әйелдiң осалдығы деп бiлетiн-дi. Мiне, қазiр сол ыстық жетiспей, даңғыраған бөлмеде
жападан-жаңғыз арқасы тоңазып, қоңылтақсып жатыр. Бақса, бұл сорлы әйел жанының
қиын қалтарыстарын аңдамапты қой. Соны жiтi сезген Көптiлеу мұның ұясын быт-шыт
қып, ойламаған тұстан омырып тастады. Ол ендi пендешiлiкпен iстесiн, бiрақ мұнымен
тiршiлiктiң ыстық-суығын бiрге бөлiсiп келе жатқан Алмашкүлдiң терiс қадам жасарда
ойланбағаны несi? Әлде ол мұны жек көре ме? Шамасы, солай-ау. Пұсырманның тұла
бойы суық қапқандай түршiгiп қоя бердi. Қолы қалтырап, басына жастанған
тапаншаның мұздай дүмiн сипап қойды. Баяғыда Аралдың ар жағында болған аламат
шайқаста қаза тапқан комиссар бұған жан тәсiлiм етер алдында: “Төңкерiс мұратын
ұмытпа”, — деп осы тапаншасын берген едi. Ол бүгiн әлденеге сол тапаншаны алып,
майлады. Қалған екi оқты қорабына салды. Тапаншаның құлағына үңiлiп, әлi де
қапысыз атар ма екен деп ойлады. Бiр сәт есiне кеше өзiнiң орнына жаңа хатшы боп
сайланған кiсi түстi. Ертең “Бiрлiкке” барып, барлық iс-қағаздарын соған тапсырмақ.
Өзiн-өзi қанша қайраса да, қолымен жазылған документтердi беруге келгенде
абыржитынын сездi. Ойына әр нәрсе түстi. Сөйтiп жатып ұйықтап кетiптi. Таң
алакеуiмде оянып, жуынды. Күн шыға “Бiрлiк” жаққа баратын жолға түстi. Ертең
облысқа барып, Есетовке кiруге бекем бел буған едi. Сол есiне түскенде, Пұсырман
көңiлденiп, жан қалтасындағы тапаншасын сыртынан басып қойып, аяғын ширақ алып
жүрiп кеттi. Көкмешiттiң жанынан жаңғыз аяқ айдау жолмен қиялап өте бергенiнде,
мұны аңдып тұрғандай, сақал-мұрты өскен, еңгезердей Iзет қорым арасынан шығып,
берi беттедi. Түсi сұсты. Өзi арып-ашып, жүдептi. Пұсырман одан кiп алып, iштей
сескенiп қалды. Бiрақ қаймыққанын сездiргiсi келмей, әлден дiрiлдей бастаған тұла
бойына қайрат шақырар демеудi содан iздегендей тапаншаның мұздай дүмiн ұстады.
Есiне сол сәт екi оқ түстi. “Екеуi де атылса жарар едi?”
Iзет жақын кеп тоқтады. Тура қараған екi көзi мұның өңменiнен өтiп барады.
— Ал, Пұсырмаң дүние кезек деген. Баяғыда менi қалқозға кiрерде қарсы болып
едiң, ендi...
Пұсырман саспады. Жауабын өзiрлеп, оның жүзiне тура қарады:
— Неге? Менi...
— Ә, солай де.
— Бiрақ, бұл кәтелiк. Кейiн...
— Ендi кейiні жоқ, — дедi Iзет оның сөзiн бөлiп. — Мәселен, мына мен баяғыда
ауамдықпен қалқозға қарсы болған көтерiлiске қатыстым. Соным басыма сор боп
жабысты. Ол үшiн жазамды өтеген жоқпын ба? Ендi елге кеп, тиыш өмiр сүрем бе
десем, соғыс басталды. Сонда немене менiң маңдайыма ат арқасындағы өмiрдi жазып
қойған ба? Әлде мен немене тоқалдан тудым ба?
— Бұл халық басына түскен ортақ хал емес пе?
— Онда неге ана Көптiлеу соғысқа өз еркiмен тiленiп бармайды?
— Ол... былай ендi...
— Ә, солай ма? Оның еш былайы жоқ. Кәзiрде де, бұрында да кiсiлер тек қара басын
ойлаған. Басқа қазақты осы өмiрiмде көрген жоқпын. Кеше сен де бас пайдаң үшiн
Қызкүмбездi бұздырдың.
— Неге? — Пұсырман қабағын шытты. — Мен халықтың қамы үшiң...
— Сонда әйелiңдi де халықтың қамы үшiн қоя бердiң бе?
— Жоқ. Ол менiң қара басымның шаруасы, — дедi Пұсырман бiрте-бiрте
батылданып.
— Мiне, мәселе осында. Сол қара басыңа қиянат жасаған кiсiлер елдiң қамын жеп
жүр ме? Әлде қараған қара басының пайдасын көздеп жүр ме?
— Екеуi де бар.
— Ал, мен қараған қара басын күйттеп жүр деймiн. Мен де сүйтiп, соғысқа барған
жоқпын.