— Құдай сақтасын, атамның атын айтып, маған жын көрiнiп пе?
— Бол айт, — деп оны Көптiлеу дiгерлей түстi.
Қыжым іркiлiп қалды. Басқа әйелдер бiр-бiрiн шымшыласып, қолдарымен
ауыздарын басып, күлiсiп жатыр. Ақыры Қыжым бiр қапысын тапты:
— Өзiнде бардай, өзгеде жоқтай.
— Не, не?
— Көтiбарова деп жаз, — дедi Елеусiн ыржиып.
Көптiлеу жиналыстан соң құдасының үйiне барды. Ежелден қызын алғаннан кейiн
оның ата-анасымен арнайы кәделеп шақырысқаннан кейiн жүз көрiсетiн едi. Бұл оны
осы жолы әлдеқандай iшкi есебiмен белiнен басып кеттi.
— Бұ қайсың? Сенсiң бе? Кел, төрлет, — деп оқшау қонақты көрген Пiрмақан
абдырып, орнынан қозғалақтап қойды. “Мұнысы несi, құда шақырмай-ақ келгенi ме?”
Көптiлеу төрге озды да, малдасын құрғасын, қара шалға кеуiлқос айтты. Жақында
Сәдiрмақанға қара қағаз келiп, қамкөңiл боп отыр едi. Пiрмақан босап, еңкiлдеп жылап
алды. Шәй қайнатып жүрген Үрзия да босады.
— Құда, қалай, мал-жан аман ба?— дедi басқарма сөздiң бетiн басқа жаққа аударып.
—Шүкiршiлiк.
— Бiз де аманбыз. Баяғы жұмыс. Оған қоса, Пiреке, заман деген күн санап өзгерiп
баратқан жоқ па? Қас бар, дос бар дегендей, соны ойлап, бұрынғыша кәделеп құда
шақырысып жатпай-ақ, аяқ-табақ қатыса берсiн деп өзiм келдiм. Кейiннен бәрi бола
жатады да.
Пiрмақан үндемедi. “Ә, залым, көбiрек шығынданам деп қорқып отырсың ғой.
Малың қолыңа тигесiн сүйтпей қайтесiң?” қара шалдын көптен берi Көптiлеуге қаны
қатулы. Оның “қызы қара бақ екен” деген сөзiн әлдеқашан естiп, қатты ашуланған едi.
“Онысы несi! Адам адамды жұта ма екен? Құдайдың басқа салғанына не шара бар?
Бүйдеп кiмдi қорлағаны, ау баста талақтай жабысқан өзi емес пе? Менiң қызым байын
жұтса, ендi өзiн жұтар. Қой, онан да аман-есенiнде әкеп тастасын”, — деп кәзiр де өзi
өзiне ызаланып бiраз отырды. Шал соңғы кезде баланың көз жасына қалдым-ау деп,
ырымшыл боп барады. Ол өзiн шаққа тежеп:
— Құда, бiз көп нәстенiң парқына түсiне бермеймiз ғой, бұл сонда iнiңнiң мұғайым
кеткенi ме? — дедi.
— Оны қайдам. — Көптiлеу iркiлдi.
— Жақын арада қайтар сыңайы бар ма?
— Ояғы белгiсiз.
— Сонда келiнiң оның артын босқа күтiп отыра бере ме? Бұл өзi қалай болады?
Көптiлеу былқ-сылқ етiп, шалдың жетелеген жағына баспай қойды. Сол ызасына
тиген Пiрмақан дәл осы арада айтыла қоймайтын сөзiн қалай бастап жiбергенiн бiлмей
де қалды. Әңгiменi үдете келiп, айыптап та салды.
Басқарма сұп-сұр боп, бiр сәт үнсiз қалды. Әр жерiнде бiрнеше ғана тал сақалы бар
көсе бетi сырын сыртына шашпай, ондық шамның жарығында жұмбақ дүниедей боп
көрiнедi. Сұйық қасы ортасына қарай сәл жиырыла қалған. Ол кенет бiр шидi
сындырып ап, сурет салатын кiсiше ылғал топырақты әрi-берi мақсатсыз сызғылады да,
артынша шидi лаулап жанып жатқан отқа лақтырып тастап, қара шалға бұрылды.
— Пiреке, бiр ауыз артық сөз естiдiм екен деп бүлiнгенiң не сонша? Кiсi ашу үстiнде
не демейдi. Соның бәрiн жiпке тiзе берсек, ел боламыз ба? Одан да мына ел-жұрттың
табасына қалмау жағын ойлайық та. Ол өз алдына. Ау, ата-баба жолы деген бар емес
пе? Қай заманда қатын ерiнiң жылы толмай жатып ұлықсат сұраған? Үйдейтiндей
менiң iнiм өлген жоқ қой. Әлде, Пiреке, шоқынып кеттiң бе? Шоқынсаң, оныңды ашық
айт. Болмаса жөнге кел. Азамат кеткенмен, арты құлаған жоқ. Бiрақ оның жолын
күттiрiп қояйық деп отырған бiз жоқ. Бiр хабары шыққасын, таңдауды келiннiң өзiне
саламыз. Тұрам десе, үй мынау, кетем десе, жолы анау. — Көптiлеу тоқтап, шалға
қарады. Оны ықтырып тастағанын сезiп, күлiмсiреп қойды. Өзi iштей мына әңгiменi