— Сонымен, жолдастар, колхоз астық сату жоспарын орындап шықты деп жаңа
айттым. Егер қолдағы мүмкiндiктi барынша пайдаланғанда, Отан қамбасына астықты
бұдан да көп құюға болатын едi. Өкiнiшке орай, олай ете алмадық. Оның себебi мынау:
биыл колхоз бiраз гектар жүгерi ектi. Жүгерi өте бiтiк шықты. Бiрақ, жолдастар, жыл
басынан өзiне тапсырылған жүгерiнi дер кезiнде жинап алуға “Бiрлiкке” партия
ұясының хатшысы Мырзағұлов Пұсырман жолдас белсендiлiкпен кiрiскен жоқ. Оның
жанды шара қолданбауы нәтижесiнде егiннiң жарым жартысы ысырапқа ұшырады.
Майданға астық жетпей жатқанда қыруар дән шашылып далада қалды. Бұл, бiздiңше,
барып тұрған зиянкестiк. Бұл нағыз қоммунистiң iсi емес. Менiң ұсынысым, осындай
жат әрекет жасаған Мырзағұлов Пұсырман жолдас қатаң жазалансын.
— Тағы кiм сөйлейдi? — дедi Сегiзов.
Бюро мүшелерi Пұсырманға бiр-бiр көз тастады да, еркiн сөйлесе бастады:
— Мынау нағыз зиянкестiк қой!
— Қаншама астық!
— Бұл қоммунистке жат қылық.
— Сұрақ беруге бола ма? — дедi бiр бюро мүшесi.
— Сұраңыз.
— Сонда осыншама астықты ысырап қылуға душар еткен не жағдай екен бұл?
— Оны Мырзағұлов жолдастың өзi айтсын, — дедi Жақыпов мысқылдап.
“Қалай, қалай сылдыратып сөйлейдi, ә?” — деген Пұсырман жұрт назарының өзiне
ауғанын байқап, орнынан тұрды. Дiрiлдеген бойын жиып, өзiн-өзi шаққа дегенде билеп
алды да, тамағын бiр-екi рет кенеп, қарлыға сөйледi:
— Жолдастар, — дедi. Даусы сәл қалтырап кеттi. — Жаңа айтып жатыр... Бәрi рас.
Биыл жүгерi бiтiк шықты. Бiрақ ауып келген шошқалар жүгерiнi жинап алам дегенше
жеп те болды. Оларды қолдағы не бары екi мылтықпен қайтып қырып үлгересiң?
—Шошқа-а-лар?
— Сөз болғаныңа!
— Рас, бiз аянып қалған жоқпыз, — дедi Пұсырман абдырап.
— Сонда не iстедiң? — дедi жылтыр қара қалқан құлақ бiреу алтын тiсiн көрсете
ыржиып.
— Темiр жол бойының әйелдерiн көмекке жаптық.
— Бәрекелде!
— Бұл дәлел емес.
— Мынау нағыз жайбасарлық қой!
— Кәне, кiмнiң қандай ұсынысы бар? — дедi Сегiзов.
— Менiңше, Мырзағұлов партия қатарынан шығарылып, iсi сотқа тапсырылсын, —
дедi Жақыпов.
— Сол дұрыс.
— Мынау барып тұрған зиянкестiк қой!
—Шошқаға әлi келмедi деген не сұмдық?!
— Менiң бiр ауыз сөзiм бар, лұқсат па? — дедi Теңiзбаев Жұбаныш Сегiзовке қарап.
— Сөйлеңiз.
— Жолдастар, — дедi Жұбаныш орнынан тұрып, — Мырзағұлов Пұсырман
жолдасты бәрiмiз де жақсы бiлемiз. Жаңа Шүреннiң еңбегiн айтып жатырмыз, сонда
Пұсырман жолдастың сiңiрген еңбегi өзгелерден кем бе? Бiздiң көбiмiз партия
қатарында жоқ кезiмiзде бұл кiсi қоммунист болған. Аралдың ар жағындағы соғысқа
қатысқан. Содан берi бәрiмiзбен тiзе қоса қызмет етiп келедi. Ендi бүгiнгi күнi олқылық
жасады деп қарт қоммунистi партиядан шығарғанымыз дұрыс па? Егер жағдайға үңiле
қарасақ, қаптаған қабанға не iстеуге болады? Соған қарамастан, Мырзағұлов жолдас
көмекке әйелдердi жұмылдырыпты. Егер үйтпегенде, жүгерiден түк те қалмайтын едi.
Мiне, соны неге ескермеске? Менiңше, мәселенi бұлай атүстi шешуге болмайды,
жолдастар.