— Қайдан келатсың?
— Қаладан. Жолшыбай сiздi көрiп, ниләр сәбөбләр билүн туланиб баратыр екен деп
бұрылдым.
— Мен бе? Жәй.
— Дұрыс, дұрыс. Бiрақ жасырғанмен бәрi бiзге бек мәшһүр. Кәпалысыз, утө
кәпалысыз. Мұндайда көңiлдi басатын бiр нәрсә бардәр.
— О не?
Қуантай қотанаяқтана жақындап, қиық мұртын селдiрлете кере ыржиып, құлағына
сыбырлады:
— Менiң аздаған тәңгәм бардәр.
— Иә.
— Сол бiреуге жетпей тұрдәр.
— Сосын.
— Сiзде булса, иккеуiн қосып, бiр бөтелке шарафпен кәпамызды жусақ.
— Өй, кетшi әрi! — Ержiгiт оны түйiп жiбердi. — Онан да алып бер демейсiң бе?
— Ләппай. — Қуантай оң қолын кеудесiне қойып, басын идi.
Бiр бөтелке ақ арақты бөлiп iшкесiн, олар дүкеннiң ықтау жағына келiп тұрып темекi
шектi. Қуантай көк насыбай атты.
— Сенiң мұның не шалдар құсап?
— Оның мәнi бар. Ал жаңағы кәпалығыңыздың сырын айтсаңыз.
— Өй, нағыласың? Саған оның керегi қанша?
— Ешқандай да. Дегенмен өсек жерде жатпайды. Сiздi ана қайтып келген қатынмен
ашына деп... — Ол көзiн қысты. – Үй, қазақлар, қазақлар! Сендер осы шын ләззаттың
не екенiн бiлесiңдер ме? Жок, бiлмейсiңдер. Оны мына мен талай рет таттым. — Ол
көзiн жұмып, басын шайқап-шайқап қойды.
— Ал неге насыбай атасың?
— Күйiктен. Әкем татып жүрген ләззатымнан айырды. Сосын насыбай атып, шер
тарқатам.
— Дұрыс екен. Ал, кетейiк.
— Ләппай! — Ол бiреу қамшымен қақ бастан тартып жiберетiндей иiле оң қолын
кеудесiне қойып, қотанаяқтанып жорғалай жөнелдi.
Ержiгiт күлдi де, Кәдiрмақанның үйiне қарай бiр-екi қадам басып, өз-өзiнен
қымсынып iркiлiп қалды. Жаңа ғана қызу ой үстiнде көңiлiне ұялаған батыл шешiмi
дем арасында тасқа тиген пышақтай кетiлiп, суық тартып сала берген өне бойына
толқын-толқын боп жүгiрген ыссы толқын да сап болған. Қара ақылы қайтадан
талпынып қолын созған тiлегiнiң ер арынын тiзгiндеп, бәрiне көлденең көз ретiнде
басқа тұрғыдан назар салуды жөн көргендей үстемдiк ала бастаған. “Осыным
асығыстық емес пе? — дедi ол iшiнен. — Бала құсап жетiп барсам, Ранай жеңiлтек деп
қалмай ма? Әлде аз ғана сабыр ете тұрған жөн бе екен? Тұрмыс құру қайда кашар
дейсiң? Алдымен тереңiрек ойлап, қабырғаммен кеңескенiм жөн емес пе? Кесiп айтар
болсам, ертең де күн бар емес пе? Шынында, мен несiне асығамын”. Ол жалт бұрылып,
үйiне келдi. Жеңгесi от жағып жатыр екен. Ерқарадан хабар жеткен сайын ол пақыр бiр
жасап қалады. Жастайынан тағдыр тауқыметiн аз тартпаған келiншек кiсi ықыласына
бөленгесiн шырайы шығып, сүйегi балғын тартып, науша кезiндегi ажарын қайта таба
бастаған. Жеңгесi бұған күле қарады:
— Аузың арақ сасып тұр ғой.
— Аздап. — Ержiгiт қызарып сала бердi.
— Бұл ненiң күйiгi? Үйткенше бiреуге ен салмайсың ба?
— Ондай кiм бар?
— Неге жоқ? — Келiншек байсалды тартты. — Құдай бағын ашпағасын не шара?
Болмаса Ранай кiмнен кем? Әйелдiң төресi сондай-ақ болар.