— Дегенмен, Iзеке, кәте iстеп жүрсiң. Бірлi-жарым кiсi қара басы үшiн қиянат
жасады екен деп халыққа ренжуге бола ма? Бас иiп, кешiрiм сұрап барсақ...
— Бас иiп?! Еш уақытта! — Iзеттiң жаңары суық сәуле шашыратып, жарқ-жұрқ ете
қалды.
— Онда мен баяғыда тап жаулары ниетiнен бас тартпайды деп кәтелеспеген екенмiн
ғой, — дедi Пұсырман мүлдем батылданып.
— Өй, қарағым, ондай сөзiңдi қой. Саған қисын, миыңа бiрдеме құям деп тұрған мен
жоқ. Насыбайым таусылып қалып едi, сенi көрiп...
— Мен қылмысты кiсiге насыбай бермеймiн, — дедi Пұсырман даусын көтерiп.
—Шының ба?
—Шыным.
— Ә, солай де! — Iзет күрт жадырап, ызалана күлiп қарады. — Жарайды, бiр атым
насыбайыңды аясаң, басыңа құт болсын. — Ол сырт айналып, кете бердi.
— Тоқта! — дедi Пұсырман өзiн-өзi ұстай алмай. Қалтасынан тапаншасын суырып
ап, Iзеттiң кеудесiне кезедi.
Iзет артына ауырлау бұрылып қарады. Кесек денесi бiр сәтке жеңiлейiп сала
бергендей, атылатын жолбарысша ыңғайланып, берi аттады.
— Тоқта! Әйтпесе атам! — дедi Пұсырман керi шегiнiп.
— Ал, не iсте дейсiң? — дедi Iзет сол ызалы қалпын бұзбастан.
— Кәзiр ың-шыңсыз алдыма түсесiң. Сенi ауданға өз қолыммен апарып тапсырам.
Көтер қолыңды! — дедi Пұсырман ақырып.
— Ә, солай ма? Саған тұтқын болдым не, осы арада өлдiм не? Мына жерде өлсем,
моласыз қалмаймын ғой, — деп Iзет тура ұмтылды.
Пұсырман атып жiбердi. Тапанша даусы шаңқ ете түскенде, селк етiп қараса, оқ
Iзеттiң сол иығынан тиген екен. Iзет ет қызуымен жарасын сезбей, тағы да iлгерi
ұмтылды. Пұсырман осы жолы асықпай көздеп, шүрiппенi басып қалды. Тапанша
атылмай, тырс ете түстi. Сол арада қарулы қол тапаншаны жұлып ап, қорғана берген
мұның басына зiлдей жұдырығымен қойып кеп қалды. Пұсырман жан дәрмен деп
Iзеттiң жағасына жармаса бергенде, екiншi ауыр соққы тиiп, басы айналып жүре бердi.
Одан кейiн тиген жұдырық санасынан тыс, әлдеқандай темiрге зың-зың етiп соғылып
жатқандай болды. Көз ұшында бiр шырақ сөнер-сөнбес боп жылт-жылт етедi.
Пұсырманның көзi қарауытып кеттi. Әлден уақыттан соң барып есiн жиса, қол-аяғы
байлаулы жатыр. Төбесiнде Iзет төнiп тұр.
— Жiбер! — дедi Пұсырман қырылдап.
— Жiбер! Мен сенi неге жiберем? Тапқан екенсiң нан жеместi! — Iзет кеңкiлдеп
күлдi. — Сен менi неге аттың, а?
Пұсырман қап-қара боп үндемедi.
— Үндемейсiң, ә? Өлтiргiң келдi ғой!
Пұсырман тағы да тiс жармады. Көзiн үрей торлап алыпты.
— Баяғыда, есiңде бар ма, маңдайыңда қызыл жұлдызы бар құлыптас дегенiң?
— Иә, — дедi Пұсырман даусы барлығып.
— Ендi моласыз қалсақ қайтесiң?
Пұсырманның жүзiне тамырлары бiлеуленiп, көгiс тартып шыға бастады. Бетiн жан
терi жуып кеттi. Оған ыссы жас қосылып, көзiн удай ашытты.
— Солай ма, екен? Сен онан да мынаны айт: кәзiр қоя берсем, менiң жасырынған
жерiмдi айтпайсың ба? — дедi Iзет келемеждей қарап.
Пұсырман Iзеттiн сұп-сұр жүзiне көз салып жатып, жақпас бiрдеме десе, қазiр мына
ұрының өзiн тоқтышақтай құрбандыққа шалудан қолы қалтырамайтынын бiлдi. Өзiнiң
қызып кетiп, оқ атқанына өкiне бастады. Бұған тиiспей, жөнiне кете бергенiмде деп бiр
ойлап қойды. Қанын торсыққа түйген кiсiнiң кiм-кiмдi де аямасын көре тұрып, қаруға
жармасқанының ағат болғанын жаңа сездi. Әрi мына ұры үшiн тiршiліктен баз кешудiң
ақымақшылық екенiн пайымдады. Кешегi жан алысып жан берiскен шайқаста мерт