Стр. 16 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

кiрген едi. Ол кiсi мән-жайға қанғасын‚ мұның ниетiн қолдап, жергiлiктi жерге
сiлтеген‚ өз тарапынан да көмек болатынын айтқан. Оның ойын Қуаң бөлдi:
— Қаладан не бiтiрiп қайттың?
— Мектеп салатын болдық.
— Бұл жақсы болған екен. Сонда қалай? Керпiштi қайдан аласыңдар?
— Ең қиыны со боп тұр, — дедi Ержiгiт. — Шамасы, үй бас сайын керпiш салып,
басқызатын шығармыз. Ал, қабырғасын қаларда асар саламыз.
— Оған ел келiсе қояр ма екен?
— Келiсетiн шығар.
— Асар демекшi, — дедi Әлмақан берi қарап, — баяғыда да осы ел асар сап, бар
шаруасын демде бiтiрiп жатушы едi ғой. Ендi одан несiне қашады? Мектеп салса, өз
игiлiгiне жаратпай ма? Заман тиышта, оқығанға не жетсiн. Оқымаған мына бiз отырмыз
ғой қара танымай.
— Ау, Әлеке, баяғыда молланың алдын көрген жоқ па едiң? — дедi Қуаң сол арада
оның бетiне күле қарап.
— Ол бiр қызық әңгiме, — Әлмақан мырс еттi. — Төңкерiстен бұрынынрақ...
ертеректе мына Ақмешiт салынды. Бiз онда қаршадай баламыз. Бiр жылы Бұхар
жағынан оқудың түбiн тауысқан, өзбек пе, сарт па бiреу келдi. Онда Қошқаралы Уақ
болыстың гүрлеп тұрған кезi. Ол жастарды оқытайық, мешiт, медiресе салайық деп,
елдегi бетiнiң ажары бар кiсiлерге сауын айтты. Болыс қимылдағасын қойсын ба, келер
жылдың көктемiне қарай салатын ұстасы, қыш керпiшi дайын болды.
— Керпiштi қайдан әкелдi?
— Керпiштi ме? Уақ керуен жiберiп, Қаразым жұртынан әкелдi. Айтып-айтпай не
керек‚ со жылы осы мешiттi екi айда екi ұста тұрғызып бiтiрдi. Со жылдың күзiнде ел
ақ түйе сойып, құда жолы бердi де, балдарын оқыта бастады. Соның бiрi боп мен де
барайын. Молдекең ұзын бойлы, арық‚ қара сұр кiсi едi. Қасына ыңғи солқылдаған
қайыр талды суға малып қоятын. Екi ай оқып, көк ала торғайдай боп таяқ жедiм. Сосын
әкем: “Сен молла боп жарытпассың”, — деп оқудан шығарып алды. Менiң бар оқуым
осы. Кiсi, бала екен қой, сонда оқысам, мына ел қатарлы бiлiм алған болар едiм.
Ауыштық қиын екен, — Әлмақан кенет бiр шаруасы есiне түскендей, Ержiгiтке
бұрылды. — Бала, саған айтар жақсы хабарым бар. Кеше Жосалыға Тамдыдан бiр
Шобан кiсi келген едi. Сол сенiң ағаң Ерқараны көрiптi. Әке-шешең соякта қайтыпты.
Ерқара сол елде кәсiп қылып жүрген көрiнедi.
— Алда құдай-ай! Тiрi болса, бiр хабары шығар деп ем. Топырағы торқа болсын‚
Тәжi ақсақал қандай едi, — деп Қуаң көзiне жас алды.
Ержiгiт табан астында не дерiн бiлмедi. Тұла бойы әлдеқандай ыстық толқын жүгiрiп
өткендей, бiр түрлi жанып сала бердi. Iзiнше басы айналғандай болды. Бетiне есемелеп
қан теуiп жатқанын сездi. Артынша өзiн-өзi зорлап басып, сырт көзден қымсынып,
бұрынғы қалпын қайта тапты. Ағасын ойлады. Iштей сүйегi жат жерде қалған әкесiн
аяды. Кеше ғана аузымен құс тiстеген әкесi кемдi күн ырыздық дәмiн татып, ит арқасы
қиянда қалды. Топырақ сояқтан бұйырды. Асылы, осы тағдырға дауа жоқ. Ертең мына
бетегелi бозы жайқалған Сыр бойына сыйыспай қырқысып тiрлiк кешкен кiсiлердiң
бастарына да сол зауал шақ тумай ма? Әтеберлi азаматтар соны ұмытып, неге аз күнгi
алданыш, олжа үшiн өз басын шарға салады? Әлде бұл қым-қуыты көп өмiр шiркiннiң
адам миы жете бермес тылсым, терең қияметi ме? Ержiгiт сәл аңтарылып қалды.
Мұның қара ақылына салса, қазақтың таспен ұрғанды аспен ұр деген нақыл сөзiн қош
көредi. Шаппа-шап белдесе кеткенше, сабырын шашпай, алды-артын байыптап барып
қадам басқанға кеуiлi ауалана бередi. Кеше өзiн әлдекiмдер оқудан шығарғанда да,
әбiгерлене қоймағаны сондықтан.
— Домбыра тартасың ба? — дедi Қуаң бұған бұрылып.
— Хошым жоқ. Кейiн... бiр тартармын. — Ержiгiт қабырғада iлулi тұрған‚ өрiктен
шабылған қара домбыраға қарады. Құлағы босап кеткен. Шаңағына шаң қона бастапты.