әлдеқандай хабар айтады екен деп екi көзi жәутеңдеп қараған кiсiлердi көріп, бiр сәттен
соң басына ерiксiз қара жамылдыратыныңды сезгенде, адамның қысылғаннан бетiне
оты шығады екен. Бұл қараптан-қарап абыржып бiтедi. Ауыл адамдарын аяйды. Амал
жоқ, қара қағазды қымсынып ұсынады. Кейiннен Ранай Күлбарамның жұмсағанына
бармайтын болды.
Сәдірмақанға қара қағаз келгеннен берi әкесi күрт еңкiш тартып, көре көзге
қартайып кеттi. Сақал-мұртына ақ кiрдi. Бұрынғы қаталдығынан бiрте-бiрте айрылып
барады. Сонда да қатыгез әке Ранай қайтып келгеннен берi тағы да қияңқы өжет
мiнезiне басып, уысынан бiртiндеп шығып бара жатқан тiзгiндi қайтадан мықтап ұстар
рай танытты. Оның үстiне аузы жеңiл Үрзияның түн баласында әлдеқайда жоғалып
кететiнi де ойландырып тастаған. Күйеуiнен мүлдем күдер үзген ол бетiнiң қызылы
барда өз қатарын тауып алғысы кеп, ойын-сауық, шiлдеханалардан қалмайды. Бiрде
арақ iшiп келгенi де бар. Атасы оны көрiп, iштен тынды. Балмақан болса, қазiр темiр
жолда жұмыс iстеп жүр. Күнде майданға кетем деп айтып қояды. Ондайда шал
қыңырайып, түсiн бермейдi. Балмақан кеше газеттен соғысқа өзi сұранып кеткен
кiсiлер жайлы оқып, соны әжептәуiр әңгiме қылды. Бала неме, соғыстың не екенiн
бiлмейдi ғой, әйтпесе, ажал аузына өзi тiленiп барғанды кiм көрген?
Кеше Ранай Ержiгiтпен тағы да ұшырасып қалды. Жiгiт былтыр бiтпеген мектеп
үйiн ауылдың бас көтерер кiсiлерiн жиып, салып жатыр екен. Бұл да оларға қолғабыс
еттi. Ержiгiт ләм-мим деген жоқ. Содан берi Ранай одан күдер үздi. Басқа теңiнiң ретi
жоқ. Он екi де бiр гүлi ашылмаған науша қыздарды шал-шауғандар таңдап жүргенде,
есiк көргендi жiгiттер қайтсiн? Оның үстiне ауыл арасының шудаша шұбатылған өсегi
де жанын жегiдей жеп барады. Соны естiмейiн деп ол кейiнгi кездерi стансаның шығыс
жағындағы кең сордан тұз әкеп, эшелонға сататын боп жүр. Айырбасқа өрiк, мейiз,
түрлi жемiс алады. Оны көрiп әрi-берiден соң әкесi де қызыға бастады. Дүние десе көзi
жанып кететiн шал есегiне екi қап тұз артып әкеп, майданға бара жатқан солдаттарға
сатады. Ранай эшелонға бүгiн де бiр қап тұз алып шықты. Солдаттар пойыз тұрар-
тұрмастан қолдарына барын ала сала бұған жүгiрдi. Кілең қылқандай жас. Қырғыз,
өзбек, қарақалпақ, түркiмен, тәжiк жiгiттерi. Келе барлығы уыс-уыс өрiк, мейiзiн
ұсынып, дорбаларына тұзды салып алып жатыр. Бәрi бiр-бiрiне айқайлап қояды.
— Мұнда келiңдер, мына келiншектiң күйеуi әскерде екен, тұзды осыдан алыңдар!
Ранай дiр ете қалды. Танауы қусырыла ентiге дем алып тұр. Осы кезде кейiнгi
жақтан шу шықты. Қараса, бiр солдат әкесiн алқымынан алған. Бiрдеңе деп айқайлап
жатыр. Бұл жан ұшырып жүгiрiп барса, екiншi солдат әкесiнiң шелегiнiң түбiн қопарып
тастапты. Әкесi тұзды үнемдеп, таразыдан мысқалдап жемек боп, шелегiнiң түбiне
екiншi табан салып қойыпты. Сыртынан қарағанда шелек толық болғанымен, iшiне
салынған тұз жарым жартысынан әзер асады. Ранайдың ұялғаннан бетiнен оты шықты.
Тұзды солдаттарға тегiн бере салып, үйiне қайтты.
Кешкiсiн Әлмақан келдi. Шәй үстiнде әңгiмешiл кiсi әрi-берiден сөз қозғады.
Пiрмақан басын төмен салып отыр.
— Ойпырмай, соғыс салмағы жанға батып барады. Үстiнен жонып жеп отырған
малымыз жоқ. Не еккен егiнiмiз жоқ. Ендi кәйтер екенбiз? — дедi Пiрмақан.
— Пiреке, ел бiр елшiлiгiн қылады да. Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз
деген.
— Иә.
— Дегенмен адам баласының қай кезде де адамгершiлiгiнен айнымағаны жөн-ау!
Кеше демекшi, бiр уақиға еске түседi. Кәмпескеден кейiнгi жылы бiз мына Кеңтүп
жағын қыстадық. Сол жылы қыс та әлемет болды. Күн ұзақ, көктен борап, жерден
суырады да тұрады. Жан созып қыстан да шықтық. Қолдағы азын-аулақ мал тегiс
қырылды. Ендi кәйту керек? Мең амалсыз, қоянның жымына тұзақ құрам. Күнiне
бiреулеп, екеулеп қоян әкелем. Сүйтiп жүргенде бiр топ кiсi келдi. Олар балпақ
аулайды екен. Балпағыңа шәй-шекер беретiн көрiнедi. Қуанып кетiп, мен де оларға