Қолдағы азын-аулақ қой-ешкiнi сауып әкелген қызыл бет Сәуинә даладағы жер
ошақтағы әйдiк қара қазанға сүт пiсiрдi. Аздан кейiн дастархан жайып, буы бұрқыраған
бiр табақ ет әкелдi. Тамақ желiнiп болғасын, олар ұзақ отырып, баптап шәй iштi.
Сәуинә сыртқа төсек сала бастағанда, Ержiгiт орнынан түрегелдi. Таудай боп пәттелене
жиналған‚ қарамай сасыған шпалдарды айналып өткесiн‚ тура Кәдiрмақанның үйiне
тартты. Бағана дәл осы арада бидай өңдi Күлбараммен ұшырасып қалған едi. Аржайы
келiншек жан-жағына жалтақтай қарап тұрып:
— Бiздiкi қалаға кеттi. Соңғы кездерi кiсi түсiнбес сырқатқа шалдықты. Жұмыс iстеп
те берекесi жоқ. Сәл нәрседен күдiк ап‚ қорқа бередi. Бiреу өзiн ұстап әкететiндей көре
бередi. Ешкiмге сенбейдi. Есiктi бiреу қақса болды‚ елегзiп бiтедi. Сосын доғдырға
көрiнейiн деп... — деген-дi. — Бүгiн қасыма еркемдi алып жататын болдым. Түнде
жаңғыз өзiм бiр тамда қорқам дедiм. Әуелi енем көнбеп едi, атам: “Барсын, бiр өзi ессiз
тамда қорқар”, — деп, лұқсат бердi. Солай, мырза жiгiт. Кеудеңде жаның болса, жет.
Мiне, мұның сол уәдесiнiң iзiмен келе жатқан жайы бар.
Ай сүттей жарық. Түпсiз қара көк аспан төрiнде алмасша құбылып жыпырлаған
жұлдыздардың жүзiн қалқалап, үйiрiнен көз жазып қалған аққулардай екi ақша бұлт
қимылсыз селтиiп тұр. Олардың арасына сына қаққандай Қызкүмбез қасқая қарайды.
Кенет терiскейден Қарақұмның бой шiмiркентер салқын самалы әулеп қоя бердi. Сол
сол екен, жаңағы екi бұлт бiр-бiрiне жақындап, додаланып тұтаса түстi де, артынша жiк
айырып, бет-бетiнше ақырын қалқып бара жатты. Ержiгiт соған көз тастады да,
жапырайған соқпа тамның тұсынан өтiп, жапсарласа салынған бопыр қораға қарай
асыға адымдады. Өзi қымыз iшкендей аса қуанышты. Кеуiлi алып-ұшып, асыға жүрiп
келедi. Жаңа ғана көптен берi iз-түссіз кеткен әке-шешесiнiң хабарын есiттi. Өзiнiң ендi
бұ дүниеде соқа басы сорайған жаңғыз еместiгiн‚ бiр кiндiктен шыққан ағасының
барлығын‚ оның аман-есен‚ он екi мүшесi сау екенiн бiлдi. Ендiгi арманы — өз алдына
түтiн түтету, шайқалған шаңырағын қалпына келтiру. Тағдыр жазса, о күннiң ауылы да
қашық емес.
Ол ауылдың қыз, жiгiттi аңдитын бозбалаларынан қауiп илеп, тоқтай қап, жан-
жағына бiр рет барлай қарады. Еш сыбыс жоқ. Әр жер-әр жерде жерошақ астында
жанып жатқан от жылтырайды. Сүт пiсiрiп жатқан қатындардың ақ жаулықтары
қараңғыда шағаладай жарқырап көрiнедi. Селт еткен ешкiм байқалмайды. Елдiң алды
қалың ұйқыға жаңа кiрiсе бастаған. Ол сол бетiмен айдап отырып, Кәдiрмақанның
бопыр қорасының ық жағына келдi. Мұны көрiп, әупiлдеп қарсы үрiп шыққан сары
көпек иттi шыбықпен жасқап, аулаққа қуып жiбердi. Ол сол арада бiраз тұрды. Бiрден
тапал тамға салып ұрып жетiп баруға әбессiндi.
Сәкi үстiнен бiр әйел масахананың етегiн түрiп, жерге түстi. Аяғындағы галошын
тырпылдата басып, берi беттедi. Иек астындағы қалың адыраспанның ортасына
жақындай бере, көйлегiнiң етегiн екi қолмен ұстай жайып, жерге жалп етiп отыра кеттi.
Ержiгiт жәймен ысқырып қалды.
— Ойбай, көтек‚ бұ кiм?! — деп әйел шошып қап, орнынан өре түрегелдi.
— Айқайлама, бұл мен ғой.
— Е, сен бе? Соншама кiсiнiң зәре-құтын алып? — Күлбарам жан-жағына жалтақтап
қарап қойды.
— Ал, қайда барайын? — дедi Ержiгiт батылданып,
— Үйге.
Ержiгiт тамға кiрдi. Ай сәулесi кiшкене терезенiң әйнегiнен iшке дiр-дiр етiп,
тозаңдана құйылып тұр. Үй iшi едәуiр жарық екен‚ етегi түрулi тұрған көлдей атлас
масахана мүлдем ақшаңқан тартып кеткендей. Төсекте жатқан Ранай мұны көрiп, басын
көтердi. Ержiгiт бәтеңкесiн шешiп, есiктiң қыр көзiне тастады да, оның жанына кеп
жайғасты. Қыз қымсынып, әрi ысырылды. Алакеуiмде әдемi жүзi бiр түрлi ұяң тартып,