Стр. 146 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Кәдiрмақан қарындасының сұрланғанымен әдемi жүзiн көрiп, тас бауырын
жiбiткендей болды. Мылтығын ақырын керi тартып алды.
— Әттең, сен ғой қолымды байлайтын. Мына шалды ма!
— Аға, ашуыңды бас. Қызды кiм айтпайды, қымызды кiм iшпейдi деген. Бүлiнген
ештеңе жоқ қой.
— Бүлiнген? Мына шал әлі талай бүлiк жасар. Онан да... — Кәдiрмақан кiлт
тоқтады. — Сен, қане, бiздiң үйге жүр. Аларыңды түгел ал!
Пірмақан да, Нұрсұлу да жұмған аузын аша алмады. Ранай киiмдерiн тез буып-түйдi.
— Ал, кеттiк!
Олар қоштаспастан сыртқа шықты.
17
Пұсырман шындыққа көзi жеткесiн, бiр жұмадай не iстерiн бiлмей, әрi-сәрi боп
жүрдi. Ақыры ақкөздiгiне басып, ақ некесiне суық қолды жолатып абыройын айрандай
төккен әйелiнен ажырасуға шындап бел буды. Бүгiн таңертеңнен жұмысқа шықпай,
әкесiнiң көзiндей көретiн киiм-кешектерiн, азын-аулақ мүлкiн буып-түйдi. Оған
Алмашкүл шошына қарады. Емiзiп отырған бөпесiн тастай сап, асып-сасып, орнынан
түрегелдi. Ақ сары жүзiне абыржу енiп, шиедей ерiнiн қырқа тiстеп алған. Мән-жайды
жаңа түсiнгендей, әйел жанының қуыс-қалтарысын аңдай бермейтiн доғалдау, қатал
қара кiсiнi босағасынан қалай шығармай, ұстап қалудың ретiн таппай, бiр сәтке
аңтарылып қалды. Лез ес жинап, жүгiрiп барып, Пұсырманның қолына жармасты:
— Сең... бұнын не, қайда барасың, а?!
Пұсырман үндемей, дүние-мүлкiн жинастыра бердi.
— Ау, жөнiңдi айтсайшы. Саған не жаздық? — дедi де, Алмашкүл өз сұрағынан өзi
шошып қалды.
— Не жаздық? — Пұсырман мырс еттi. — Не жаздық! Анау немене, бар кінәң сонда
жатыр емес пе? — деп иегiмен бесiктегi жас нәрестенi нұсқады. Бiр сәт жүзiне ызалы
ашудың табы теуiп, қара сұрланып сала бердi.
Алмашкүл аузын қолымен басып, iштегi шерiн сыртқа шығарғысы келмегендей, бар
өксiк, бар өкiнiштi алқымында бөгеп қалды. Аялы қара көзi өзi аңдаусыз бастаған
оттың iрi өртке ұласып бара жатқанына куә болғандай, шарасынан шыға бақырайып
кеттi. Екi иығы дiрiлдеп, иегi кемсеңдеп, аузына түскен сөздi жөндеп те айта алмады.
Пұсырман заттарын буып-түйгесiн, абыржып қараған әйелiне көз салмастан‚ бiр
ауыз сөз айтпастан‚ өлiмге қайыл болған түрмен аяғын батыл басып, сыртқа шықты.
Көп өтпей оны аупартком шақырды. Пұсырман не мәселе екенiн бiле қойды.
Әйелiнен ажырасқаннан берi жұмысқа қолы бармай, өз тағдырының қалай шешiлерiн
ойлап, қайта жарасуға ел-жұрттан ұялып, әрi-сәрi халде жүр едi; ендi бiр жағына
шығарын ойлап, пойызға айт-тойға баратындай көңiлденiп мiндi. Қазалыңа келiсiмен
аупарткомның кеңсесiне барды. Бюро басталайын деп жатыр екен. Пұсырман
хатшының кабинетiнiң алдындағы бөлмеде орындықта отырып, мына қалың
шегiренмен қапталынған есiктiң ар жағында қазiр өз тағдырының шешiлiп
жатқандығын, бюро мүшелерiнiң бұл жайында сөз айтатындығын бiлiп, мазасыздана
бердi. Бiрнеше рет қозғалақтап қойды. “Жолдас Мырзағұлов, — дедi ол өзiне-өзi, —
мiне, сенiң тағдырың шешiлмек. Жүрiп-жүрiп келiп, абыройдан айрылу деген осы
болар, ә?”
Есiк ашылып, бiр жiгiт оны iшке шақырды. Пұсырман алғаш рет хатшының
кабинетiне қорқасоқтай кiрдi. Көк мауыты жабылған ұзын столды жағалай отырған
кiсiлер бұған көз салмастан‚ өзара бiрдеме деп күңкiлдесiп қалды. Сегiзовтiн жүзi суық.
Теңiзбаев та назар аудармады.