жылтыраған қайланың өткiр жүзi қасқырдың сойдақ тiсiндей ақсия көрiнедi. Тап қазiр
ар етiп, оқша атылып, жемтiгiн алқымынан ала түсетiндей. Бiрақ әлуеттi қол сол
қасқырға ырық бергiсi келмегендей, бұлшық еттерi бiлем-бiлем боп түйлiгiп, келсаптай
күдiрейiп, қатып қалғандай қалшиып тұр. Нұрғабылдың бетiн сортаң жасы жуып
кеткен.
— Бол тез! — дедi Пұсырман дызығып.
Қайла басы тасқа соғылғандай қалтылдап кеттi. Қайтадан жоғары көтерiле берiп,
арлаған екпiнмен қабырғаға қадала түсуден қаймығып, тағы да әуеде қалықтап тұрып
қалды. Пұсырман оған жақтырмай қарады. Көзi қайладан сырғанап кеп Нұрғабылдың
жаңарына түскенде, жан шошырлық, әлем-тапырық бiр дүниенi көрiп, бауырына мұз
басқандай дiр ете түстi. Жаны доғал кiсi кiрпiгiн жыпылықтата қағып-қағып жiберiп,
қайтадан бажайлап қарады. Нұрғабылдың шыныша жылтыраған екi көзi есiрiк
буғандай ақтандақтанып, қарашығы зорайып, әлдеқандай суық сәулеге толып кеткен
екен, осы қалпы басымды кесiп алсаң да әруаққа қол көтере алмаймын деген адамның
сыңайын байқатады. Пұсырман тiксiнiп қалды. Қара тер бұрк еткен маңдайын сипады.
“Апырау, әруақта не алты аласым, бес бересiм бар”, — дедi iшiнен. Сол сәт есiне
шермиiп отырған Алмашкүл, мына жарық дүниенiң есiгiн ендi ашуға оқталған жас
нәресте түстi. Сол сәби мына дүниеге адамша жақсы өмiр сүрсем, еңбек етсем, бала
сүйсем деп келмей ме? Олар ертең өлшеулi демi таусылғанда ағайын-жұртымен
бақылдасып, өз ұрпағының алдында өткенге нысап қылып, солардан бiр уыс топырақ
бұйырсын дейдi. Осы жоралғы атадан балаға мирас болып келе жатыр. Сонда мына жер
бетiнде шiлдеде шырақ көрмеген байғұстардың Сыр даласының бiр пұшпағын
жамылып, байыз тапқан қонысын бұзса, әлгi бұйырмыс бiр уыс топырағын желге
шашқандай болмай ма? Сөйтiп адамзат баласының атам заманнан берi бұлжымай келе
жатқан заңын быт-шыт қылады ғой. Жас өмiр мен рухтың арасындағы көзге шалынбас
жiптi ожар қолмен қиып, әрескел өрекет жасамай ма? Бәрi бiр ол жiптi мәңгi үзе
алмайды. Үйту мүмкiн де емес. Ендеше сенiң мына айналаңда топылған кiсiлердiң
шiркiнi боп, көзге бiткен сүйелдей одағайлап, шыға бергенiңнiң несi мақұл? Ертең
дөрер қауым, жас ұрпақ әлденеше ғасырдан соң жаңа ой тауып, өмiр қалпын
жаңғыртып, сенiң кiндiк кескен өлкеңде егеленген екi қадым жерiңдi күйретiп жатса
қалай көрер едiң? Тiтiркенесiң. Олай болса ата мен бала арасында берiк тартылған
арқанға қылыш толғаудың қажетi жоқ. Мына Нұрғабыл да соған батпай тұр. Бүгiн-
ертең дүниеге келмек өз нәрестең де сүйтедi. Өз нәрестең! Бұрын Пұсырман
жаңғызiлiктi боп жүргесiн бе, отбасында онша мейiрленiп көрген емес: кенет өз тәнiнен
жаралған құйтымдай шарананың жылуын жiтi сезiп, қатты көңiлi босап, жiбiп бара
жатты. Тұла бойы шымырлап, бөлек мейiрiмге толып кеттi. Iш жағында түрi-түсi бөтен
сылқым күй оянғандай, домбыраның пернелерiнен сауылған саз алпыс екi тамырын
шымырлата балқытып сала бергендей. Қатал кездiң мiнезiн болмысына ерте дарытқан
жастық шағы алаңсыз қалпына көшiп, Бармастың ақ шағылының арасында науша
қызды күтiп отырғандай шалқып, жойқын сырбаз сезiм көл-көсiр боп аға жөнелдi.
Пұсырман сол әсерге берiлiп, қатты толқыды. Апырмау, дедi өзiне-өзi, осы қорымда
немiз бар? Егiн егуге басқа жер жетпей ме? Рухқа дән шашқанды кiм көрген? Анада
Қызкүмбездi қиратып, алған абыройы белгiлi. Қой, болмас.
Пұсырман қолын жоғары көтердi. Жұрт оған самсоз боп қарап қалған.
— Доғар! Ана қоңырлықты жыртамыз!
Жұрт уһ деп демiн бiр-ақ алды. Көбiнiң жүзi кiрiп сала бердi. Қайланы жерге атып
ұрған Нұрғабыл еңiреп жылап жiбердi. Мұның қолынан тас қылып ұстап, сүйiп жатыр,
жылап жатыр.
— Қарағым, алдыраз болсын. Жауынменен жер, батамен жер көгередi деген.
Батамды берейiн, — дедi Дәуіт еңкiлдеп тұрып. — Келiн қол-аяғын бауырына аман-
есен алып, арыстай бiр ұл тапсын! Әулаәкбар! — деп бетiн сипады.
— Әумин!—дегенiн Пұсырман байқамай да қалды.