көптен берi екеуi жылынып жүрген құпия оты бар екенiн естiдi. Ондай қаңқу сөздің
ауыл арасында желше тарай бастарын бiлдi. Кәзірде де сол есiне түсiп, сәл-пәл ойланып
қалды. Сонда қалай бұл? Күйеуi қасында. Ештеңеден қайғы-мұңсыз. Сүйтiп жүрiп ақ
некесiнен аттағаны қалай? Әлде үнемi ақжарқын көрiнетiн Алмашкүлдiң арғы
түкпiрiнде жасырынып жатқан ала бөтен мұң бар ма? Әлде құр әшейiн жеңiлдiк пе? Не
десең де, адам өз абыройы айрандай төгiлер тұстан бекерден-бекер аттамайды. Тым
құрығанда, сырт көзге ерсiлеу, дәлелсiз көрiнгенмен, өзінiң осы қылығын ақтар
себептердi iздеп табады. Сондай себеп келiншектiң де бiр бүйірiнде жатпасын.
Болмаса... Алмашкүл күрсiндi.
— Пенде шiркiн, әйел алсам, бала сүйсем дейдi. Әлiмұрыққа жететiн болсақ, әйел де
аласың, бала да сүйесiң. Бiрақ ертең отау тiккесiн соның бәрiнiң құр алданыш екенiн
бiлесiң.
— Неге? — деп Ранай таң қалды.
— Оның мәнi көп. — Алмашкүл ойлана қарады. — Кiсi кейде жаны қаламайтын, бес
қайнаса сорпасы қосылмайтын кiсiмен бас қосады. Ол қосылайын деп қосылмайды ғой.
Тағдыр шiркiн әкелiп қосақтай салады. Сосын қайда барасың? Лажсыз тағдырыңа
көнесiң. Аздан соң оны сүйетін-сүймейтiнің де ұмытылады. Бала тапқаныңа мәз боп
жүре бересiң. Кейiннен ойлап қарасақ, бiр төсекте тәнiңе тәні тиiп жатқан кiсiң саған
соншалықты жат, алыс. Ойлаған ойыңа дейiн жараспайды. Мiне, сондай адаммен бiрге
өмiр сүру азап емес пе?
— Әрине, азап, — дедi Ранай оны қоштап. — Ондайда айырылып кеткеннен төтесi
жоқ.
— Бұл ауызбен айтқанға оңай. Ал өмiрде қиынырақ. Көздi жұмып ажырасып кетейiн
десең, пенде шiркiн де мал сиякты, бiр отырып үйренiп қалған жерiн қимайды. Жаман
болса да байын аяйды. Бала-шағасы болса, тiпте киын. Ерден кетсең, ертең
перзенттерiңе жақсы әке табыла қоя ма? — Алмашкүл күрсiндi. — Соны ойлайсың да
жүре бересiң. Жұртты көрiп, iштен тынасың. Кейде неге осы адамдар ортақ бақыт табар
кiсiсiмен дер кезiнде кездеспейдi екен дейсiң.
— Ондай кездескен кiсiң шын бақытты ете қояр ма екен?
— Етер, етпес. Әйел, әйтеуiр, жанындай жақсы көрген адамымен бiр сәтке болса да
өзін бақытты сезедi ғой. Сол да. Алданыш. Бiрақ кейiннен ол адамымен
итырқылжыңдаса бастаса, бақытың уға айналып сала бередi. Бұл да қиын. Шамасы,
өмiр шiркiн о баста осылай шым-шытырық боп жаралған ба дейiм.
— Өмiр ойыншық емес екен қой, — деп Ранай да күрсiндi.
— Оны ойыншық қылатын адамдардың өзі. Егер бар ғой, осы кiсiлер бiр-бiрiне
жамандық, қиянат жасамаса, қандай болар едi? — Алмашқул кінәлi кiсiдей миық
тартты. — Ол шiркiндi пенде жасайын деп жасай ма, қалай жасағаныңды бiлмей де
қаласың. Әр түрлi жағдай үйтпесiңе қоймайды.
— Адамның адамшылығы да осы арада қандай жағдай болса да өз бетiне күйе
жақпауда емес пе? — дедi Ранай оған көз тоқтата қарап.
— Ол дұрыс қой. Бірақ... бiлмейiм. — Алмашкүл мүлдем қысылып, қызарып сала
бердi. — Мәселен, еркектердi алшы. Осы әйел де адам екен, оның да жан күйi бар екен
деп жүрген кiмдi көрдiң? Бәрi де тайға мiнгендей қоқырайғаннан басқа дәнеменi
бiлмейдi. Әйелдiң де кейде бала сиякты мейiрiм, жұбату тiлейтiнi миларына кiрiп те
шықпайды. Сонда бұл қалай, ә? Әлде сөз өтпес оларға...
Асығып-аптығып жеткен Күлзи жерге жалп етiп отыра кеттi.
— Уһ, белi түскiр ине сұкқандай қақсап қоя бердi қой, — деп бұларға жағалай бiр
қарап өттi. Басы қауақша сопақ боп бiткен қара қоныр бетi қанша терлесе де сыртына
бiр тамшы шығармайды. Қайта жаңа ғана сүлгімен сүрткендей бiр түрлi ақ
жарғақтанып тұрады. Сөйлегенде аузы аузына жұқпай, екi езуi көбiктенiп кетедi. Бұл
жолы да ол қамшы салдырған жоқ. — Осы басқарма қайнағаның ындыны ашылып-ақ
болды. Жылда жанығамыз да жүремiз. Аздап ексе де жарамай ма? Осыншама егiн егiп,