нәрестенiң басына бере көрме деп тiлейдi. Егер ол да мұның кебiн кисе... Жоқ, жоқ,
өйткенше жарық дүниеге келмегеннiң өзi жақсы.
Ранай осы қазiр де өз ойына өзi уланып, қамығып отыр. Оның әкесiнiң жүзiне
қарағысы келмей кеттi.
20
Көптiлеу ауылда кiдiрместен түйешiлерге барды. Ана жылы осы атырапты жайлаған
аузымен құс тiстеген алпаң төс құдіреттi байлардың мал-мүлкiн үптегенде колхоздың
меншiгiне өткен қызыл нарлар көзiне бiрден оттай басылды. Ұмытпаса, әне бiр екi
өркешi баладай тiп-тiк боп шаншылған iнген Пiрмақанның әкесi көшкенде жүк артатын
тұс малы. Одан шеткерiрек жапан түздiң көне ғасырдан қалған сақшысынша иiр
мойнын жоғары көтерiп, самарқау көз тастап тұрған әлек те осы өңірдегi аты шулы
iрiп-шiрiген байдан алынған едi. Әне бiрi... Көптiлеу көзiн қыдырта отырып, жалпақ
қоңырлықты бетке алып шашырай жайылып бара жатқан қалың түйенiң ұрғашысын
түстеп танып, оның кiмнiң қолында болғанын, қай жылы боталағанын, сүтiнiң қандай
екенiн бiр-бiрлеп есiне алды. Есiне алған сайын сонау алыста қалып қойған жастық
шағы мына алып, момақан жануарлармен қапталдаса көлбеңдеп қайтадан оралғандай
болды. Басқаны қайдам, әйтеуiр, өзі сол бейкүнә жастығын жазбай таныды. Ал түйелер
мұны таныр емес. Сулы көзi жалтылдап, үрке қарап, тайрақтап барады. Көптiлеу
олардың соңынан қарап тұрып, ерiксiз өз-өзінен соңғы кездерi әлдеқандай ойға шома
беретiнiне таң қалды. Бұрын өзін қалаған уақытта тежеп, қалаған уақытта көндiре
алатып ерекше дағдысының ұшты-күйлi қайда жоғалып кеткенiне айран-асыр болды.
Тағы да бар қадарынша әлгі босаңсы сезiмге қарсыласып бақты. Елжiрей бастаған
көңілiн шұғыл қатайтып, қосқа келдi. Қосшы бала ұйқысынан жаңа тұрып жатыр екен
Ыржиып амандасты. Ыржиып шәй қойды. Ыржиып дастарған жайды. Жолшыбай өзінiң
осы халiне көлденең көзден қатты қымсынған Көптiлеудiң мына өмiрдiң ащы-тұщысын
татып үлгермеген аржайы бозбаланы көрiп, арқа-етегi кеңiп сала бердi. Райланып
кесенi қолына алды:
— Өзің аспазсың ғой.
— Үйтпеске шара қайсы, — дедi қосшы ыржиып.
— Түйелер тиыш па?
— Жаман емес. Кәзір жел-күздың көбейетiн уағы емес пе? Дауыл соқса, қара нөсер
жауса, түйенi ұстап тұру қиын. Қамайтын қора да жоқ...
Көптiлеу үндемедi. Қалпағын киiп тысқа шықты. Аспанға қарап ауа райын болжамақ
болды. Терiскейге көз салды. Желдiң аздап сызы бар ма, қалай? Ауа бұлаңыта ма,
қалай? Көптiлеу қарап тұруды ерсi көрiп, атына мiнiп, түйеге қарай тартты. Бiр мезгiл
қапталында қалмай қалбалақтап ерiп келе жатқан көлеңкесiне назар салды. Жалқын
жарыққа шомылған жер әлгі көлеңке ербиiп түсiп кеткенде бiр түрлi қарауытып сала
бередi. Соған сәйкес топырақ реңi де өзгередi. Жусандар да қара барқын тартады.
Көптiлеу соған енжар көз тастап, ат тiзгiнiн бос ұстап келедi. Әрi-берiдесiн әлгі
көлеңкеге қызықтап қарай бастады. Өзі не озбайды, не қалмайды. Сонда бұл не? Дәл
сондай соңғы кездерi мұнын ойынан қалмай ерiп жүрген бiрдеме бар. Қаншама қарсы
әрекет етiп тырысса да, сол пәле жайма-шуақ көңілiне бұлт қондырып, теңгедей сап-
салқын көлеңкесiмен жанын жауратады да кетедi. Қайда барса, сонда барады. Кейде
түн ортасында бүйiрiн шымшылап, шошытып оятатыны бар. Содан таң сазарып
атқанша кiрпiк iле алмайды. Әрi аунайды, берi аунайды. Басына сан-сапалақ ойлар легi
дүмелiп келiп, кiрпiгiне қонуға ыңғайланған ұйқысы түспегiрдi қолына шыбық ұстап
ұмтылған баладай үркiтiп, мұны түнімен азаптайды. Азанда көзi қызарып шығады. Осы
жай бiр емес, бiрнеше рет қайталанғандықтан, Көптiлеу соңғы кездерi аздап ырымға да
сене бастады. Жұрттан жасырып құдайы да бергiздi. Бiрақ әлгі пәле қыр соңынан қалар