Көптiлеу кешкiсiн шәй үстiнде күнi ұзаққа жанын қинаған ойдан арыла алмады.
Ерқараның жайын естiгелi тиыштығынан айрылды. “Апырау, бұ қалай болды? — дедi
iшiнен. — Әлде заманның бет ажары өзгерейiн деген бе?” Осы ойын сыртына шығарып
айтпаса да, әлi абыржу iзi жоғала қоймаған жүзiн қасында отырған Iзетке бұрды. Бiр сәт
осы кiсiнi өшiктiрiп алмағанды жөн көрдi.
— Сосын кәйттiңдер?
—Шошқа өте көп. Атқанмен таусылар емес, — дедi Iзет даусы күңгiрлей шығып.
— Сәл шыдай тұрыңдар. Ертең қара нөсер құйып жаусын, ол доңыздар бет-бетiне
тым-тырақай кашады.
— Ау, қара нөсер жауам дегенше...
— Шыдай тұр дедiм қой. — Көптiлеу Iзеттiң өтiнiшiн ескерусiз қалдырып, сөздi
басқа жаққа бұрды. — Апырмай, мына Гитлердiң бетi жаман. Соғыс басталып кетпесе
жарады.
— Сонда қалай, бiзге тиiсе ме?
— Ол да мүмкiн.
— Бiздер онымен соғысамыз ба?
— Тиiсiп жатса, соғыспай кәйтесiң.
— Мына мен де соғысам ба?
— Ендi қалай.
— Оны... қайдам, — деп Iзет үнсiз қалды.
Iзет кеткен бойда, Ертiлеудiң хабары жеттi. Көптiлеудiң зәре-иманы кеттi.
Қолындағы кесесiн жерге түсiрiп алды. Көпшiктi жастанып жатып, қай жерден ши
шықты деп басы дал болды.
Iшке Мақамаш кiрдi. Ол дастарханның шетiне отыра сала, үзiгiн жел ұшырып
әкеткен қара үйдей құлазып қалған тамда сұрланып алған ағасына оғаш тiлек айтты:
— Аға, осылай үн-түнсiз қала беремiз бе? Бұл естiген елден ұят емес пе? Мен
Ертiлеудiң iзiне барсам кәйтедi?
Көптiлеудiң зәресi ұшып кеттi:
— Осы сенiң есiң сау ма?
— Сау.
— Онда дымың iшiңде болсын. Жайыңа жүр.
Үй iшiнде ауыр үнсiздiк орнады.
— Мен бәрi бiр барам, — дедi Мақамаш әлден уақтан соң.
Көптiлеу үндемей, одан түңiлiп бiткен кiсiше қолын бiр сiлтеп, қыржиып отыра
бердi. Ол Мақамаш сыртқа шығып кеткесiн, iшiнен немере iнiсi мен өзiнiң аты-
жөндерiнiң бөлек екенiне, осы арада да қашанғы сақтығының бiр септiгi тигенiне
қуанды. Бiрақ ана тоңмойын Ертiлеуi құрмағыр аузына келгенiн аталап, бүйректен
сирақ шығарып жүрмесе жарады? Қой, не көрiнiптi, үйте қоймас. Үйтердей мұның не
жазығы бар? Бар жазығы iнген берiп, қатынды қылғаны ма? Iнген демекшi, қандай асыл
мал едi. Соны биыл көктем туа Қыдыр көрген Жабағының Төспенiнiң түс малы
саналатын атақты қара бураға өзi апарып, қайытып қайтып едi. Мiне, соның бәрi далаға
кеттi. Ырымшыл Көптiлеудiң сол арада жыны Ранайға түстi. “Өзi қара бақ екен, — дедi
iшiнен. — Түспей жатып байын жалмады, ендi менi жұтар”. Сол екен, көз алдына
Ранай, боз iнген, қара бура елестедi. Бiр сәт Ранай, боз iнген жоғалып, келеге келiп
жараған қара бура аузынан жынын шаша тайрақтаған күйi жақындап қалыпты. Ол көзiн
жұма қойды.
— Әй, қатын! Шәйыңды құйсайшы!
7