Стр. 155 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Көптiлеу аупарткомнан салы суға кетiп шықты. Қарсы ұшырасқан бiр-екi таныс кiсi
ыңның жайынан хабардар болса керек, әшейiндегi ахуал сұрап, жалпылдап
жататынынан тиылып, көрмеген кiсiдей сырт айнала бердi. Бұл оның жанына тидi. Иә,
кiсi деген солай, деп ойлады ол вокзал жаққа келе жатып. Кеше қолында бұлдары
барда, бұдан асқан зиялы, бұдан асқан кәдiрлi жан жоқ едi, ендi бақ тая бастағасын көп
жалпылдақ алақанында дымы жоқ кiсiнi көзiне де iлсiн бе? Кеше өзi де сүйткен жоқ па?
Оны қойшы, мәнгi бақи басқарма боп тұра беретiндей бетiне келген пенденiң бәрiн
омырып бiттi. Сондағы бар қорқынышы — осы отырған орнынан айрылып қалам
дегендiк едi. Мiне, сол өзi қорқа күткен қатыгез сағат та жеттi. Бұрынғы басынан
кетпестей көрген шен-атақтан аяқ астында айрылып шықты. Ол күйiп кеттi, тiлi
жеткенше iнiсiн балағаттап бақты. Iзiнше тағы да Алмашкүл есіне түстi. Қарап отырса,
байғұс әйелдiң басқаға болса да, бұған құйттай жазығы болмапты. Сөйткен оны... от
басын тас-талқан қып, ақыр соңында бiр қайымын тауып, көз көрмес жаққа асырды.
Соның көз жасына қалмаса неттi. Апырау, сонда бiзге не жетiспедi? Бақ па, қызмет пе?
Ай, осы пенденiң қанағатсыздығы мен қараулығы-ай! Түбiнде кез келген кiсiнi
аздырып-тоздыратын бiрдене болса, ол, сiрә, осы қанағатсыздық. Бұл да кеше алған
атақ-абыройын азсынып, одан да жоғары дәрежеге ұмтылды. Сол жолына кесе-
көлденең тұрғандарды ысырып тастауға тырысты. Сонда тапқаны, көргенi осы ма? Бәрi
де бiр көншiдей болмай, жалт етiп өте шықты. Асылы, кiсiнiң ұсақтап кеткенінен
жаман нәрсе жоқ. Осы ұсақтық адамға үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн қылуаларды
iстетедi. Әйтпесе мұның бала-шағаның шаруасына араласатын ретi жоқ едi ғой.
Ранайды жiгiтiнен айырып, ақыры үйiне апартқызып тастады. Ал, Пұсырманды... Қой,
қой, мен оны күресiп iстедiм. Өмiр күрес деген. Көптiлеу ойша өз iсiне ақтау iздедi. Iшi
жөнсiздiгiн бiлiп, сезiп тұрса да, жасаған әрекетiн бiр лезде ақтап шыға келдi. Ол ендi
басқа түскен баспақшы деп, қалғанын көре жатармыз деген сыңаймен қолын бiр сiлтедi
де, пойызға мiндi.
Байқожадан түсiсiмен, атына қонып, егiндi жағалап келе жатты. Биыл бiтiк шыққан
бидайды Қоңырбай бастаған бригада орып жүр. Әр жерден әйелдердiн ақ жаулығы
көрiнiп қалады. Көптiлеу оларға соққысы кеп, iзiнше ол ойынан бас тартты. Атын
тебiнiп қап, “Бiрлiкке” қарай жүрiп кеттi. Жер кебу, қара қатқақ. Ат тұяғы тиген сайын
дүңк-дүңк етедi. Ол шоқырақтап отырып, үйiне кеп, атынан түстi.
19
Стансада iстейтiн жұмыстың ыңғайы болмағасын, Ранай үйде қолын алдына салып,
қарап отыруды әбес көрiп, соңғы кезде бiр ермек тапты. Азаннан тұрып алады да,
иығына кетпенiн салып, жусан шабуға кетедi. Биылғы күздiң райы жылдағыға
қарағанда тым бөлек. Суықтың ерте түсетiн сыңайы бар. Әлден-ақ терiскейден ызғарлы
жел тұрып, аядай ауыл үстiн ақ шаңдаққа орап жiберетiндi шығарды. Күн санап жылуы
азайып бара жатқан күн де сонау зеңгiр төрiне қарай асқақтай көтерiлiп, жер бетiне
төгетiн мейiрiм-шапағатын аяғандай салкын тартып барады.
Соғыстың әлi бiтетiн түрi жоқ. Жау өзi жағрафия қартасынан талай рет көрген
Сталинградқа ентелеп келедi. Газеттердiң жазуынша, осы шайқастың iрi, ересен
болатын түрi бар. Мұнда бүкiл соғыстың тағдыры шешiлмесе де, түбiнде түбегейлi
бетбұрыстың анықталатыны айқын. Соған елеңдеген жұрттың құлағы түрiк. Күнi-түнi
ауыздары босаса, майдан жайын сөз қылады. Үйтпей кәйтсiн, кеше ғана осы ауылда
жайнаңдап жүрген жас жiгiттер алыста соғысып жатыр. Қара қағаз деген соңғы кездерi
көптеп келе бастады. Соны Кәдірмақан сырқатқа шалдыққаннан берi Күлбарам үйдi-
үйге апарып берiп жүр. Инабатты келiншек бiреудiң от басына қайғы бұлтын
төндiруден именiп, көбiне қара қағазды балалардан берiп жiбередi, не ауланың шетiне
қойып кетедi. Бiр рет Ранайдың да сондай қара қағазды апарып тапсырғаны бар. Саған