Стр. 150 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

болса бiр сәрi. Қара басын қайттаған қашқынды ұстаймын деп жан тәсiлiм қылғанның
көзсiздiк екенiн пәмлеп, өне бойы өксiк буғандай дiрiлдеп, iштей қорқасоқтап, Iзетке
қарады:
— Қоя бер, айтпаймын.
—Шының ба?
—Шыным, — дедi Пұсырман иегi кемсеңдеп. Тiсi-тiсiне тиiп, сақылдап кеттi.
— Солай де, — Iзет бұған әлi де сенбегендей көзiн сығырайтып, тесiле қарады.
Маңдайына iркiле қалған бiлем-бiлем әжiмдерi түйiлiп келе жатқан қара нөсердiң
бұлтындай сұсты-ақ.
Пұсырман қорқып кеттi. Мына ұрының не iстегелi тұрғанын шошына сезiп,
босанғысы кеп, қол-аяғын жұлқына қозғады. Қыл арқан тастай боп қатып қалыпты.
— Әй, Iзет, ағайын-туыс емес пе едiк? Менде не ақың бар? — дедi Пұсырман
жыламсырап. Iзет бұған шүйлiге қарады:
— Е, ағайын-туған дейсiң бе? Соны бiлсең, жаңа неге аттың? Өлтiрейiн дедiң ғой!
— Жоқ, мен тек...
— Ә, солай ма? — дедi Iзет тiстенiп. — Мұның ешқандай тегi жоқ. Әгәр мең қолыңа
түссем, сен ойланбастан ұстап берер едiң. Солай ғой. Ендеше, сен қылғанға мен
қылдым.
Iзет кiжiне сөйлеп, Пұсырманды лақ құрлы көрместен көтерiп, дарияның тiк жар
басына әкелдi. Төменде сұрланып ағып жатқан Сырға Пұсырман қорқа қарады. Әлуеттi
қос қолдың жоғарғы жағында ауада қалқып тұрып, алас-қапаста жан-жағына алақ-
жұлақ қарады. Өзi қадiрiн бiлмей келген мына жарық дүниемен арыздасар сәтi
осылайша аяқ астында кездесе қалады ғой деп ойламаған едi. Тiптi оны есiне алуға
мұршасы да болмайтын. Ендi бүкiл тағдыры, кейiнгi өмiрi, келер тiршiлiктен татар
ырзық несiбесi басқа ешкiмнiң емес, мына әулеттi жүн-жүн ожар екi бiлектiң ырқында
тұрғанын аңдағанда, тұла бойы мұз басқандай қалшылдап кеттi. Иегi дiр-дiр етiп, тiсi-
тiсiне тимей сақылдады. Көзi шарасынан шыға бақырайып, жаңарына жиылған бүкiл
әлемдi қимай, бұған басыңды ие гөр деп азғырғандай, өздiгiнен шұбыра бастаған ыссы
жасқа толып, бiр сәт мынау жетi қат көк жүзiн қара нөсер жуғандай бұлдырап сала
бердi. Жас бетiн айғыздап, иегiнен Iзеттiң мойнына тамды. Өзiнiң астындағы гүжбан
мойын дiр ете түстi.
— Ал, не дейсiң? — дедi Iзет айқайлап.
— Қоя бер! Менi өлтiргенмен, жерiң кеңеймес. Мен... — деп Пұсырман еңкiлдеп
жылап жiбердi. Тұла бойын өксiк буып, пышаққа шалынған токтыдай дiр-дiр етедi.
— Ә, жан тәттi ме екен? — дедi Iзет мысқылдап.
Пұсырман қатты қорланды. Сонда да сыр бермей, қазiр қалайда тiрi қалу керектiгiн,
сол үшiн жалынып-жалпайғанның еш айыбы жоқтығын айқын сездi. Әшейiнде айтылар
ой пiкiр, сөз үшiн басты бәйгiге тiгудiн шикiлiк екенiн анғарды. Уысынан ақырын
шығып, сусып бара жатқан қымбат өмiрдiң соңғы тамшыларын төккiсi келмей, Iзетке
өлердегi сөздерiн айта бастады. Әке-көкелеп, асты-үстiне түстi. Бiрақ гүжбан мойын
селт етер емес. Ендi тiптен еттерi бiлемденiп, сiнiрлерi адырайып, қатайып апты. Соны
көрiп, Пұсырман бойын жинап ала қойды. Жалынып-жалбарынғаннан ештеңе өнбесiн
бiлiп, жан дәрмен деп бұлқына бастады. Бiрақ, әлуеттi қол мұны тырп еткiзер емес.
Амалы құрыған Пұсырман алақ-жұлақ етiп, жан-жағына қарады. Көзi қарауытып,
төбесiнде көк шатырша төңкерiлiп тұрған аспан бiртұтас боп, жiбек перде тұтқандай
бұлдырап сала бердi. Осындай киын сәтте кеше өзi қарамай жүрген сайын даланың бiр
тал шөбi не төмпешiгi көзiне iлiнсейшi. Қайта бәрi бас бұққандай жасырына түскен.
Бұл не өзi деп, ол алас-қапаста басын шайқай қалып, тағы да жан-жағына қарап едi, дәл
тас төбесiнде бiр бұлт селтиiп тұр екен. Бұлт мына жер бетiндегi қиян-кескi тiршiлiктiң
толассыз арпалысынан шошынғандай, бауыры күн нұрына шақылысып, мүлдем
аспандап кетiптi. Оған сол зеңгiрдегi баянсыз қоныс қара жердегi қымбат өмiрге
қарағанда әлдеқайда артық сияқты. Дегенмен ауа жұтып, қым-қуыт тiрлiк кешкен