— Ой, оны қойшы. Әуейi кезiнде кiмнің iргесiне қол жүгіртпеді, жармаспады.
Сайқалдар-ау, онан да мына Байқожадағы сұмдықты есіттiңдер ме?
Ранай оның сөзін тыңдамай, орнынан тұрды да жүре бердi. Өзі туып-өскен
станцияның атын естiсе болды, кеше ғана басынан ұшпастай боп керiнген бала шағы,
жан дүниесiн тебiренткен алғашқы махаббаты, қара нөсерге бетiн тосып тапжылмай
тұрған Қызкүмбез, ана Ержiгiт есiне түседi. Ержiгiт демекшi, Ранай оның артынан
сұрау сап Қазалы барғанын кеше естiп, бармағын тістедi. Анада түсiнiк жазарда
қайнағасының миығына жүгірген ащы мысқылдың түп-төркiнiн сонда ғана танып,
қатты өкiндi. Келiншек дап-дардай кiсi осыншама ұсақтап, бас пайдасы үшiн аярлық
жасайды деп ойламаған да едi. Сол мүлт басқан қадамына опықса да, Ержiгiттiң екi дай
егеске бiлек сыбанып түспей қос үрей көңілмен араласқанын сезiп, жаны суып қалды.
Шындығында, деп түйді ол, басқа босағадан аттаған жат кiсiнiң құшағын көрген
келiншектi басы бос жiгiт бұрынғыша алақанына салып аялап, сыйлай алмайды ғой.
Үйтейiн десе атам заманнан берi көбесi сөгiлмей келе жатқан ата заңы қолға құрсау,
аяққа тұсау болады. Iшi елжiреп жақсы көрiп тұрғанымен, адал асын ит тиiп арамдап
кеткендей, кеуiлiнiң бiр түкпiрiнде өзірге өршелене ереуiлдеп бас көртермеген қаза бiр
сезiмнiң жыланша мың бүктетiлiп жатып алатыны ақиқат. Күндердiң күнiнде сол
жылан тағдырдың тоқпағы сарт етiп тигенде, етiне тебен сұққандай орнынан ерши
түрегелiп, талай жылдардың қойнауында жасырынып қалған қарғыс атқан осы кездi
қайтадан бiр қалтарысын көзден таса қалдырмастан тайға таңба басқандай анық қып
бадырайтып көрсетiп, тиыш жатқан ашу-ыза, қызғаныштың қолтығына су бүркiп,
әбжыланша азғыруы бек мүмкін. Сонда кемдi күн алданыш тұтынып жүрген аз ғана
қуанышы от жалатқандай уға айналып сала бермей ме? Ондай жағдайда екi ортада
назарға шалынбас үшіншi бiр әлдекiм тұрғандай, тар ыссы төсектiң арасына, сыртын
жапқан ханауыз көрпенi сыртқа тептiрiп, желге суарылған наркескендi шалқасынан
қойып кеткендей бiр-бiрiне жақындауға батпай, сол әлсiз күрмелген жiптi ұзуге кимай,
бұл да, ол да ақырет-азар тартпай ма? Ержiгiт кеше дау соңына жетпей жығыла
кеткенде осыны ойлаған шығар? Қалай десең де қиын. Өмiр шiркiннiң баста бiр
шырмалған жiптi қайтып шешуге келместей етiп шиеленiстiре беретiнi жаман. Мына
түйiн де сондай тас боп қатып қалған. Оны тек қана... сатырлап жауған қара нөсердей
өмiрдiң ересен толқынды бiр сәтi ғана шешiп беруi мүмкін. Ол не сонда? Қашан
болады? Ранай алдыңғы жағына қанша тесiлiп көз жiберсе де, жылдар қалтарысының
бiр түкпiрiнде жасырынып жатқан әлгі қара нөсердiң бет шарпыған лебiн анық көре
алған жоқ. Екіұдай сезiм ұнжырғасын түсiрiп жiберген. Содан қас қарайғанша
ешкiммен тiс жарып сөйлеспедi. Бiрнеше рет қайдағы-жайдағыны көңірсiтiп, жанынан
шықпай қойған Күлзиге рай бермедi. Кешкiсiн үйге келгесiн де қабағы ашылмады.
Ертілеу iстi болғалы ессiз тамда қорқады деп Көптiлеу Ранайды үш баламен өз үйiне
көшiрiп алатындай сыңай танытқан едi. Оған Ранай келiспей жүрген. Бүгiн Әлібек тағы
да шырқымды бұзар, жаманатқа iлiгермiн деп ойлап, балаларды ертiп, қайнағасының
үйiне келдi. Сол екен, Қалампыр тiстеуiк аттай кiржiңдедi де қалды. Соны көрiп
Ранайдың ызасы қайнады. Күйеуiнiң жас келiнiне көзi түсер деп арам ойлаған
абысынының күйкi мiнезiне әрi ашуланды, әрi таң қалды. Iштей қазан-ошақтан басқа
ештеңенi бiлмейтiн Қалампырды аяды. Қайтып шығып кетейiн деп едi, Көптiлеу
жiбермедi.
Азанда ерте тұрып, Пұсырманның үйiне барды. Пұсырман шәй iшiп жатыр екен.
Ранай нан ауыз тидi де қойды. Сосын Пұсырманның алдында жатқан тапаншаға
қарады. Соған Алмашкүлдiң де көзi түсiп, абыржи күлімсiредi.
Пұсырман ештеңенi аңғарар емес.
— Келiн, осы сенi зорлап әкетiптi деген не сөз?
Мұны күтпеген Ранайдың екi бетi ду ете қалды. Басы төмен иiле түстi.
— Қазақ арасында ол таң емес қой.