Стр. 159 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

емес. Қазiр де шаужайына жабыса кеттi. Көптiлеу селк ете түсті. Ер үстiнде
дұрысталып отырды. Тiзгiндi қолына жинап алды. Тiктелейiн деп едi, қайтадан өз-
өзінен ұнжырғасы түсiп, босап, иығынан су кете бастады. Қайтадан бұрынғы енжар
қалпын тапты. Қайтадан баяғы не үшiн деген ащы сұрақ бүйiрiне шаншудай қадалды.
Иә? Не үшiн? Не үшiн өмiр сүрiп жүрсiң? Не үшiн күрестiң? Не үшiн? Масқара-ай,
осындай да сұрақ бола ма екен? Не үшiн болсын... Көптiлеу мүдірдi. Жаңа ғана тiл
ұшында топылап тұрған оңай жауап дәл тiс арасынан сыздықтап шығар кезде беймәлiм
бiреу кеңiрдектен қыса қойғандай iркiлiп, тұншығып қала бердi. Даусы жөндеп
шықпады. Бақса, осы қарапайым сұраққа жауап беру өте қиын, тiптен мүмкін де емес.
Жәй әшейiн көңіл делбеп қыздырманың қызыл тiлiне салып, көпiршiген сөздердiң селiн
ағыта салу оп-оңай. Бiрақ оның шын жауап еместiгiн тыңдаған кiсi де, өзі де тайға
таңба басқандай анық сезедi. Өтiрiк екенi де бiрден бiлiнедi. Сонда не iстеу ләзім?
Көптiлеу қолымен маңдайын сипады. Иә, неғылған жөн? Не үшiн дейдi? Ау, не үшiн
дерiң бар ма, мына жарық дүниеге шыр етiп келген кiсi бақытты өмiр сүрсем деп
армандамай ма? Сол үшiн басын тауға да, тасқа да ұрады. Көрiнгенмен бет жыртысады.
Әлi жеткенше арпалысып бағады. Бұл да сүйттi. Ана бiр кездерi басына қонған бақытты
уысынан шығарғысы келмей қарсы шыққан кiсiлермен жағаласып бақты. Кесiр сөз
айтқандар шамына тиетiн болды. Айтқанын қайт қыла берген Пұсырманға... Жә, қойшы
оны. Бұл қайбiр жетiскенiнен сүйттi дейсiң. Тағы да әлгі бақтан қапыда айрылып
қалмасам деп жан ұшырғандықтың салдары ғой. Жарайды, қараған қара басың бақытты
болды. Одан елге не пайда? Сен жұртқа өз бақытыңның бiр сынығын бөлiп бере алдың
ба? Жоқ, бөлмек түгел, қайта содан жам ауызға бiр тамшы татырмаймын деп
көрiнгенмен арпалыстың. Тiптен бiреудi бақытсыз етiп өз бақытыңның баянды
болғанын күйттедiң. Не, не? Бiреудi бақытсыз етiп, бақытты болу... Ау, оның несi
бақыт, дей бердi де Көптiлеу iркiлiп қалды. Көз алдынан Ержiгiт, Ранай, Пұсырман,
Алмашкүлдер жай отынша жалт-жұлт етiп өте шықты. Апырмай, ә? Сонда не
болғаным? Қой, қой. Түсiне бiлген кiсiге, бақыт он сегiз мың ғаламды ұстап тұрған
құдiреттiң жер бетiне тастай салған жалғыз ырзығы. Соны алмақ боп пенде шiркiн
таласады, тармасады. Көпекше жұлқыласады. Сол арпалыс үстiнде адам баласының
қуыс-куысында жасырынып жатқан пасықтық, қызғаншақтық, арамдық тәрiздi ең
жаман қасиеттерi бас көтерiп, кетiскен кеуiлдi одан әрман суыта түседi. Ендi пенде
кеше бiр аяқтан ас iшiп жүрген жолдасына да қараулық жасайды. Бiреудiң мысқал
артқанын көрсе, iшi күйiп, қашан әлгі мысқалды жонып алып тастағанша қай-қайдағы
айла-шарғыны ойлап табады. Ондайда кiсi қулығы дөреткен арамдық тозаңының
жанында қоянның жымы жолда қалады. Шым-шытырық iзге жолыққан көлденең көздiң
миы әбден қатады. Кеше бұл да сүйттi. Әлгі ортаға тасталған бақытқа таласты. Соны
сәтi түсiп, жеңiп алып, ендi тиышталамын деп еді, сүйтсе басқа қонған бақыттың
әбiгерi қонбаған бақыттың әбiгерiнен әлдеқайда мол екен. Бұл сорлы ендi басындағы
бақыттың өзгелерге шет-пұшпағын да ұстатпауды көздедi. Қарсы ұмтылған қолдарды
қағып тастады. Ақыры қаға-қаға келiп... Көптiлеу ұрлық қылған кiсiдей өз-өзінен
қуыстанып, жөткiрiнiп қойды. Қой, неге, бұл бәрiн де сол үшiн iстедi. Өмiр заңы солай.
Мұның орнында басқа кiсi болса да осылай етер едi. Бiрақ бiреудi бақытсыз ғып өзінiң
бақытты болғаны қалай? Оның не қалайы бар? Бұл да әлгі бақыт үшiн болған
тартыстың салдары емес пе? Осы шайқас үстiнде кiсi кiсiнi аяй ма екен? Үйтiп аяп
жатсақ, қолынан түк келмейтiн күншiл, шыңжау саршаяндардың мойнына мiнiп алуы
кәдiк емес. Ондай доңыздар мойныңды жайлау етсе, кейiннен алқымға жабысудан
тайынбайды. Ең төтесi, әлiң жетсе, тартып ал, қолыңа тисе, тiрi жанға берме. Көптiлеу
де соны ұстанды. Оның несi сөкет. Сол арада Көптiлеу өзінiң қаншалықты дұрыс,
қаншалықты бұрыс екенiн iштей сезiп, қысыла күлімсiредi. Жанында бөтен кiсi жоқ
екенiн білсе де, әлденеге қуыстанды. Апырмай, дедi, өзімiзге өзімiз өтiрiк айтамыз.
Сонда ауыздан шыққан сөзге қалай сенерсiң? Ешқандай дерегi қалмастан ауаға сiңiп
жоғалып жатқан жел сөздiң ертең ақиқат едi деп қай құйрығынан ұстайсың? Олай деп