— Оны ендi өзi бiледi де. Ал, не деймiз. Нәсiп бұйырса, келермiз. Кешiктiрмей хат
жазып тұрармын, — дедi Ерқара сәл толқып.
— Амандық болсын де. Халық басына түскен iс қой, — дедi Ержiгiт.
Сол сәт қалың жұрттың төбе құйқасын шымырлатып, қос үрей көңiлiн ұйтқытып,
бәрi қорқасоқтай күткен мезеттi жақындатқандай, керней аңырап қоя бердi. Керней
екiншi рет, үшiншi рет ұза-а-ақ боздағанда елдiң әбiгерi, айқай-шуы молая түстi. Ызы-
қиқы, жылап-сықтау, аңыраған дауыс перрон басын қасiрет лебiне толтырып жiбердi.
Бағанадан берi өздерiн зорлап ұстап тұрған бозбалалар өңi бұзылып, туған-
туысқандарымен қайта-қайта қоштаса бередi. Ұмытып қалардай, бiр айтқанын қайта-
қайта айта бередi. Iнi-қарындастарын кезек-кезек құшақтап, бiрдемелердi дамылсыз
самбырлай бередi.
Ержiгiт Ерқарамен құшақтасып қоштасты. Жеңгесi ендi бағанағы именшектiгiн
ұмытып, қос қолыпен ерiнiң алақанын қыса ұстап алған. Көзiнде бiр түйiр жас жоқ.
Дiнiне берiк келiншек ең қиын шақта да көңiлiн сабырына жеңдiрiп, ет-бауыры елжiреп
тұрса да, босаңсығанын сездiрмей ширығып, өзiн-өзi басып тастаған. Сонда да қара
торы өңiнен толқып тұрғаны байқалады. Ерқараның жүзi сұп-сур, қаны қашып кеткен.
Мұнымен тағы да қол алысып қоштасып, қызыл вагонға қарай беттедi. Ержiгiт ағасын
жеңгесiмен бақұлдассын деп кейiндеп қалды да:
— Аман барып, сау қайт! — деп айқайлады.
Ерқара артына бұрылып, қолын көтердi. Сосын қасынан қалмай ерiп келе жатқан
әйелiн көрiп, асығыс әлдеқандай сөздердi айтты. Оны Ержiгiт ести алған жоқ. Тек
жеңгесiнiң бiрдеме деп, көзi тостағандай боп бақырая бергенiн анық көрдi. Ерiнiң
жүзiне алғаш рет тура қарап, екi иығы селкiлдеп, басының төмен түсе бастағанын аңдап
қалды.
Айнала ың-жың. Ержiгiт жапырласқан қалың елдi итермелеп, ағасына жақындады.
Ерқара әйелiне бiрдеме деп шаңқылдап сөйледi де, вагонга мiне бердi. Қызыл вагонның
үстiне жұртпен тапа-тармаса шығып, кейiн қарады. Мұны топ кiсiнiң арасынан шаққа
дегенде iздеп тауып, қолын бұлғады. Бұл да қолын көтердi.
Ел шу-шу. Әйелдер еңiреп жүр. Бәрi ендi ұялып, қымсынуды қойып, күйеулерiн
қайта-қайта құшақтап, жылай бередi. Оларды кiсiлер шаққа дегенде ажыратты. Осы
кезде жүретiн ыңғай танытып, қара паровоз ұзақ боздады. Жұрт кенет бiреу басқа
ұрғандай дүрлiге керi серпiлiп, вагоннан аулақ барып тұрысты. Ендi ел жақын келмей
анадайдан қол бұлғап, қатты дауыстап бiрдеме деп жатыр. Сол уақта қаптап кеткен
милиционерлер вагондардың алдында бiр-бiрiнiң қолтықтарынан ұстап, ұзыннан-ұзақ
сап құрып тұра қалды. Бәрi жабыла күш салып, елдi берi жiбермедi. Сол мезетте қара
паровоз тағы да ұзақ айқайлады да, составты жұлқа тартыл қалды. Вагон-вагонның
арасымен бiр-бiрiн қуалай жүгiрген салдыр-гүлдiр зор алапаттың лебiн жақындатып
әкеп, сонау соңғы жақтан бiр-ақ шықты. Дөңгелектерге жан бiткендей, жәйiмен айнала
бастады. Қара паровоз тағы да жұлқа тартты. Ендi дөңгелектер ерiншек марғау
қалпынан арылып, бiрте-бiрте жылдам айнала жөнелдi. Сәлден соң тiпте жылдам
айналып, бiртұтас зырылдаған диiрмен сынды боп көрiндi. Ержiгiт улап-шулаған
топпен бiрге жүгiре бердi. Қолын жоғары көтерiп бұлғай бердi. Әуелгiде анық көрiнген
Ерқараның жүзi сәлден соң топ кiсiнiң арасына сiңiп, жоғалып кеттi. Состав ұзаған
сайын соғысқа аттанған жауынгерлердiң түр-тұлғасы өзара ұласа бiрiгiп, тұтас
жұдырықтай боп көрiндi. Сол жұдырық ұзап, ұзап, ұза-а-ап барып, кiшкене
түйiншектей көзден үзiле бастады. Бiр қырдан асқасын, состав көрiнбей кеттi.
Ержiгiт ерiксiз тоқтады. Одан әрi жүгiре берудің пайдасыздығын сездi. Пойыз ұзаған
сайын жанынан бiр кесек ет кесiлiп алынғандай, ең бiр жақын дүниенiң өзiнен араға
шақырымдарды салып, бiрте-бiрте алыстап бара жатқанын айқын аңғарды. Ол алыстай
түскен сайын ағасы жанына жақын тарта түстi. Осы екіұдай қимас сезiм арпалысып,
көзiне бiр-екi түйiр жас мөлдiреп шыға келдi. Сол сәтте ту сыртынан бiр әйел еңiреп
жiбердi. Жалт қараса, жеңгесi. Ержiгiт өз-өзiнен қысылып, көзiн сүртiп, жеңгесiн