мысқылдай қарайтынынан андады. Мұны қайнағасы да бiлетiн сияқты. Ашылып
сөйлеспейдi. Кейiнгi күндерi оның ұнжырғасы мүлдем түсiп кеттi. Қабағын бiр
ашпайды. Жанын қинаған қандай ой екенiн тiрi пендеге тiс жарып айтпайды. Ақыры ол
бүгiн жарылды. Азанғы шәй үстiнде алыстан орағыта сөз бастап, тұмшалап тастаған
түпкi ниетiн танытпастан‚ ойда-жоқта тiрi жесiр боп қалған келiнiне рұқсат беретiнiн
майдалап жеткiздi. Одан әрi мұның келiсiмiн сұрап жатпай, елпiлдеген бiр-екi кiсiнi
шақырып ап, қысқа-қысқа бұйрық бердi.
Ранай басына түскен тосын халге көнiп алды. Сазарған қалпы шанаға кеп мiндi.
Соны күтiп тұрғандай, салған жерден салдырта жөнелген ат шана ауылдан ұзап
шыққанша аз кiдiрсе, бiреу ұстап қалатындай атқан оқша заулады да отырды. Алдан
кiсi бетiне инедей қадалар салқын жел соқты. Оған қыңар аттар жоқ, сауырлары
төңкерiлген қазандай боп, күн қызуымен былжырай бастаған лайсаң аралас жас қарды
болат тұяқтарымен шеңгелдеп ойып алып, керi қарай кезектесе шылпылдатып
лақтырып келедi. Сарғыш тамшылар шананың жақтауына шашырай түсiп жатыр. Бiрде
соның бiрi Ранайдың бетiне кеп тидi. Дел-сал отырған келiншек селк етiп, қолымен
бетiн сүрттi де, ашылып кеткен өңiрiн қымтай жапты. Тiзесi мұздай бастағасын, етегi
далақтаған ұзын қара тонды өзiне қарай тарта бердi де, Қалампырдың жайнаңдаған жүзi
көз алдына кеп, тiтiркенiп кеттi. Соңғы кездерi Қалампырдың күйеуiнiң жас келiнiне
ықыласы ауып кете ме деп қауiп илеп жүргенi айқын аңғарыла бастаған едi. Қит етсе,
қабақ шытып, мұны жақтырмай қап отырды. Әр iсiнен iлiк тауып, көсемсiнiп, жөн-жоба
сiлтеген боп, әлi де мұның шикiлiгiн танытқысы келгендей, даусын көтерiп жатады.
Бүгiн Көптiлеудiң сөзiн естiгенде, ол жымыраңдап, iшiн тiрей кернеген қуаныштың
сыртқа тепкен табын көлденең көзден жасыра алмай, жайнаңдап сала бердi. Мұның ол-
пұлын шанаға өзi апарып салысты. Ата жауынан құтылғандай жүзi кiрiп, Дәуiтке:
“Барғасын қара тонды ұмытпай алып қайт”, — деп қайта-қайта тапсырып жатты. Ранай
биiк қабағын түйiп ала қойды. Олармен қоштаспастан, ауылдан ұзап шыға бердi. Ендi,
мiне, шайқалақтаған шана үстiнде ыңғайланып отырып, алдыңғы жақтағы Дәуiттiң
күдiрейген мойнына қарады. Одан мол тiгiлген iшiгiне көзi түстi. Өзi мығым. Әшейiнде
самбырлап сөйлей беретiн кiсi ауылдан ұзап шықса да, әлi жұмған аузын ашқан жоқ.
Бiр рет арт жағына бұрылып та қарамады. Әлде қолайсыз шаруамен келе жатқаны есiне
түсе ме, кiм бiлiптi. Әйтеуiр, Ранай осы халiнiң онша ұзаққа созылмасын, күндердiң
күнiнде шиеленiскен түйiннiң шешiлерiн сезген едi. Сондықтан да бағана Көптiлеудiң
кесiмiне онша таң қалмады. Сол отбасында қалдыра гөр деп жалынып-жалбарынбады
да. Қиюы қашқай iстiң қанша бетiн жөндеймiн дегенмен болмайтынына баяғыда-ақ көзi
жеткен едi. Ендi неге де болса қайыл түрмен алдында күтiп тұрған жанын жегiдей жер
сасық сөздерге, әңгiме-қауғаға мойынсұнған түр танытып, бiр сәтке өзiн-өзi қатал
тежеп ұстай алды. Осы арада бiреудi айыптап салғаннан ештеңе өнбесін бiлдi. Ол
сұрланған күйi жол жиегiнде тiзбектеле қалып бара жатқан қара жусандарға енжар көз
салып отыра бердi. Тек туып-өскен ыстық ауылының водокачкасының мойны сорайып
көрiнгенде, көңiлi ерiксiз сөгiлiп, су шылаған шекердей босап, ерiп бара жатты. Көзiнен
сорғалаған жас өңiрiне қат-қат тамды. Осы өлкеде өткен балғын шағы есiне түскенде,
мүлдем босап, екi иығы селкiлдей жөнелдi. Қордаланып жиналған бар өкiнiш, бар ыза
бiр демде көкiрегiн қарс айырып, сыртына жалын атып шықты. Одан әрi өзiне ие бола
алмай, Ранай ұзақ өксiдi. Не iстеп, не қойып отырғанын бiлмейдi. Қолы шананың
жақтауынан шығып кетiп, шайқалақтаған сайын қосыла теңселiп, былқ-сылқ етiп
келедi. Бiрде пар ат жұлға тартып қалғанда, келiншек жерге құлап түсе жаздады. Сол
екен, селк етiп, бойын жинап ала қойды. Iзiнше қалтасынан қол орамалын алып, ыстық
жас шайған көзiн сүрте бере әлденеге кiлт тоқтады. Есiне осыдан көп бұрын
Қазалыдағы туысқандарына қыдырыстап барғанда, қан бұзардағы жаймадан төрт
бұрышты ақ жiбек орамалды көрiп, айналшық жегендей сол маңнан шықпай қойғаны
түстi. Жеңгесiнiң сырт көзден қымсынып, жеңiнен әлсiн-әлсiн тартқылағанымен де iсi
болған жоқ. Кеудесiн толтырып жiберген ықылас, қуанышын жасыра алмай, жеңгесiне