қорықпайды. Қайта өзiнiң тың қарымын танытады. Осы дұрыс болса, бiздiң өз
заманымыз жайлы ойымызды, не бiлiп, не түйгенiмiздi кейiнгi ұрпаққа ашық
айтпағанымыздың несi жөн? Ашық айта алмау да, күмiлжу де — қорқақтық. Сол мезет
өзiң соны бiлсең неге айтпайсың деген сұрақ оны қызыл асықтан қаға бердi. Ал,
айтайын? Естi, құйма құлақ қане?
— Кәне, бала, балшық илейiк, — дедi Төребай күлiп.
Ержiгiт ақырып қалды. Өзiнiң оғаш қылығынан ұялып, қолына кетпендi ала бердi.
Бүгiн жұмысқа көп кiсi жиналған‚ әйелдер де келген. Тышқанбаев бәрiн басқарып-
тексерiп жүр. Көп болып қимылдал, қалайда күздiң қара нөсерiне дейiн төбесiн жауып,
топан сылақпен сылап алмақ. Бүгiн ауыл кiсiлерi мектептiң төбесiн жауып, сұйық лай
құйды. Бiр қабырғаны топан сылақпен сылады. Жұмыстың пiрi көтерген жұрт абыр-
сабыр, кеуiлдi, әзiл-қалжың бiр сәт толастар емес. Тек қана Пiрмақанның қабағы
ашылған жоқ. Ешкiмге ырай берместен шаруасымен айналыса бердi. Тiрi пендемен жақ
ашып сөйлеспедi. Түстен кейiн ғана мектеп жұмысына көптен көмектесiп жүрген
Балмақанға қарап күңк еттi.
— Ана түйеге қарасайшы.
— Өй, жүрген шығар, — дедi Балмақан күліп.
—Шойын жолға шығып кетер.
— Қайтер дейсiң. Көп болса...
Балмақан әкесiнiң ашуы сыртына теуiп шақшия бастаған көзiн көрiп, жым болды.
Кешке жақын жұрт үйдi-үйiне тарай бастады. Елдiң бiр қатары стансаға ат
шалдыратын жүйрiк пойызды қарсылауға барды. Пойыздан сандық сиякты бiрдеменi
көтерiп Мұздақбай түстi. Өзiнiң екi езуi екi құлағында. Боза iшкендей ыржақ-ыржақ
етедi. Ол пойыз жүрiп кеткесiн, Тышқанбаевтың будкасынын жанына келдi. Әйелдер,
бала-шаға жиылып қалды. Бәрi ерекше сандыққа ентелей, таңырқаса қарайды.
— Өй, саркөсiк, мынауың не?
— Iшiнде, немене, алтын бар ма?
— Өзiн ұстап көрейiкшi.
— Әуелi бiр ұстат, сосын... — дедi Мұздақбай қарқылдап.
— Құры, жексұрын!
— Өй, қойындар!
— Тоқтаңдар, кәзiр қызық болады, — дедi Мұздақбай. Ол антеннаны көтерiп,
батареяны iске қосып, радиоқабылдағыштың кiлтiн бұрады. Әуелi неше түрлi
кұрылдаған дыбыс естiлдi.
— Астапыралла!
— Мынау шайтан шығар?
— Оны Қыжымнан сұрау керек едi, сол бiр дерегiн бiлмесе.
Жұрт ду күлдi. Сүйткенше болмады, бiр әйел таза, ашық даусымен “Ақкербезді”
шырқап қоя бердi. Әншi одан кейiн де бiраз ән айтты. Ел аузын ашып қалған. Бәрi
будканың жанында иiн тiресiп тұр. Ән бiткенде Төребай Мұздақбайға қарап айқайлады:
— Өй, мынаны таныдың ба?
— Жоқ.
— О?! Бұл анада өзiң маңдайынан сүйген Роза ғой!
— Не дейдi?
— Иә, соның нақ өзi. Кәзiр Алматыға барып, әртiс бопты.
— Бәрiнен де бiр сүйiп сен соқтың-ау! — деп құрдас әйелдер Мұздақбайды қылжақ
қылып жатты. Кексе қатындар жағы гу-гу:
— Ойпырмай, мынау сұмдық қой!
— Iшiнен адам саңқылдап сөйлеп тұр.
— Әнi қандай жақсы.
— Мұның рәтiн Қыжым көретiн болды.