— Ұсынысыңыз, — дедi хатшы.
— Менiнше, Мырзағұлов жолдастың бұрынғы еткен зор енбегiн ескерiп, ескерту
беру керек.
Жұрт самсоз. Кiсiлер су сепкендей басылып, алдарындағы қағаздарына қарап отыр.
Кейбiрi бiр-бiрiмен ақырын сыбырласып жатыр. Жұбанышты Сегiзовтың сыйлайтынын
бiлетiн Көптiлеу де қобалжыды: “Қап, ертерек айтпаған екенмiн!”
— Кәне, кiм сөйлейдi!
Бюро мүшелерi шешiле алмай, бiр-бiрiне қарады.
— Жолдастар, болыңыздар, уақыт аз.
— Жәкең солай деп жатса, — деп бiреу сөзiнiң аяғын жұтып тоқтады.
— Иә, Жәкең...
— Сөгiс дұрыстау ма, қалай?!
— Ескерту де...
— Жоқ, жолдастар, оны партия қатарынан шығару керек, — дедi Жақыпов.
— Сiз сәл тоқтай тұрыңыз. — Сегiзов қабағын шытты. — Онда дауысқа салайық.
Көпшiлiк дауыспен Пұсырманға ескерту берiлдi. Бюро мәжiлiсi тарқағаннан кейiн
Көптiлеу өкiнiп тұрса да, Пұсырманның жанына келiп:
— Мынау бiр абырой болды-ау, — деп ыржиды.
— Әйтеуiр...
— Жәкең ара түспегенде...
— Айтпа. Жәкең бiр әдiл кiсi ғой
— Оған не сөз бар? — Көптiлеу iркiлдi. — Өзiңе де сол керек. Биыл жугерi егейiк
деп бастама көтерiп, бүкiл ауданды шулатттың. Соның ақыры мынау. Ендi тиыш
жүретiндей болған шығарсың.
— Тиыш.
— Иә, тиыш жүргенге не жетсiн.
Пұсырман тiс жарған жоқ.
13
Сары ала етек күздiң соңы тез қылшылдаған қысқа барып ұласатынын қараша
болғасын-ақ айқын біліне бастады. Түнiмен түскен мол қырау күн санап қызуы азайып
бара жатқан күнге бел берместен тал түске дейiн мұрты шағылмастан төсек боп жатады
да қояды. Соңғы кездерi ауа райы шұғыл суытты. Терiскейден бетi аумай тұрып ап,
бiрнеше күн қатарынан соққан ызғар онсыз да құты қашқан тiрлiктi жүдете түседi.
Бала-шаға бүрсеңдеп, сыртқа шығып, бағыз тауып ойнай алмай, үйге тығыла бередi.
Осы қысталаң шақта соғыс та өз әбiгерiн ала келдi. Қара жамылған үйлерлiң саны күн
санап көбейiп барады. Ел күйзелдi. Жау болса алғашқы қарқынынан таймастан
Мәскеуге жақындап қалды. Ендi не болар екен деп ел құлағын жел жаққа түрiп,
елеңдейді де отырады. Ранай да кеш болса, радионың қасынан шықпайды. Тек соңғы
кездерi Сәдiрмақанның хабары жеткен соң, ештеңеге зауқы соқпай, көңiлсiз жүр.
Қанша жек көрсе де, бiр жатырдан шыққан туған ағасын қимайды. Оның шиеттей бала-
шағасын аяйды. Сүйтiп жүргенде бiр күнi түн iшiнде қорадан шығып келе жатып, дәл
есiктiң қыр көзiнен өте берген Iзеттiң нар тұлғасын танып қап, зәресi ұша шыңғырып
жiбердi. Iшi бiр түрлi селт еткендей болды. Көңiлi қобалжып, көпке дейiн басылмай
қойды. Ол дiр-дiр еткен бойын әзер жиып, тал шарбақтан қолымен қармай ұстап, үйiне
шаққа жеттi. Түнiмен қайта-қайта шошып ояна бердi. Таң алакеуiмде қараса, бiр түрлi
iшi босап қалғандай екен, ол сөйтiп түсiк тастап кеттi. Ертеңiнде бiр түрлi ұялып, ел
көзiне көрiне алмады. Осылайша екi-үш ай өттi. Әлібек терезенi қағуын қоймады. Жас
тәннiң оспадарсыз тiлегiне берiлген келiншек ендi жеңсiк асын қомағайлана жұтты.
Ақыры ол осы әңгiменiң ел iшiне әлдекашан тарап кеткенiн көп кiсiнiң өзiне