қарап тұрып, ол өз ұрпағына бойындағы бар жылуын аямай бөлiп берген осы бiр жанға
елжiрейтiнiн байқаған. Дөрекiленген жанының күнгейге түскен қардай бүркемiк
тартып, жiби бастағанын андаған. Қазір де баяғыда ақ сүйек ойнап жүргенде
Ақмарқаны кездестiрген сәттегiдей балаша қуанып сала бердi. Көпе-көрiнеу жасайтын
маңғаздығын ұмытып, көңiлiне жел бiткендей жүгiргiсi келдi. Өзiнiң жастық шағын
қайта есiне сап, жанын түлеткен келiншектiң жан жылуына жеткенше асықты. Сол
жылусыз бұрын қалайша тiршiлiк еткем деп өзiне-өзi таң қалды. Бiр қарағанда,
жеңгелей алған әйелiмен өткен өмiрi жау шапқан көштей берекесiз де, ажарсыз да екен.
Ешқандай қызық, қуанышы болмапты. Ендi, мiне, қу баста жiгiтшiлiк жасау ниетiмен
басталған осы байланыстың ғұмыр дәмiн сездiрiп, көңiлiне желiк бiтiрiп, бүкiл
дүниесiне тамырын тереңдете жiбергенiн андап жүр. Екеуiнiң арасында алшақтатпас
сиқырлы жiп бардай. Сол жiгіттiк үзiлердей боп керiле бастаған тұсында басқарма отқа
ұмтылған көбелекше тартылып, асығып-үсiгiп шұқырға келсе...
Келiншек күтiп тұр екен.
12
Есiк сықырлап ашыла бердi. Қараңғыда тамның түксиген бұрыш-бұрышына бей-жай
қарап, кiрпiгi iлiнбей қойған Пұсырман төсектен басын көтердi.
— Осы сен жетi қараңғы түнде қайда жүресiң, а?
— Қайдасы несi? Күлзидiң өсегiн тыңдаймын деп айналып қалғаным, — дедi де,
Алмашкүл шешiне сала көрпеге кiре бердi. Аяғы санына тиiп кетiп едi, иттiң қара
тұмсығындай мұп-мұздай екен. Пұсырман дiр ете түстi. Ойына күдiк кiрдi.
— Аяғың соншама тоңғанша...
— Далада отырып сөйлестiк. Сосын... Қойшы, сен де. Немене маған сенбейсiң бе? —
Алмашкүл батылданып, оны құшақтай алды. Күйеуiнiң көнiлiн жылытқысы келгендей
кеудесіне төсiн жабыстырып өзiне тарта түстi.
— Қойшы жабыспай.
— Сен кiлең сүйдейсiң. Баяғыда...
— Баяғыда...
Пұсырман үндемедi. Иә, баяғыда өзi қаршадайынан жетiм қалды. Өсе келе Дөсек
руының белдi бiр байының қойын бақты. Төнкерiс басталған жылы ұйымдастырылған
жұмысшы отрядына кiрiп, Аралдың ар жағында болған ақтарға қарсы шайқасқа
қатысты. Сол ұрыста жараланып, қолға түстi. Тұтқын қызыл әскерлердi ақтар Омбыға
әкеп, түрмеге қамады. Сонда көрген азабы, аштық, жаудың ұрып-соққаны кенет көз
алдынан тырнаша тiзiлiп өттi. Ақыры ол абақтыдан қашып құтылды. Содан Атасу,
Қарсақпайдың үстiн басып отырып елге арып-ашып жеттi. Келгеннен кейiн ол-пұлға
араласпай ел қатарлы тiршiлiгiн iстеп жүре бердi. Сонда... Иә, сонда. Бұл сонау аумалы-
төкпелi уақыт басталған жылы болып едi. Пұсырман сексеннен асқан әжесi екеуi
Қылышбайды жайлап отырған-ды. Қолдағы бар мал үш-төрт қой мен бiр сиыр. Соны
күндiз өрiске айдап апарып, жайып келедi. Жайып жүрiп, қоянның жымына тұзақ
құрады. Сол жылы жазға салым ел iш жаққа ауа бастады. Ұры-қары баршылық.
Солардан сақтанып Пұсырман түнiмен көз iлмейдi. Бiр күнi елең-алаңда сыртқа шықса,
таяқ тастамдай жердегi көне төртқұлақтың iшiнен ыңырсыған дыбыс шыққан
сияктанды. Бұл құлағын тiктi. Ыңырсыған дыбыс тағы да шықты. “Немене екен?” —
деген ол қорқа-қорқа төртқұлаққа келдi. Жақындап, iшiне қараса, он алты-он
жетiлердегi бiр қыз шалқасынан жатыр. Бетiнде бiр түйiр қан жоқ. Анда-санда ақырын
ыңырсиды. Пұсырман тез есiн жиып, төртқұлақтың iшiне кiрдi де, қызды көтерiп үйiне
әкелдi. Науқастан әбден қалжыраса керек, тұла бойы былқ-сылқ. Көптi көрген әжесi
жылап жүрiп, әуелi оның аузына су тамызды. Дақыл-дақыл аз-аздап тамақ бердi. Бiр
айдан кейiн қыз есiн жиып, адам қалпына келе бастады. Есiн жиғасын, басынан кешкен