— Е, батырмын де.
— Айтары жоқ. Найза ұстап атқа мiнбесек те, ауыл арасының сөзiн ұстайтын
жағдайымыз бар. Өз әкем де бiр ауылды аузына қаратқан жан. Өзiм де бiреуден iлгерi,
бiреуден кейiн дегендей дәулетi бар кiсiмiн. Ныспым Көсікбай.
— Жөн, жөн, — дедi Пiрмақан әңгiменiң арты неге соғарын анық байқай алмай.
— Ал, Пiреке, бiз де сенiң атақ-даңқыңа қанықпыз. Кешегi Шiлмұндай асылдың
тұяғы деп естiп жатырмыз. Өнген-өскен жан екенiңнен де хабардармыз. Түбiмiз бiр
болса да, әр жақта жүргесiн таныса алмаған жағдайымыз бар. Бүгiн соны ойлап, келiп
отырмын. Мынау үлкен балам Қуантай, өзiң де бiлетiн шығарсың. Оқудың түбiн
тауысқан.
— Сонда өзi не оқыған? — дедi Мәтек. Оны мұнда балдызы Үрзия қояр да қоймай
сүйрегендей қып әкелген-дi. Қазiр сонысынан қысылып жерге кiрiп барады.
— Ойбай, айтатыны жоқ. Әр жағы татар, бер жағы фарсы. Оған бүгiнгi iлiм
қосылып, балам ауып кете жаздағасын елге алып қайттым.
— Ә, солай де.
— Ол өз алдына. Бетiнен қақпағасын бала оқуменен жүрiп, Доңызбай дейтiн бiр
итпен итаяқтас болады. Ол бiр өзi төрт аяқты хайуан екен. Доңызға қосылғасын кiсi оки
ма? Өй, несiн айтасың, екеуi бiрiгiп асырды салады. Сүйтiп жүрiп балам, бiлмеймiн,
татар ма, тараншы ма, бiр қатынмен бас қосыпты. Содан шаққа дегенде айырдым, —
деп Көсiкбай кiдiрiп, сақалын салалады. — Ал, Пiреке, өзiң де шет жағасын аңдаған
шығарсың. Кәзiргi дедiгiм осыны үй қылу. Сонымен сенiң балаңды сұрай келдiм.
Әйтеуiр, екi жарты бiр бүтiн боп, бағы ашылып...
Ашылған есiк сарт ете түстi. Iшке қосауызын кезей ұстап, Кәдiрмақан кiрiп келдi.
Түрi қап-қара, өрт сөндiргендей. Оның соңғы кездерi сырқаты мүлдем асқынып кеткен
едi. Әсiресе, Ерәлi мен Ертiлеу iстi болғалы мұның дегбiрi қашты. Ол Ерәлiмен құрдас
болатын. Үнемi отбасы араласып тұратын. Кейiннен осы жақындық басыма сор болып
жабыспасын деген қолайсыз күдiк күнi-түнi басынан шықпай, жанын мазалады. Оған
тойтарыс беруге шамасы жетпедi. Бүгiн де төсектен ширығып тұрған едi. Ол ит тiсiн
ақсита көрсетiп, қатты ақырды:
— Кәне, құда қайсысың?!
— Құда мен, құда мен, — Көсікбай Пiрмақанға кярады.
— Онда ың-шыңсыз үйiңе қайт!
— Ау, неге?
— Ендеше, қане, түрегел де иманыңды үйiр. Үйiңе жердiң астымен қайтасың, —
Кәдiрмақан мылтығының аузын Көсікбайқа қаратты.
Жұрт шу ете түстi.
— Өй, Кәдiрмақан сенiң мұның не?!
— Қой, бала боп кеттiң бе?
— Өзiңе бiрдеме көрiнген бе?
Жұрт сөзiне арқа сүйеген Көсікбай нығыздана түстi:
— Қой, қарағым, мылтық кезедi деп қорқатын кiсiң мен емес. Қай қазақ үйiне түскен
қонаққа кет деген?
— Кет дегесiн, кет! — дедi Кәдiрмақан қалшылдап.
—Шырағым, ол сөзiңдi келiнге айтарсың.
— Ендеше, мә саған! — деп Кәдiрмақан стволды көтере бере шүрiппенi басып
қалды. Мылтық гүрс ете түстi. Оқ кiлемнiн шетiне iлулi тұрған тобылғы сапты
қамшыға тиiп, жерге ұшырып түсiрдi. Бөлме iшiн көк түтiн кернеп кеттi. Көңiрсiген
дәрi исi қолқаны атты.
Жұрттың зәресi зәр түбiне кеттi. Бәрi бiр-бiрiне жабыса етпеттей құлады.
— Ойбай, өлдiк!
— Кұрыдық!
— Өй, кетейiк!