жүгiрдi. Жаңа Ержiгiттiң жарытып ештеме дей
алмағанын есiне алды. Алғаш рет жеңгесi Күлбарам кездестiргенде де сүйтiп едi. Өзi
қызық. Бiрде ашық, бiрде ұялшақ. Кiсiге бiрден атам заманнан танысындай ашылып,
аңқылдай жөнелмейдi. Иә... Ранай тамағы кеуiп, жол дорбасындағы бiр бөтелке
шалапты қылқылдатып iше бастады. Шалабы бiткесiн босаған, әр жерiнде айғыз-айғыз
айран iзi бар ақшыл бөтелкенi дорбасына қайта сала бердi де, басы артық жүк қылып
қайтем деп, аулаққа лақтырып жiбердi. Бөтелке кебу топырақтың үстiмен дөңгелеп
барып, күнге шағылыса бiр бүйiрлеп тоқтады. Соған әлденеге қарап отырып, Ранайдың