тәсiлiне басып, тез арада әуейiлiгiнен тиылып, осы арада тоқтағанды жөн көрдi.
Алмашкүлмен жөндеп сөйлеспедi:
— Не шаруа едi?
— Өзiң бiлесiң, жас балам бар. Менi Қонырбай жұмысқа шықсын дептi. Нәрестенiң
жаңғыз өзiн үйге тастап... Қарайтын кiсi де жоқ.
— Иә...
— Сенен лұқсат сұрайын деп ем, — дедi Алмашкүл жалынышты түрмен. Сағы
сынғаны әлден-ақ көрiнiп тұр.
— Жоқ, үйте алмаймын. Менiң басым екеу емес. Басқа жұрттың қатындары
жұмысқа тегiс барып жүр.
— Ау, олар...
— Жоқ, жұмыстан қалушы болма.
Алмашкүл оған таңырқай әрi үрейлене қарады. Басқарманың бұрын иманы төгiлiп
тұратын бетiнен рақымның iзiн де таба алмастан‚ сұп-сұр жүзiнен шошынып қалды.
“Мұндай екенiңдi бiлсем. Қой, ендi жөнiмдi табайын”. Ол кеше Қазалының ар жағында
тұратын төркiн жұртының көшiп кел дегенiн есiне алды. Соны медет қылып, көмейiне
лықсып келiп қалған ызалы сөз селiн тоқтата алмай, ашына ақтарып салды.
Көптiлеу оны бiр сәт аяды да, iзiнше өзiн-өзi зорлап тежеп, бұрынғы қатал қалпын
қайта тапты. “Ә, солай ма? Онда көрейiн”. Ол кеше еңбек майданына баратын
кiсiлердiң тiзiмiн жасағанын есiне алды. “Соған, соған...”
Ол әлдене деп көзiне құйылған жасты қолымен сүртiп, жөнеле берген Алмашкүлдiң
соңынан қарап тұрды да, үйiне қайтты. Ертеңiне азанда кеңсеге келдi. Соңғы кездерi ел
iшiнде ұрылар бой көрсете бастады. Олар жеке кiсiлердiң малын қойып, колхоздың
азық-түлiгiне де көз алартатынды шығарды. Өткен жолы бiр қайымын тауып, Iзеттiң
жасырынған жерiн бiлiп, ұстамақ болып едi, жырынды ұры қашып құтылып кеттi. Қазiр
қайда жүргенiнен бейхабар. Ол аздай, соңғы кездерi бидай ұрлайтындар да қылаң бере
бастады.
Iшке Күлдiр кiрдi. Шахтадағы қара жұмысқа алынатын әйелдердiң тiзiмiне iлiнгенiн
бiлгелi оның дегбiрi қашып кеткен едi. Аттанатын күн жақындаған сайын әлсiз бiр үмiт
кеуiлiн делбеп, азаматтардың панасын сұрасам қалармын деген ойына өзiн-өзi
сендiрген едi. Сонда да қапы қалмайын деп алдын ала қам жасаған-ды. Азын-аулақ
жүгiн жиып, көршiсiне кейiн нәсiп бұйырып келсем алармын деп, аманат қып
тапсырды. Берерiн берсе де ата-енесiнiң көзiн көрген қымбат бұйымдарды қимай
әлден-ақ көзiнен жасы парлап, еңiз-теңiзi шығып жылап қоя бердi. Ақыры Күлдiр
басына түскен iске нық бекiнiп, көз жасын тиып алды; үй iшiн жинастырды, ауланы
сыпырды, артық мүлiктерiн қара шаңырағының төбесiне апарып қойды. Есiне бiр сәт
күйеуi түстi. Былтыр әскерден қашқан соң, Ізет бiр жылдай Көкмешiттi паналаған едi.
Бұл ел-жұрттың көзiнен жасырып, оған тамақ апарып берiп жүрген. Кейiннен көптiң
көзi түсер деп қауiп илеп, Iзет Көсе жақтағы қалың жықпылға қарай ауысқан. Содан
берi әлi ат iзiн салған жоқ. Соны ойлағанда, әйел кеудесiн өзгеше мұң-шер толтырып
жiбердi. Қайратты әйел босап, бұған жыламсырап қарады.
— Қарағым, менi мына сапардан алып қалсайшы.
Көптiлеу жалына қол апартқан жоқ.
— Үйту менiң қолымнан келмейдi. Ауданға бар.
Сол екен, әйел бет-өңiн тез билеп ала қойды. Бұған ызалана қарап тұрып:
— Құдайдан тап! Сенiң де қатын-балаң мендей боп әуре-сарсаңға түссiн! — дедi де,
кеңседен шықты.
Көптiлеу тымырайып отыра бердi. Бiр сәт Iзет есiне түстi. “Оңашада кездесе қалса,
ешкiмдi де аямас”, — деп ойлап, әлденеге елiгiп жол жүретiн әйелдердi көргiсi келдi.
Аяғын тездеп басып, алға топтың жанына барды. Жұрт жиналып қалған екен. Әйелдер
арбаға жылап-сықтап мiнiп жатыр. Басқарма бiр топ ақ жаулықтың арасынан өзiнiң
көзiне әбден таныс орамалды iздеп тауып алып, оның бас-аяғына шола қарады.