— Пұсеке, менiң ретiм келмес, — дедi қыңыр шал шалқайып. Жалына қол апартар
емес.
Пұсырманның жүзi жауар күндей түнерiп кеттi:
— Қорқып отыр екенсiң қой. Бiлдiк ойыңды. Ызнашит, сен де көнтiр боп шықтың...
— Құдай сақтасын! — Пiрмақан шошып кеттi. — Мен бiр көр соқыр қараңғы надан
кiсi. Менен не сұрайсың. Бар десең, амал жоқ, барайын.
— Амал жоғың қалай?
— Қарағым-ай, жаман ағаңның сөзiн iлгiштеп нағыласың? Барам, өз еркiммен барам,
— деп қара шал қамдана бастаған.
Содан берi бас ұста боп, жұмыс iстеп жүр. Бұл Ержiгiтке киын тидi. Бiрiншi күнi жан
адаммен тiс жарып сөйлескен жоқ. Екiншi күнi де сүйттi. Үшiншi күнi де әдетiнше
шелекпен су құя сала, кетпенмен әрi-берi былғап, лай илей берiп едi, Төребай
кетпенiнен ұстай алды:
— Тоқта, бала, немене сенiң жаның бар да, бiздiң жанымыз жоқ па? Нан жеместi
тапқан екенсiң, бар, ана қайын атаңа керпiш ат!
Ержiгiт онымен тәжiкелеспей, кетпендi бере салып, үюлi жатқан керпiштiң жанына
барды. Төребайдың қу тақырға отырғызғанын сонда бiр-ақ аңғарды. Қараса, қабырға
жиырма қатардан асып кеткен екен. Оған керпiштi бiрiндеп лақтырып жеткiзуге
жiгiттiң жiгiтi ғана шыдайды. “Кап, мынау иттi-ай!» — дедi де, жоғарыдағы Пiрмақанға
көз салмастан керпiштердi ырсылдап лақтыра бастады. Қара шал оны мысықша шалт
қимылдап, қағып алып жатыр. Бiрде Ержiгiт оның бет-әлпетiнен Ранайға тән белгiлердi
көрiп қап, тұла бойын суық ұстағандай дiр ете түстi. Сол екен, ызаланып кетiп,
керпiштi бұрай лақтырып жiбердi. Оны Пiрмақан кәнiгi машығымен қолғап киген
қолымен қағып ала берем дегенде, керпiш сусып түсiп кетiп, аяғының бақайын жанын
көзiне көрсете қатты ауыртты. Қара шал қабағын кiржитiп, шоңқиды да қалды. Төребай
соны көрiп, аты бәйгiден келгендей тарқылдап күлдi:
— Өй, шал, қыз бермеген қалай екен?!
— Өй, құрышы әрi!
— Е, мен не деп құримын? Кұрысаң мына сен құрисың. Әгәр құрығың келмесе,
қайтадан қыз таптыр да, мынаған берiп тын, — деп iшек-сiлесi қата шиқылдай күлiп,
қолымен iшiн басып, төңкерiлiп жатқан астаудың үстiне отыра кеттi. Әлмә-һәл көзiнен
аққан жасты балшық-балшық қолымен сүртiп қояды. Мыж-мыж қалпағының делдиген
етегiнен бетiне шұбарлана түскен көлеңке де екi иығы селк-селк еткен сайын бiрге
қозғалып, бұдыр-бұдыр бетiн жыбырлатып жiбередi.
Пiрмақан оны келiстiрiп тұрып бiр боқтады да, аяғын ауырсына басып, әндемемен
жайылған лай үстiне керпiштi қалай бердi. Шалдың мұнысы Төребайдың жынына тидi.
Ол дереу қыштаған күлкiсiн зорлана тиып, ендi қара шалдың шабына ши жүгiрте
бастады:
— Өй, жезде, осы сен бiрдеме дедiң бе?
— Жоқ.
— Жо-о-оқ! Керең кiсiнi тапқан екенсiң?! Немене менi естiмедi дәйсiң бе? Керпiштi
ұстаған сайын, аузыңда бiссiмiлдә. Сен шал үйтiп құдайды жағаламай-ақ қой. Бәрiбiр
ақырет сапарына барғаныңда, тозақ отына шыр-шыр етiп жанасың.
— О жағың қарыссын! — деп шал күңк еттi.
— Өй, қойшы соны, — дедi Мұздақпай сол арада сөзге араласып.
— Асықпа, сен де әлi шашлық боласың, — дедi Төребай оның жүзіне ажырая қарап.
— Ал сен ше? Сонда сен аман қаласың ба?
— Өй, маған екi дүния бiр-ақ қадам. Бұл өмiрде iстемеген бәлем қалған жоқ, Ол
аздай, арақ iшем, темекi тартам, насыбай атам. Бәрiнен де мына шалды айтсаңшы,
тыраштанып жүрiп-жүрiп кеп, күнәға белшесiнен гүмп берiп бiр-ақ батқан!
Пiрмақан үндемей, ұшы тiлдей үндемемен сұйық лайды, баппен жая бердi. Қызып
алған Төребай оны тақымдап қоймады: