Ол көп күтпей, хатшыға кiрдi. Сонғы жылдары майдан жағдайы киындап, аудан
көлемiнде шаруа көбейген сайын жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс iстеген Сегiзов
бұрынғыдан еңкiш тартып кетiптi. Жағы суалып, екi ұрты iшiне кiрiп тур. Қоңыр
көздерiнен қажығаны байқалады. Хатшы Көптiлеудi салқын қарсы алды. Қасында басқа
үш-төрт кiсi отыр. Көптiлеу жайғасқасын, Сегiзов оған қарап:
— Сiз iнiңiздiң қайда жүргенiнен хабардарсыз ба? — дедi.
— Мақамаштың ба? Жоқ, — дедi Көптiлеу әлденеге секем алып.
Түсi бөтен кiсiлердiң бiрi берi бұрылды:
— Бұрын елде жүргенiнде тәртiбi, сәбет үкiметi жайлы ойы қалай едi?
Көптiлеу саса түстi:
— Ояғы жақсы... жақсы болатын. Iжқандай бөтен мiнезiн көрген жоқпын. Оқуы да
жаман емес-тi. Немене, бiрдеңе боп қалды ма?
— Иә, — дедi хатшы. — Iнiңiз жау жағына шығып кеттi.
— Мүмкiн емес, — дедi Көптiлеу қуарып.
— Кәзiр бәрi мүмкiн.
Басқарма сасқанынан маңдайынан саулап қоя берген қара тердi сүрттi. Үстiндегi
киiмiн ауырлағандай, дем арасында қысыла қалған кеудесiн кере дем алып, пиджагын
жөндеп қойды. “Апырмай, бұ қалай болды?! Ит-шошқа, аузына келгенiн аталап жүрiп,
ақыры қара сазға отырған екен”.
— Ал, ендi екiншi мәселе, — дедi Сегiзов бұның бетiне тура қарамай, — жақында
бiзге Iзеттiң әйелi келдi. Ол қашып жүрген надан күйеуi үшiн жауапты емес қой.
Күлдiрдi баласы барлығына қарамастан неге шахтаға жiбердiңiз?
— Ендi... Күйеуi қашқын болғасын, — дедi Көптiлеу мiңгiрлеп.
— Қашқанда, ол надандықпен қашты. Ол үшiн әйел, бала-шағаның не жазығы бар?
Бүйте берсек, адамшылықтан айрылмаймыз ба? Ал, ендi үшiншi мәселе, — деп Сегiзов
көк мауыты жабылған үстелдiң ар жағындағы қоңырауды басты. Iшке бас сұққан
секретарь келiншекке: — Жаңағы кiсiлер келсiң, — дедi.
Iшке Ранай мен Ержiгiт кiрдi. Сол екен, Көптiлеу мән-жайды ендi түсiнiп, қанын
iшiне тартып ала қойды. Алас-қапаста есiне жақында ғана Жұбаныштың колхозға кеп,
бұдан көп жағдайды сұрағаны түстi. Соның артыпша Жақыпов пен Кенжеқарасовтың
орындарынан босағанын есiттi.
— Мына кiсiлердi танитын шығарсыз, — дедi Сегiзов салқын дауыспен. — Мiне,
менiң алдымда Ранайдың өз қолымен жазған арызы жатыр. Оған сiздiң iстеген
қиянатыңыз түгел айтылған. Әрине, кезiнде екi сөйлеп, Ранайдың өзi де дұрыс
жасамаған. Дегенмен бiз бұл мәселенi бұлай қалдыра алмаймыз. — Ол сосын Ранайға
бұрылды. — Мына арызыңызды қуаттайсыз ғой?
— Иә, — дедi Ранай қысылып, — сондағының бәрi шын.
Көптiлеу терлеп сала бердi. Тез арада иiлмесем болмас деп:
— Тәке, кешiрiңiз, менен бiр бiлместiк өттi, — дедi.
— Ал, ендi мәселе былай. — Сегiзов оған көз тоқтата қарады. — Осының барлығын
қорыта келе, бiз сiздi колхоз бастығы ретiнде ұстап тұра алмаймыз.
— Сонда, қалай? Мен көп жылдан берi коммуниспiн, осы колхозды өз қолыммен
құрыстым, ағам колхоздасу кезiнде опат болды, — дедi Көптiлеу дыбырлап.
— Бiз оны жақсы бiлемiз. Бiрақ мынадай жағдайдан кейін... сiз бiздi түсiнiңiз...
Көптiлеу жағаласып айтысудың пайдасыздығын сезiп, дiрiлдеген қолын алдындағы
көк мауыты жабылған үстелдiн үстiне қойып, бiр сәт ойланып қалды.
— Ал, не iстеймiз?
— Мен осы колхозбен бiрге жасасып, ыстық-суығына көнiп келатқан кiсiмiн. Iнiм
үшiн жауап бере алмаймын, ал өзiмнiң совет өкiметiне ниетiм адал. Мен бұл колхоздан
ешқайда да кетпеймiн. Егер мүмкiн болса, ата кәсiбi ғой, сол шаруашылықтың түйесiн
бағайын, — Көптiлеу тамағына тас кеткендей кiдiрiп қалды.
— Жақсы.