— Ал, жолдастар, Мырзағұловқа беретiн сұрақтарыңыз бар ма? — дедi Сегiзов
қатқыл дауыспен.
Бюро мүшелерi бұған бiр-бiр көз тастасты. Кербез Жақыпов мысқылдай қарап:
— Әйелiңiзден ажырасу себебiңiз не? — дедi. Сүбедей бiлемдене бастаған бұғағы
бұлтиып тұр.
Пұсырман қатты састы:
— Себебi белгiлi емес пе?
— Сонда да, мына бюро мүшелерiне айтарсыз.
— Айтсам, сол, суық жүрiс жасады, — дедi Пұсырман қызарып. Ұялғаннан көзiн
жерден ала алмады.
— Қалай, қалай! — дедi Жақыпов мүшелеп.
— Арамдық...
— Немене, оны көзiңiзбен көрдiңiз бе?
— Жоқ, бiрақ ел айтып жүр.
— Бұл дәлел емес, — дедi Жақыпов шорт кесiп. — Куәңіз болмай жатып әйелiңiздi
қалай кiнәлайсыз? Онан да өзiңiздің моральдық жақтан азып-тоза бастағаныңызды
бүркемелемей, ашық айтыңыз.
— Мен бе азып-тоза бастаған? — Пұсырманның даусы қатты шығып кеттi.
— Жолдас, ақырын сөйлеңiз, бұл жерде менiң емес, сіздің мәселеңiз қаралып жатыр,
— дедi Жақыпов мысқылдап.
Пұсырман қара тер болды. Аузына жөндеп сөз түспей, дегбiрi қашты:
— Жолдастар, — дедi ол, — мең көптен берi коммуниспiн. Кеше соғысқа
қатыстым...
— Мәселеге қатысты сөйлеңiз.
— Онан да мойындаңыз.
— Жолдастар, сөйлеуге мұрша берсеңiздершi, — дедi Пұсырман Сегiзов жаққа
жалтақтап.
Сегiзов алдындағы қағаздан көзiн алмады.
— Бiздiң уақытымыз жоқ, қысқасын айтыңыз, — дедi құрбақа бет бiреу.
Пұсырман сол арада ит қырсықтығына басты. Қолы қалш-қалш етiп, орнына
отырды.
— Басқа айтарым жоқ.
Бюро мүшелерi бiр-бiрiне қарасты.
— Мынау бассыздық қой.
— Тәртiп деген қайда?
— Партиядан шығарылсын!
Көпшiлiк дауыспен Пұсырман партиядан шығарылды. Ол орнынан түрегелiп, төс
қалтасындағы билетiн стол үстiне қойып жатып, соңғы рет бюро мүшелерiне жағалай
қарады. Жұрт үнсiз. Әсiресе, қотанаяқ, құрбақа бет әлгi кiсi жайын аузын кере ыржиып,
кино көрiп отырғандай тамашалай қалыпты. Пұсырман ендi кешiрiм сұраудың,
өкiнудiң кештiгiн бiлдi де, қолын стол үстiнен тез тартып ап, жалт бұрылып шығып
жүре бердi. Жолшыбай бiр кiсiмен сөйлеспедi. Темiр жол бойына жұмысқа тұратын боп
келiскесiн‚ Байқожаға барды. Тас казарманың қақырайған бiр бөлмесiнде әжесiнiң
киiзiн төсеп, шалқасынан жатып, неше түрлi ойға батты. Қанша ұмытайын десе де өзiне
опасыздық жасаған сұлу әйелдiң жүзi көз алдынан кетпей, ойынан да, қиялынан да бiр
сәтке шықпай қойды. Оның сымбатты кескiнiн көрмейiн деп көзiн тарс қылып жұмған
сайын жанары түнгi оттай жарқ-жұрқ етiп, көз алдында қалың түлейше тұтасқан
қараңғылық ортасынан өзiне жымыңдап шақырған алауша жарқырайды да тұрады.
Тiптен аяғын кербез алып жүрген жүрiсiне дейiн жадында жазылған хаттай сақтаулы
тұр. Әсiресе, түн баласында жас келiншектiң аппақ кеудесi алқына дем алғанда
көтеріліп-басылып, жан түкпiрiнде еркiне қоймай лапылдаған ыстықтың бетiн қайтарар
қара нөсер тiлегендей денесiн мұның денесiне жабыстыра жатқанында Пұсырман оны