Стр. 13 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Ол кеткесiн Төребай әйелiнiң жүзiне бүгiндiкке алғаш рет тура қарап:
— Кәйтсiн байғұс, аузы күйiп қалған ғой, — дедi.
3
Күн өз қызуынан өзi жалқын тартып, көз ұшындағы көкжиекте кiлкiген буалдыр
көгiс толқынға дiрiлдей сүңгiп барады. Соңғы өрттей сәуле батыс жақтағы көк
аспанның нiлдей бiр шалқайын көрiкке сап жатқандай қан қызыл қып бояп тастаған. Үп
еткен жел жоқ. Көлеңкесi шамадан тыс ербиiп кеткен адыраспан‚ боз жусан‚ изендер
кешкi тыныштыққа ден қойып, селт етпей мүлгiп тұр. Бәрiнiң де дiңдерiн жүқа ақ шаң
басыпты. Соны өрiстен құлаған қой-ешкi мен сиырлардың сытырлаған тұяқтары дiр-дiр
еткiзiп жерге түсiредi. Әуелгiде бұрқ ете қалған ақ шаң мылтық аузынан шыққан
түтiндей қарамы жазылмастан, шоғырланып аз тұрады да, ауаға ақырындап жайыла
бастайды. Сырттай қарағанда, стансаға осы ауылдың күнделiктi сауып отырған азын-
аулақ жандығы емес, жынша бұрқыраған кұйын келе жатқандай боп көрiнедi.
Қойдың алды стансаға құлады. Қатындар қозы-лағын көгендеп, айналаны азан-қазан
қып маңыраған малына ұмтылды. Сәуинә да қой-ешкiсiн сауып жатыр.
Сәкi үстiне салынған көрпеде қызыл бет, батық мұрын, Төлес Әлмақан дуадақтай
теңкиiп, көпшiктi шынтақтап жатыр. Қасында малдасын құрып отырған шоқша
сақалды, тұйғындай Қуаңға ұзыннан ұзақ бiр әңгiменi сабақтап, айтады. Өзi
Жосалыдағы дайындау мекемесiнiң агентi боп iстегелi етке шығып, жас кезiндегi
палуан тұлғасын қайта таба бастаған екен. Жуан‚ мыртық саусақтары сонау бiлем-
бiлем көк сiңiр бұлшық еттерiнiң ар жағында тұнып жатқан зор күштiң репетiн
көрсетедi. Кеудесiмен бiрге құя салғандай гүжбан мойыны марғау қозғалады. Өзi ел
арасынан жүн-жұрқа, терi-терсек жинайды. Ержiгiт оған сүйсiне қарады. Қуаң басын
изеп қойып, емiне сұрады:
— Әрi қарай не болды?
— Әрi қарай не болды дейсiң бе? Құл бойына жиылған халық ығы-жығы. Асқа
Қызыл мен Қырды жайлап жатқан Әлiм, Шөменнiң бетке шығар бар байы тегiс келiптi.
Әуелгi күнi ат шабыс болды. Аттарды сонау Ашайдан жiбердi.
— Ойпырмай десейші!
— Күн ыссы. Әр төбенiң басына қарауыл қойылған. Содан айтып-айтпай не керек‚
түс ауа аттардың алды қара дөңнен берi құлады. Жылқыбайдың қара атын сонда
көргенiм бар. Жарықтық қазанат екен, мойнын аққуша алға созып жiберiп, артқы екi
аяғын бауырына алып, әдемi шабады екен. Ол басқалардан оқ бойы озып келедi.
Жықаңның өзi қара атты жабулап, кездiруге бiр төбенiң астына алып кеттi.
— Жықаңдар мал таниды ғой.
— Содан, ол кете берсiн. Бiр кезде бiр жiгiт: “Палуандар ортаға шықсын!” — деп
жар салды, әлiм жағынан бiр жатаған бойлы көк бақа жiгiт ортаға шығып отырды. Түрi
қораш. Сонда да Шөмен жағынан iжкiм шыға қоймады. Әлiмдер: “Бәйгiмiздi шаппай
берiңдер!” — деп қырып барады. Онда жермаларға жаңа шыққан қылшылдаған жас
кезiм. Ненi тыңдайын‚ намысым келiп, Боғанай Кәрiбайдың Нағашыбайына барып:
“Нәке, мен шықсам кәйтедi?” — дегенiм бар емес пе? Ол: “Шықсаң шыға ғой”, — дедi.
Содан қақпа шекпенiм бар едi, соны шешiп тастап, белiмдi буынып, ортаға шықтым.
Менi көрiп көкбақа жiгiт орнынан тұрды. Шаппа-шап белдесе кеттiк. Ит неме көк
насыбай атады екен, аузы сасық. Құсқым кеп, басым айналды. Сонда да сыр бермедiм.
Ол ендi бiр сәтте белiмдегi белбеудi оң қолымен екi рет бұрап алды. Өкпем қысылып,
жаным қара бақайымның ұшына кеттi. Иттiң қолы қарулы екен, әрi бұлқынсам да, берi
бұлқынсам да болар емес. Ендiгi бар ойлағаным — майып болмай тұрғанда, аман-есен
құтылу. Ол бiр-екi рет жұлқып көрiп едi, иығымды иығына тiреп алып, бел бермей
қойдым. Әлiмдер: “Iштен шал! Қабырғасын сындыр!” — деп даурығыса айқайлап