— Сонда қалай? — дедi Пұсырман адырайып. — Тапа-тал түсте зорлық жасаған
деген не сұмдық? Жоқ, бұл болмайды. Мен оларға...
— Ендi кеш, — дедi Ранай оған қорқа қарап.
— Несi кеш? Зорлық жасаған кiсiнi жазалаймыз.
— Онда сенiң не шаруаң бар? Жайыңа жүрмейсiң бе? — дедi Алмашкүл жақтырмай.
— Неге жайыма жүрем? Кәмөнес басымен бiреудiң тағдырына ара түспесем, ертең
елден ұят емес пе? — Пұсырман кесесiн жерге қоя салып, Ранайға тура қарады. —
Анада Ержiгiт арыз жазып келгенде... Ә? Есiмде. Сонда сенiң түсiнiгiңдi окығанмын.
Онда ол жайында бiр жол да жоқ едi. Сонда... бұ қалай, а?
— Мен оны... бiлмей жаздым.
— Бiлмегенi не?
— Пұсеке, енді ескi әңгiменi қайта қозғаудың не керегi бар? Бәрiбiр орнына қайтып
келмейдi. Ендi Ержiгiт менi нағылсы? — дедi де Ранай кеулi бұзылып, даусы қалтырап
барып тоқтады.
— Қой дегендi тыңдасақ сағаң болмайды ғой. Қолыңнан келсе, кезiнде неге
iстемедiң? — деп Алмашкүл кейiстiк бiлдiрдi де, орнынан түрегелдi.
Ранай Алмашкүл екеуi егiстiкке елден бөлектеу келдi. Кешегi Күлзидiң сөзі жанын
қинаса керек, Алмашкүлдiң қабағында кiрбiң бар. Соны байқаған келiншек
Алмашкүлге:
— Үйткенше ажырасып кетпейсiң бе? — дедi.
Алмашкүл күрсiндi.
— Оны... Қимаймын...
— Ендеше мынаны... доғар да...
— Ендi болары болды, бояуы сiңдi. Бәрi кеш. — Алмашқул аспанға көз салды. —
Бүгiн күн жаңайын деп тұр екен. Осындайда бiр қара нөсер жаумайды да...
Ранай оған аяй қарады. Аржайы келiншектi осыншама уысынан шығармастай қып
шырмап тастаған құдiрет күштiң не екенiне ақылы жетпей дал болды.
Өмiрдiң кiсiнi өз дегенiн iстететін айрықша бiр күшi бар. Сол түнi жалын атқан жас
тәннiң жеңсiк асын құмарта татқысы келген алабөтен тiлегiне берiлiп, Әлібек терезенi
тықылдатқанда, Ранай iлмешектi қалай ашып жiбергенiн бiлмей де қалды...
8
Мектеп үйiнiң кәңкиген төрт қабырғасы жиырма қатардан асысымен, Ержiгiт
Елеусiннiң қыр соңынан қалмай төбесiн жабар өрлiк, шабақтарды таптырып алды.
Буылған қамыстарды тасыды. Бүгiн де торғай шырылдасымен мектепке қарай аяңдады.
Жолшыбай кеше естiген тосын хабары жанын тағы да мазалай бастады. Ертiлеуден
келiн боп түсiсiмен айрылған Ранайдың не жаны жүр екен деп бiр ойлады. Қалай десең
де, iшiңнен қанша жек көрсең де, тiптен ол сенiң отыңның басына қонғалы тұрған
бақтан айырып әкетсе де, жүзі таныс, алыс-берiс сәлемi бар азаматтарға не жетедi?
Олай есе қайырғанмен, ешкiмнiң де аясы толмайтынын осы ескере береміз бе? Әлде
атам замандағыдай телi мен тентектiң қолтығына қыстырған бiр-бiр шоқпары мен
сойылының таңды жаңғырықтыра шырқын бұзғанын қызықтап, бұзақылықты ерлiк деп
дәрiптеп, ақкөздiктi батылдыққа жорып, тереңде жатқан түсiнiгiмiздiң паңайына
жолатпастан кейiнгi көрген көздердiң басын қатырып қойғанды мақсат тұтамыз ба?
Мына шың-шытырық, әрi ылдиы жетерлiк өмiрден сара жолды өзi тауып алсын деп
жол, өнеге көрсетпей, бiр енiмiздi iшiмiзде жасырып қаламыз ба? Бүйту әркiмнiң де
қолынан келедi. Ештеңенiң байыбына бара бермейтiндер әдетте қай жағына ауып
түсемiз деп кәуiп илеп, не де болса дәл ортасын ұстағанды жөн көредi. Сонда ол қандай
орта? Неғылған орта? Мәселенiң жай-күйiн айдан анық бiлген кiсi қай арадан төтенше
жол салу керектiгiн ешкiмнен сұрамайды. Бiр жағына ауып түсермiн-ау деп