Стр. 162 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

жолаушының өтуi неғайбыл. Қап, бағана қосшы балаға жөн-жобасын айтып кетпегенiн
қарашы! Осы кезде қасқыр деген де жаудай. Қорғанатын мылтығы да үйде қалыпты.
Асылы, қырсық шалса, iсiң осылайша бiр оңалмай қояды. Көптiлеу үнсiз, ақырын
қимылдап жүрiп, ойпаңда тұнып тұрған қалың сексеуiлдi бiр-бiрлеп сындырып, қорым
iшiне тасыды. Еркек сексеуiлдiң жiгерiн шырпысынан аршып, ұзын сойыл iстеп алып,
күмбездiң қабырғасына сүйей салды. Сексеуiлдердi iшке пәттелеп жиысымен,
Жабағының Тәспенінiң рухына бағыштап құран оқып, бетiн сипап, бiр уыс топырақ
шашты. От жақты. Ауылдан алып шыққан тоңазыған еттi аузына салса да, тамағынан
әрi өтпей қойды. Тәбетi шаппағасын, дастарханды жиып, бас жағына қоя сап,
шекпенiнiң шалғайымен оранып, қисайды. Маздап жанған сексеуiл шырт-шырт етедi.
Әбден қызарған шоқтар от шырт етiп түкiргенде, әлдебiреу ар жағынан шертiп
қалғандай атылып түсiп, шеге топыраққа тиiсiмен қуатынан бiртiндеп айырылып, жүзі
қарауытып сөне бастайды. Көптiлеу соған қарап бiраз отырды. Иә, пенде шiркiннiң
өмiрi де осы қызыл шоқтай-ау, деп ойлады. Лаулап жанып тұрған кезiңде сен
қызулысың, жалының бет шарпып жатады. Ал, әлгі шоқтай бiр құдіреттi күш шертiп
жiбергенде, қай араға барып түскенiңдi бiр-ақ бiлiп, кешегi өзің лаулап жанған, өзің
қадiрiн бiлмей келген қалың от арасын аңсайсың, соған жете алмай, дәл мына шоқ
секiлдi бiр қызарып, бiр бозарып, ақырын-ақырын сөне бастайсың. Апырмай, сонда
адам өмiрi замананың ұлы керуенiмен өлшестiрiп қарағанда, жалт еткен ұшқындай, не
тас лақтырым жердей болғаны-ау! Сол арада жақсылық, жамандық жасасып, қысқа
күнде қырық жаңаласып, мына бүткiл ата-бабаларынын сүйегi төсек боп жатқан байтақ
далаға сыймай, тiстесе тiрлiк кешедi екен ғой. Егер бiр сәтке көлденең кiсi боп қарасаң,
осы адамдардың қарыстап өлшейтiн өмiрiнде маңдайына сия бермес бақ-талайды, атақ-
даңқты аңсайтыны ақылға сыймайды, тiптен ақымақшылық та боп көрiнедi. Бiр қарыс
келетiн кеңiстiкте кiсi бар уақытын жоқтан өзгеге жұмсағанша, бүкіл адам баласы
аңсаған әдiлет, теңдiк, бостандық, адамгершiлiк, ынтымақтастық, бауырмалдық тәрiздi
ұлы қасиеттердi кейiнгi жас өскiннiң тал бойына егуге тырысып бақпай ма екен? Ана
нәпсiден басқа миына ештеме кiрмейтiн қотанаяқ Қуантайлар, жексұрын Шортандар,
дарақы Төребайлар, басқалар, иә, соның iшiнде өзі де, иә, өзі де соны неге ойламайды?
Әлде көңілi жеткен жерге қолы жетпей, кежегесi кейiн тартып қала бердi ме? Ал, соны
ескермегенде не ұттың? Жау жоқта дұшпан iздеп, ана Пұсырманның от басын талқан
қылдың, өзін омырып тастадың, саған жылы сөзіңе жаны жылып, ақ көкiрегiн ашқан
аңқау Алмашкүлдiң кемдi күн қызығын көрiп болғасын, қара басыңды қайттап, көз
көрмеске асырдың. Iнiңнiң қамын жеп, Ранайды бар қызығынан айырдың. Ақыры оны
да қаңғытып жiбердiң. Сен ендi тәубеге келгенмен, саған тiсiн қайраған кiсiлер сол
зәбiрiңдi ұмыта ма? Аяғына басыңды игенмен, олардың көңілдерiнде қатқан мұз жiбiр
ме? Апырау, осы мен не боп барам? Күні бойы басымнан қайдағы бiр ойлардың
шықпағаны несi? Бұрын мұндай пәлелер миыма да кiрмейтiн едi ғой. Жә, жарайды,
асылы адам баласы басына таяқ тигенде барып, ойланады деген рас. Бұл мұның өкiнiшi
де, тәубаға келуi де емес, өзі бытпылдықтай бұраландап өткен жолына қайтадан көз
тастап, кейiнгiлер сабақ алардай бiрдеме қорытсам ба деген бiр ерсi талабы да. Бiрақ
талап бар да, iс бар емес пе. Сонда бұрынғы өткен ғұлама данышпандардың барлығы да
мына өзі сияқты азғантай өмiрiнде жасарын жасап ап, жан алқымға таялғанда бейкүнә
боп, ең асыл қасиеттер жайлы ойлар толғаған ба? Онда соларға сенудiң өзі қиын емес
пе? Әлде өмiрге кiсi өкiнiп өтiп, сабақ түю үшiн келе ме? Ау, сонда бұрынғылардың
айтқан жақсы сөздерiн қайда қоямыз? Бiз неге оларды тексерiп жатпай-ақ, бiрден сол
ұлы сөздердi жүзеге асырудан өз өмiр жолымызды бастамаймыз, а! Бірақ бұл бiлетiн
кiсiлердiң денi сол баяғыдан белгiлi шындықты тағы да өз өмiрi арқылы дәлелдеп өту
үшiн мына жарық дүниеде тiрлiк кешетiн сияқты. Сонда адам өзі түйген сабақтан iрi
қорытынды жасап қана қоймай, соны үнемi бар өмiрiн, бар тағдырын тәрк етiп,
қайтадан анықтай түсудi де мақсат тұтатын болғаны ма? Онда өзінен ақылды кiсi жоқ
көретiн мұның да данышпандар айтқан ұлы пiкiрлердi әрi қарай дамыта алмай, тек