Стр. 153 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Алмашкүлдiң жүзi сұп-сұр. Көзi төменшiктеп, шиедей ернiн қырқа тiстеп алған‚
қолындағы құндақтаулы нәрестесiне бар аналық мейiрiм, ықыласын төккендей әлсiн-
әлсiн еңкейе бередi. Көптiлеу келiншектiң ызалы жасын көмейiнде iркiп тұрғанын анық
сездi де, бiреу бүйiрiнен қатты бұрап үзiп алғандай тiксiнiп қалды. Қашанғы
қаттылығынан айнып, “Осыным обал емес пе? Жазықсыз сәбидiң көз жасына
қалмаймын ба?” — деп ойлады. Iзiнше бойын жинап ала қойды. Соны күтiп тұрғандай,
арба да орнынан сықырлап қозғала бердi. Басқарма әйелдердiң жылап-сықтағанын
естiмейiн деп терiс бұрылды. Үйiне кеп жатып алды. Қанша басынан лақтырып
тастайым десе де, әдемi келiншектiң мұңды жүзi, жас мөлтiлдей толған аялы көзi
өңiндегiдей қарсы алдында тұрып алады да қояды. Әсiресе, Алмашкүлдiң бұған
ызалана жақсы көрiп қараған жас шайған жанары мүлдем кетер емес. Сол қарас, сол
ыза қадалған сайын басқарма әу баста өзi көп қыз-келiншектiң ойнағындай көрген осы
суық жүрiсiнiң салмағы мен парқын жаңа аңдаған сияқтанады. Бақса, мұның бақай
есеппен жасаған күнәсiнен байғұс келiншек кеудесiнде оянған ерекше сезiмнiң өрт-
алауын қоздатар жылы самалдың лебiн сезгендей болыпты. Өлiп-тiрiлiп сүйiптi.
Айтқанын екi етпептi. Сүйтiп жүргенде абыройсыздыққа ұшырады. Ақыры өзi жақсы
көрген басқарманың шын кескiнiн жаңа танып, ызалана, бiрақ көкiрегiнде бұрқ-сарқ
қайнаған ыстық сезiмнiң сыртқа тепкен алауын жасыра алмай қадала қарады.
“Ойпырмай!” —деп Көптiлеу төсегiнде аударылып жатты. Бұ сонда менiң кiм
болғаным? Мен жайында сорлы не ойлап кеттi? Басқарма алғаш рет қасында жатқан
Қалампыр көкiрек қуысындағы құпия сырын көрiп қойғандай, қараптан-қарап
қысылды. Онысын беттен қағып тастамақ болған екiншi, ожар дауысты өзгеше мейiрiм,
аяныш жеңiп бара ма, қалай? Жаңадан ояна бастаған тың сезiм бел алып бара ма,
қалай? Бiрақ Көптiлеу оны тез арада тапап тастады. Ол босаң сезiмнiң күндердiн
күнiнде қайтадан бас көтерерiн сезсе де, уақытша болса да арылғысы келгендей,
шаруашылық жайын ойлады. Әр нәрсенi ақылына салып көрдi. Бәрi қызықсыз тәрiздi.
Бұрын шын ықылас қойып кiрiсетiн шаруасы кенеттен бар ажар-сиқынан көре көзге
ажырап, қоңырайып сала бередi. Оған қолы түгел, көңiлi де кiрiсуге дауаламайды.
Қайта күйдiрген сары май iшкендей ол жаққа аяқ басқысы жоқ. Ау, бұл қалай, саған не
көрiндi, баяғыдан аңсағаның осы емес пе едi деген бiр оңаза сұрақ көкiрегiн
шымшылап, қадалып турып алды. Сүйтсе, қаншама пендешiлiк ойға шомса да, өзiнiң де
жақсы көргенiн аңдамай қалған‚ кешегi ақсары Алмашкүлдiң мұның өмiрiнде орны
ойсырап тұр екен. Ол ендi қайтып жазылмас жарадай ушығып-ушығып барып, дерткен
желiмдей боп кеткен. Дерткен сезiм өзiне дерт боп жабыспаса қайтсiн?
Басқарма ертеңiнде де осы ойдан арыла алмады. Бар жұмысты Мырқиясқа арта
салды да, түске дейiн егiстi шолып қайтты. Көмекшi қыздан ауданға шұғыл
шақыртқанын ықылассыз тыңдады. Тағы да астың жайын айтатын шығар деп пойызға
мiңдi. Жүйрiк пойыз теңселе қозғалып бара жатқанда жұмыс iстеп жүрген
темiржолшыларды көрiп, есiне Пұсырман, сосын Алмашкүл түстi. Одан сорлы әйелге
өзiнiң жасаған қатыгездiгi түстi. Айдай әлемдi уысымда ұстап турам деп бiреудiң
отбасын быт-шыт қылғаны түстi. Кеше тап жауларын мал-мүлкiн үптеп, өздерiн көз
көрмеске асырып жатқанда басқарма былай аяп көрмеген болатын. Ендi өзiне тосыннан
кеп кеше жабысқан қырсық ойдың шеңгелiнен құтыла алар емес. Қанша қашайын десе,
Алмашкүлдiң өткiр көзi қыр соңынан қалмайды. Қазiрде де iзiнен қуалап келедi.
Көптiлеу күрсiнгенiн байқамай қалды. Онысын өзi әбессiнiп, немене қартаяйын
дегенмiн бе деп, Жосалының вокзалының алдына кеп тоқтаған пойыздан түстi. Аяңдап
отырып аупарткомға келдi. Кең қоридордың iшi қашан да кiсi-қараға лық толы. Асып-
сасып, апысы кiрiп, күпiсi шығып жатқан бiр ел. Оған Қашақбай қарсы ұшырасты.
Амандық-саулықтан соң ол:
— Майданға жүз мың сом бердiм. Одан самолет жасайтын болды, — дедi.
— Дұрыс болған екен. Сүйтiп көмектеспесек, елдiгiмiз қайсы? — Көптiлеу iшiнен
тыжырынды: “Мынау ақымақ екен қой. Менi де сондай шаруамен шақырмасын”.