Стр. 133 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

бiр-екi рет жадырай қарап, әлгi орамалдың екеуiн сатып алған едi. Ауылға келгесiн,
бiреуiн қызыл жiппен шiлтерлеп тоқып, Ержiгiтке берген болатын. Екiншiсiн сол
ықыласының сыңарындай көрiп, аюдың өтiнше қастерлеп сақтап жүретiн. Кеше тағдыр
айырып кеткен шақта да осы орамалды әлденеге бөгде кiсiлерден жасырып, жан
адамның қолын тигiзбей, кiр шалдырмай күттi. Ержiгiт те сүйтiп жүр ме екен? Әлде бiр
күйiнгенiнде мұның жиегiн шiлтерлеп көмкере тоқыған ақ жiбек орамалын әлуеттi
уысында сындырып жiберердей боп умаждап, көзiне күйiк етпейiн деп, көңiлден таса
жатар аулаққа лақтырып жiбердi ме екен? Шамасы, сүйткен шығар. Жоқ, әлде... Бiрақ
күйiнген жан не iстемейдi? Бағана бұл да күйiнгенде бiр сәт басы ауған жағына қарай
лағып жүре бергiсi келген. Тек Қызкүмбездiң өр тұлғасы көз алдында асқақтай тұрып
ап, ондай ессiз қадамнан сақтап қалған. Бiрақ Жамал сұлудың мұның миы жете бермес
ересен қимылы кеулiнiң ең бiр ұрымтал тұсын шымшып, бiр бүйiрiнде баяғыда
Ертiлеутен айрылған күнi-ақ тамшылап жиналып терең көлге айналған оқшау ойының
қолтығына су бүркiп, әлге дейiн мазалап келедi...
Шана арлаған бетiмен әкесiнiң қорасының қасына кеп бiр-ақ тоқтады. Түсi бөтен
жолаушыларды терезеден көзi шалып қалған Нұрсұлу масаты шапанын үстiне желбегей
жамыла сала сыртқа шықты. Қызын көрiп, там ыстығын ұялатқан бетiндегi қызыл
шырай бiреу ұстараны жүргiзiп өткендей, ақшыл iзiн анық қалдырып, қуқыл тарта
бердi де, iзiнше тұтас жүзiне торлай шапты, шауып болғасын мына жағдайдың парқын
жаңа түсiнгендей шошынған сұп-сұр рең әлгi қуқыл жүздi ысыра қуып бара жатты.
Нұрсұлу лезде қара күреңiтiп кеттi.
— Ау, бұ не? Дәуiт-ау, жөнiңдi айтсайшы!
Дәуiт үндемей түйiншектi қолына ұстап, шанадан түсе бердi. Ранай да түстi, суық
қапқандай дiр-дiр еткен тұла бойына ие бола алмай, буындары кiлт-кiлт етiп iлгерi бiр-
екi аттады. Бiр мезет шешесiн көргенде алпыс екi тамырын жылыта жөнелген босаңсы
сезiмге ерiк берiп, ақтарыла жөнелгiсi келдi де, Нұрсұлудың адам жылуының болмашы
да iзi жоқ сұп-сұр түрiн көзi шалып, есалаң бала қойнына құрбақа салып жiбергендей
өне бойы түршiгiп, демде өзiн-өзi ұстай алды. Бiр сәт бетiне тепкен жылы ажар суға
батқандай жоғалып, баяғы сұрланған кескiнiн қайта тапты. Тiл қатпастан аяғын ширақ
басып iшке кiре бердi. Есiктi аңқайта ашып тұрып басқа ұрғандай қалт тоқтай қалды да,
екi иығын басып жатқан қазақы мол тiгiлген қара тонды жақтау ағаштары арлан
тазының сүйектерiндей арбиған шанаға лақтырып жiбердi. Ентiге кеуде кере дем алды.
Iшке кiргесiн бұларды көрiп, басын көтерген әкесiне тiктеп қарамады. Пiрмақанның
даусы саңқ еттi:
— Өй, бұл кiмдi қорлағаны, а? Өзi қайда, а?
— Қайда болсын, атқа мiнiп жүр, — деп Дәуiт түйiншектi жерге қойды да, бұл үйден
жарытып ас iшпесiн бiлiп, күңкiлдеп жүрiп сыртқа шықты.
Ранай үн-түнсiз. Әлгi шұбар бетпен бiрге қыдыр қонған осы отбасына түнеген
береке де бiрге iлесiп бара жатқандай көрiнiп кеттi. Сырттағы дыбысқа құлақ түрiп
отыра бердi. Дәуiттiң аттарға жекiргенi, шана табанының сары табан қарды жанын
көзiне көрсетiп сықырлағаны, шыбыртқының шарт ете қалғаны, таяқ жеп запы боп
қалған аттардың оты қозған тұяқтарымен қара жердiң тәнiне жара сала дүсiрлей
жөнелгенi анық естiлдi. Сол сырыл, сол дүрсiл бағы таймаған шаңырақтың
уықтарындай мығым шаншылған берекенi қышырлата сындырып, ошақтай тұяқтармен
әдiрә қалған ырыстың қалған-құтқанын қара шалдың бетiне жентектеп лақтырып,
бiрте-бiрте ұзай бердi, ұза-а-ай бердi, ұзай түсiп, бiрте-бiрте қашықтай бердi, қашықта-
а-ай бердi, қашықтай берiп, бiр-ақ өзiлдi. Ранай уһ деп демiн бiр-ақ алды. Көне
қорымдай жым-жырт үй iшiндегi тыныштықты бұзған осы көрiнiске Пiрмақан да,
Нұрсұлу да селк ете түстi. Сол екен Үрзия даусын көтерiп:
— Басқарманың бұнысы несi? Сол ауылда еркек кiндiк құрып қалғандай, — дедi.
Пiрмақан жүзiн алдырған жоқ. Сол жынына тигендей, Үрзия арық қолымен киiздiң
шаңын бұрқ еткiздi.