Стр. 134 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Ата, өзiң батпасаң, маған рұқсат ет. Ол басқарманың ит терiсiн басына қаптап, от
басына ойран салып келем!
Қара шал келiнiнiң ашуын iрiккiсi бардай, қолын әнтек көтере берiп, сiлтей салды:
— Қой, одан палау пiспейдi. Аңысын аңдайық.
— Мұның аңысын аңдайтын несi қалды?
— Ойбай-ау, қу шұнақ құдай, елге ендi не бетiмдi айтам?! — деп сол арада тығылып
отырған Нұрсұлу бiр-ақ жарылып, дауыс салып қоя берді. Оған Үрзия қосылды. Тиыш
тұрған үй iшi әп-сәтте азан-қазан болды да кеттi.
Қара шал орнынан қалт-қалт етiп, атып түрегелдi. Басындағы сәлдесi жерге ұшып
түстi. Пiрмақан оған қараған жоқ. Күпшек санды емен ағаштың бұдыр-бұдыр дiңiндей
добалдай қолы төтеннен құйылған алапат ашу селiн жасыра алмай дiр-дiр етiп,
дағдылы орнына қарай созыла бердi. Суға созылған әлектiң мойнынша ұмсынып
барып, барып мыртық саусағының ұшы жетi атасынан бермен қарай осы отбасының
айбары мен берекетiн уысынан шығармай сақтап келе жатқан төрт өрмелi тобылғы
сапты қамшының бүлдiргесiне тидi. Қамшы дiр еттi. Әлгi қақарлы қол жылан жондап
күмiс жүргiзген күрең қызыл саптың бойымен арасына көз қалдыра шырмауынша
оралған тiлдей таспаның әрбiр бедерiн сыпай отырып, әлдеқашан сүйегi шiрiп қалған
арғы ата-бабасы, өз әкесi мығым ұстаған ақ сирақ тартып қалған балдаққа барып
тоқтады. Сол екен, қақарлы қол шалт қимылдап, iлулi тұрған қамшыны жұлып алды.
Дереу қара шал жындана ұмтылып, Нұрсұлуды бортылдата жөнелдi. Аңдаусызда
қамшы бiр рет келiнiне де тидi. Үрзия бақырып жiбердi. Ойбанын салып, үйден шыға
қашты. Нұрсұлуда үн жоқ. Өлiп кетуге қайыл. Қолы төмен сылқ түскен. Қамшы
ысқырып жатыр. Паровоздың шатунынша лып-лып етедi. Таяқ тиген сайын кемпiр дiр
ете қалады. Қара шал жындана түскен. Қолы шолтаң-шолтаң етедi. Қамшы соны
құптағандай тез-тез басын изедi. Әйел ақыры шыдамады. Қан толған көзi шарасынан
шыға тура қарады. Шапыраштанған жанары бiрте-бiрте бар зәрiн сыртына атып, оқтай
қадала тесiлдi. Алғаш рет өзiне әйелiнiң тiктеле қарағанын көрiп, қара шал сығымдай
ұстаған қамшысын жоғары көтере бердi де, сең соққандай ауада бiр сәт қалықтата
тұрып қалды. Тұрып, тұры-ы-ып, тұ-ры-ы-ы-ып, дiр-дiр еткен қолы қамшының ендiгi
бар қақары мына тостағандай тесiрейген екi көздiң атойлай бастаған өшпендiлiкке толы
ашу-ызасына төтеп бере алмағандай бетiн басып, көре көзге жығылып бара жатты.
Соған демiн iшiне тартып, зәресi ұша қараған Ранайдың басы да серiппесi босағандай
бiртiндеп төмендей бердi, төмендей бердi, төмендеп келiп, қара шалдың оң жағына
тiлiн суырып алған жыландай былқ-сылқ етiп түскен қамшыға айран-асыр қарап қалды.
Пiрмақан ауырлау қозғалып, төрге барып буын-буыны сең бұзылып жатқандай
күтiрлеп, малдас құрды, қамшыны екi бүктеп, тақымының астына басты. Тағы
жылайтын қайсың барсың дегендей, жан-жағына күшiгенше қатал қарап қойды,
Нұрсұлу орнынан тұрып, қан аққан бетiн жуды. Жаулығып дұрыстап тартты. Шалына
қарауға қаймығып, қазан жақта жүрiп күңкiлдедi:
— Баста жоламай-ақ қояйық деп ем, соған болдың ба?
— Өй, үшiр үнiңдi!
— Өшiрмейiм, ал кәйтесiң? Сақал-шашың ағарғанша қамшы ала жүгiруге ұялсайшы.
Күшiң тасып баратса, ана Көптiлеудi саба! Ұры итше жылмаң-жылмаң етiп қызыңды
алып, ақыры масқарасын шығарған сары шайтанды саба!
— Өй, қоясың ба, жоқ па? — Пiрмақан қамшысын ұстап, көтерiле бердi.
— Тек ұрып көр! Айтпады деме, сотқа барам!
Пiрмақан дөңайбатын алдырмаса да, аздап басылып қалды.
— Мен баламды бергенде бүйтедi деп пе ем. Оның кеулiнiң қап-қара екенiн қайдан
бiлейiн?!
— Соны бiлмесең, алжи бастадым де.
Қара шал жұмған аузын ашпай, тонын жамылып, терiс қарап жатып қалды. Содан
кешке дейiн тырп еткен жоқ.