Сегiзов бюро мүшелерiне жағалай қарады:
— Кәне, кiмнiң қандай ұсынысы бар? Бюро мүшелерi суырылып шықпай, бастарын
тұқырайтып отыра бердi.
— Басқа ұсыныс жоқ па?
Ешкiм үндемедi. Сегiзов орнынан тұрып, күн жеген сүйектей қуарған Шүренге қарап
қолын созды:
— Басқа ұсыныс болмаса, онда, қане партбилеттi әкелiңiз!
Шүрен онан сайын қуарып, безгек буғандай қалтыраған саусағымен кителiнiң тұс
қалтасының iлгегiн әзер дегенде ағытты. Әр жағынан қызыл кiтапшаны жартылай
шығарып, не берi ала алмай, не орнына сала алмай қара терi шықты. Сасқанынан бiресе
Сегiзовке, бiресе бюро мүшелерiне жалтақтап қарай бердi.
Сегiзов оны дiгерлей түстi:
— Кәне, билеттi әкелiңiз!
— Әбеке, ке-ешiрiңiз,— дедi Шүрен тамағына тас тұрып қалғандай тiлi күрметiлiп.
— Кәне, болыңдыз!
— Менiң бiр ұсынысым бар, — дедi осы кезде бiр бюро мүшесi. Ол жаңа ғана өзiне
көп нәрсенi аңғарта тесiле қараған екi көздi көрiп қалып едi.
— Кәне, айтыңыз.
Бюро мүшесi орнынан тұра сала тайпала жөнелдi.
— Жолдастар, Шүрен көптен берi адал қызмет етiп келе жатқан коммунист. Ол
сонау колхоздасу жылдары алғаш рет колхозға белсендi мүше боп кiрiп, жаңғыз
сиырын қораға айдап әкеп тастаған. Сол жылы партия қатарына өткен. Бұл, бiздiңше,
тек қана Кеңес өкiметiн жақсы көретiн саналы азаматтың iстейтiн iсi. Содан кейiн көп
жыл бойы “Майдакөл” колхозында партия ұясының хатшысы боп қызмет атқарды.
Алған не сөгiсi, не ескертуi жоқ. Қайта қарапайым колхозшылардың таптық сана-
сезiмiн оятып, олардың партия қатарына өтуіне көп жәрдем еттi. Және де шаруашылық
жағына жан аямай көмектестi. Ол жылдары колхоз мемлекетке астықты мол сатты, мал
басын тегiс аман сақтады. Бұнда, сөз жоқ, Шүрен жолдастың зор үлесi бар. Ендi сондай
коммунист жолдасымыз мықтап, иә, мықтап кәтелескен екен. Оның тағдырын ендi бiз
шешкелi отырған жағдайда Шүреннiң бұрынғы сiңiрген енбегiн ескерусiз қалдыруға
болмайды ғой деп ойлаймын. Әрине, мен оны ақтағалы тұрған жоқпын. Сөз жоқ, ол
мықтап кәтелестi. Коммунистке лайықсыз iс iстедi. Бiрақ жаңылыспайтын жақ,
сүрiнбейтiн тұяқ жоқ деген бар емес пе, Шүрен жолдас та осы арада оңбай сүрiнiптi.
Өзi сонысына қатты өкiнiп отыр. Мұндай әрескел, ұят, ауыр қылмысын екiншiгәрi
қайталамас үшiн қатаң ескертiп, Шүренге қатаң сөгiс берiлсе деймiн. — Бюро мүшесi
демiн бiр-ақ алып, орнына жайғасты.
Басқа бюро мүшелерi кенет жан бiткендей бастарын шұлғысып қап, дабырласа
бастады:
—Шынында да, көп жұмыс атқарған екен.
— Мiне, жөн сөз.
— Еңбегiн ескерсек...
— Партиядан шығару артықтау ма, қалай?
— Қатаң сөгiс те жетедi ғой.
— Бюро мүшелерi солай деп жатса, мен ұсынысымды қайтып алдым. Шынында да
оны партиядан шығару артықтау ма, қалай? — дедi бағанағы уәкiл жан-жағына
жалтақтап.
Сегiзов қабағын шытты.
— Мұндай әр түрлi ұсыныс түсiп жатса, дауысқа салайық.
Бюро мүшелерi дауыс бере бастады. Шүрен қатаң сөгiс алды.
Кезек бұларға келдi. Ұйымдастыру бөлiмiнiң менгерүшiсi кербез Жақыпов мәнерлей
сөйлеп, биыл колхоздың астықты мемлекетке көп сатқанына тоқталды да, жүгерi
мәселесiне қарай ойысты: