— Ел кәзiр күйлi. Қанасыма сыймай, болып-толып тұр. Басщасынан кещесiне дейiн
қалқозшы. Басқарма баяғы Көптiлеу... — Төребай тiлiн тiстей қойды. Сосын қылмыс
жасап алған кiсiше Iзетке жапақ-жапақ қарады да‚ олардың арасындағы кикiлжiң есiне
түсiп, өзiнiң аңғарымсыздығын жуып-шаймақ боп: — Өй‚ несiн айтасың? Халық кәзiр
әбдән тойынып болды. Не кием, не iшем демейдi. Баяғыда құдайдың бөзiн таба
алмаушы ек. Кәзiр шыт та, сәтен де дүкенде кiрестелiп тұр. Көсегең көгергiр Сәбет
үкiметi бiздi қарық қып тастады ғой, — деп жырқ-жырқ күлдi.
Iзет тiс жарған жоқ. Төребай тағы да шыбындаған ешкiдей қыбыжықтай бастап:
— Тек мына Керманы түспегiр тиышталса екен‚ — деп бiр қойды.
— Е, ол не дейдi?
— Не десiн? Польшаны жаулап алды. Ендi бiр аттаса, бiздiң шекара тиiп тұр.
— Бiзге батып тие қоймас, — дедi Ержiгiт үнсiз отыра беруi ыңғайсыз көрiп‚ сол
арада сөзге араласып.
— Не десең де тиыштығы болсын де.
Iзет үндемей, кесесiн дастархан шетiне төңкердi.
— Аға, аз алдырдың ғой, — дедi Төребай.
— Алдыраз болсын‚ көп алдым. Ендi мен жүрейiн.
— Қой, Iзеке, о не дегенiң? Сонау ит өлген жерден елiм деп арып-ашып келгенiнде
бiр мал қонағасы бере алмасақ‚ елдiгiмiз қайсы? Бұ деген есiткен жұрттан ұят емес пе?
Бiр мал сыбағаң дайын, — дедi де, Төребай санын бiр-ақ соқты. — Алла құдай-ай,
ешкiсi түспегiр анаяқта... қалып қойған екен ғой!
Ержiгiт шыдамай күлiп жiбердi. Iзет ақырын мырс еттi де, Төребайға:
— Қарағым Төребай, мына шиеттей балдарың ағарғанын талшық етiп отқан ешкiңдi
пышаққа жығып қайтесiң? Алдыраз болсын‚ кеуiлiңе ырзамын‚ — дедi.
— Iзеке, Төребай малын сою, соймасын қонағынан сұрамаушы едi, — деп Төребай
ендi оның сөзiн тыңдамай‚ сыртқа тез шықты да‚ сәлден соң iшке қоңыр ешкiнi
бақыртып, iшке сүйреп кiргiздi. — Ойпырмай, өзi естi мал екен‚ қораны өзi тауып
келiптi. Өй, Көсiкбайдың сақалындай сапсиған сақалыңнан айналайын!
Ержiгiт күлiп жiбердi:
— Қайнатаңның атын айта бересiң, ә?
— Е, айтпай, немене оны ақетек әулие дейсiң бе? Жаман болсақ та, қызын... —
Төребай басын шайқап, керi шегiне берген ешкiнi мойнынан құшақтай алды. — Өй, өзi
нағыз теке сияқты. Теке болғанда, ана қотанаяқ Қуантайдай, ана менiң аузы арақтан
кеппейтiн бәтшағар балдызым ше...
Ешкi сойылды. Жас ет қазанда былқып пiсiп жатыр. Жас сорпа таңдайына тиетiнiн
сезiп, әлден-ақ көмекейi бүлкiлдеген Төребай iшiнен алақанына түкiрiп отыр. Ара
арасында бүгiнгi базарда қалай сауда жасағанын жыр қылып айта бередi. Әлденеге
ырза боп кетiп, ау-тауық Ержiгiттiң тақымын басып-басып қояды. Бiр сәт бағана
Қыжымның өзiнiң ит-жынын тырыстырып айтқан сәуегейлiгi есiне түсiп, шонданайына
темiр тiкен қадалғандай қозғалақтай бердi де, санын қолымен сарт еткiздi:
— Алда құдай-ай!
— Е‚ не болды? — дедi Ержiгiт күлiп.
— Қыжым ендi желкеме мiнiп алатын болды-ау! — Төребай iшiнен: “Өзiмдi де
мауыздап өлтiретiн кiсi жоқ. Қой дегенде‚ неге қоя салмадым”, — дедi де, тез
жадырады. — Тоқтай тұр, дәдең сау болса, тағы да төрт-бес жылдың беделiнде қаражат
жиып, бiр ешкiнi мүйiзiнен ұстап, осы от басына бақыртып кiргiзедi!
Ет келдi. Тамақ желiнiп болғасын‚ тағы да шәй iшiлдi. Шәй жиналысымен‚ Iзет ас
қайырмай орнынан тұра берiп едi‚ Төребай таңданып:
— Ағатай, бәте қылып жiбермейсiң бе? — дедi.
— Оны әлi ұмытқан жоқ па едiңдер?
— Е‚ үйтiп жын көрiнiп пе?
Iзет қайтадан малдас құрып отырды да‚ қолын жайып ас қайырды.