Стр. 123 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

жұбатты. Ол тиылғасын, керi жүрдi. Жұрт үнсiз. Бәрi салы суға кетiп, салбырап, қайтып
келедi. Ержiгiт олардың жүздерiне бiр-бiр қарап өтiп, қиямет қайым шақта ел тiлегiнiң
қалайша қабысып кеткенiне қайран қалды. Шамасы, тарихтың бел омыртқасы күдiрейiп
шығып кетер тұста ел осылайша жұмыла қайрат ететiн болар деп ойлады. Үйтпесе кеше
Шыңғыс хан мен Ақсақ Темiрдiң, басқа да басқыншылардың зорлық-зомбылығына
төтеп бере алар ма едi. Сол сәт қоңырқай дәндерiн сағым жалаған қашаннан көнбiс,
момақан далаға көзi түстi. Осы Сыр бойы не көрмедi, дедi iшiнен. Мына жапанды
қандай жиһангерлердiң тұлпарларының тұяғы таптамады. Бұл өңiрге қандай қара нөсер
құйып жаумады. Мынау да соның бiрi ғой, әлi-ақ күркiреп өте шығар. Тек халық,
азамат, мына дала аман болсын де. Ержiгiт кеудесiнде бiр әлсiз от жылтырай жанып,
боз далаға алғаш рет көргендей мейiрлене қарады.
10
Iзеттiң қашып жүргенiне бiраз боп қалды. Күндiз Көкмешiттiң кiсi қараның көзi түсе
қоймайтын қалқалау жерiнде жатып алады да, түнемелiкте жан аяғы басылғасын үйiне
барады. Таң қылаң бергенше ұйқысына қарауыл қойып жатады. Сәл сытыр еткен
дыбыстан шошып оянып, мылтығын қолына ұстай, атып түрегеледi. Соңғы кездерi
Күлдiрдiң қабағынан шаршаған райды аңдап жүр. Қайтсiн байғұс, жаңа ғана көзiм
ашылды ма дегенде, соғыс басталып, мәйекше ұйып отырған отбасына лаң салды да
кеттi. Тағдырына өкпесi қара қазандай. Iзеттiң шақыру қағаз алған күнi-ақ бiртiндеп
тамшылап жиналған ренiшi сәуiрдегi көбесi сөгiлгей мұздай бiр-ақ тас-талқан боп,
сыртқа шiрей лықсып шыққан едi. “Баяғыда көтерiлiске қатысамын деп, басыма дауды
iрiлетіп сатып алған жоқпын ба? Ендi тағы да от пен өрттiң ортасына түсер жайым жоқ.
Онан да келген кердi осы арада көрiп алайын”, — деп қайсар қыңырлығына басып, өз
шешiмiнiң жансақтыған iштей сезіп тұрса да, өзiн-өзi әбден иландырып тастаған
болатып. Жiгiттер майданға ендi-ендi аттанады деп жүргенде бұл Көптiлеуге барып,
таныстарыңды салып, араға түс деп өтiнген едi, басқарма жылы қабақ танытпады.
Қайта бұдан iргесiн аулақ салып, жөндеп те сөйлеспедi. Оған Iзеттiң жыны келдi.
“Саған ерегiскенде ме, сол соғысыңа бармағаным”, — деп қатал шешiмге кеп, сыртқа
шыққан. Содан берi қашып жүр. Кеше Сәдiрмақанға қара қағаз келгенiн естiп, өз
қылмысына тағы да ақтау тапқан тәрiздендi. Естуiнше, Пiрмақан қатты қайғыратын
көрiнедi. Соңғы кездерi күрт шөгiп кетiптi дейдi. Сол арада оның есiне Ранай түстi.
Баяғыда Көптiлеу жазығы жоқ баланы бұған алып қашырып едi. Оның аяғы оңбады.
Iзет кейiннен жас келiншектi көзi шалса болды, бәрiне өзiн кiнәлiдей көрiп қараптан-
қарап қысылады. Апырмай, обал жасадым-ау. Жастардың iсiне араласып нем бар едi?
Онда да осы Көптiлеу мұны қылмысқа итермеледi. Сол жолы дау ұшынбай, құдай
сақтап, алып-қашты сөз тез басылды. Одан әзер алдалап құтылдым ба, жоқ па деп
жүргенiнде, майданға баратыны бұрынғы ренiш бұлтын қалыңдатып жiбердi. Сол екен,
бiрбеткей жан нартәуекел деп, қияс қадам басқанын аңдаса да, онша парықтап
жатпастан‚ көлеңкеде қала тұруды қош көрдi. Бұрын iстемеген қылуасын iстеп, күндiз
қарайған нәрсенiң бәрiнен қорқып, алаңдал отырады; өзi паналаған қорымның iшiнен
қазып алған шұқырынан аттап шықпайды. Сөйлесетiн тiрi кiсi жоқ, күнi ұзақ iшi
пысады. Соңғы кездерi сақал-шашы өсiп, жайы болмай арып-ашып, жүдегi сала бердi.
Бұрынғы нар тұлғасы еңкiш тартып, бураның санындай бiлем-бiлем бұлшық еттерi
тарамыстана түскен; жағы суалып, iшiне қарай кiрiп кеткен. Өткенде өзiн iздеп шыққан
екi милиционерге алдырмай, құтылып шықты. Онда да Сырдан өте берiсте iзiнен
адастырып, қалың тоғайдың iшiмен жүрiп отырып, қираған Қызкүмбездiң тасасымен
осы қорымға кеп тығылған-ды. Содан берi жан-жағына қарауыл қойып, аса сақ
ұйықтайды. Ол бүгiн үйiне түн ортасы ауа келдi. Дағдылы әдетiмен Күлдiр ыстық
тамағын дайындап отыр екен. Бұл асын iшкенше, әйелi сыртта қарауыл қарап жүрдi.