Стр. 166 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Ыстық жас шайған жанары әлмә-һал дымданып, сақал-шашы өскен бетiн айғыздап,
төмен қарай құлдырап тынымсыз ағып жатыр. Жасы қара жерге қат-қат тамды.
Көптiлеу оны сүрткен жоқ. Қазір қасында әйелi, не басқа кiсi қарап тұрса да, сөзсiз, көз
жасын сүртпес едi. Оның тоза бастаған жанарына жалпақ даланың әр қырынан, әне, ана
бiр дөңнен бiресе Ақмарқаның, бiресе Ержiгiттiң, бiресе Ранайдың, бiресе
Пұсырманның... тағы-тағы басқалардың iздерiн көргендей тосын елестер шалына
бастады. Әне, Ертiлеу, Мақамаш... ау, бұл неғып жүр, жау жағына өтiп кеттi дегенi
қайда? Екеуi қол ұстасып, егiз қозыдай неғып жүр? Ана кiсiлер кiмдер? Пiрмақан ба,
Сәдiрмақан ба? Құдай-ау, бәрi өз танысы, өзі елi, қатар жүрген азаматтар... Бәрi көзiне
жылы ұшырап барады. Апырмай, осы шiркiндер мына сайын дала жетпейтiндей, бiр-
бiрiмен бекер қырқысқан екен қой. Ал, анау кiм? Кәдiрмақан ғой. Өзі не боп кеткен?
Есi дұрыс кiсi тайрақтап жүгіре ме? Ол көзiн сүртiп жiберiп, қайта қарап едi,
Кәдiрмақан жоғалып, әбден келеге кеп жараған қара бура, иә, қара бура, түнде өзі жан
сақтап қонып шыққан Жабағаның Тәспенiнiң түс малы саналатын атақты қара бура,
аузынан жынын шашып, тайрақтап, мұны түтiп жердей боп келе жатыр. Ол кенет
тосын шыққан дыбысқа жалт қарады да, буын-буыны қалтырап қоя бердi. Дөңнiң
етегiнде өзі жөн-жосығын айтпай кеткен қосшы бала атын қара тер қып, шауып келедi.
Осы бетiмен тоқтамаса, қара бурамен қарама-қарсы соғысардай. Екеуiнiң ортасында
бұл тұр. “Әй, айналайың iздеп шыққан екен ғой, менiң де керегiм болғаны ма?»
Көптiлеудiң алқымына жас тiрелдi. Ол қажыған денесiнен соңғы рет қайрат шақырып,
қазiр көз алдында қырқысқалы келе жатқан екеудiң — қосшы бала мен қара бураның —
дәл ортасында тұрып, бiтiспес тартысқа бәтуа айтқысы келгендей, бiтуәжаға
шақырғысы бардай, қалт-құлт еткен қолымен сексеуiл таяғын құдды тудай ғып, еңсесiн
тiктеп, жоғары көтерiп алды.
Өзі кәдiрiн бiлмей келген мына жарық дүниедегi, қанжылым күн сәулесiне шомылып
жатқан бетегелi, боз жусанды құба даладағы, толассыз адамзат керуенiнiн арпалысқа
түсер бiр сәтiн андап, көк пен жердiң мәңгі-бақи толастамас, тынбас тартысының
ортасына елшiлiк жасап, аспан мен қырдың арасын жалғайтын сексеуiл таяқ емес,
сабыр етуге шақырар — ұлы Ту оның бұл өмiрден тапқан соңғы тiрегi, соңғы қаруы едi.
22
Оқудын мәнi қашты. Соғыс жағдайы шиелiнiскен сайын әр түрлi топшылау
айтып, ел iшi гу-гу әңгiме. Не десе де, осы жолы Сталинград түбiндегi ересен шайқаста
үлкен бетбұрыс болатындығы әлден-ақ сезiле бастаған. Ержiгiт мектептiң қабырғасына
iлiнген лапардай картадан сол шаһарды тауып алып, немiстердiң Ресей жерiне қаншама
сұғына енгенiн күнде қарап қояды. Ара-арасында окушыларға майдан жайынан
газеттерден оқыған хабарларын бiрауық әңгiмелеп бередi. Мәскеу маңында бетi бiр
қайтқанмен, фашистердiң әлi қарқыны қатты. Неге екенi белгiсiз, соғыс алдында
жаулардың бәрiн өз жерiнде күйретемiз деген Қызыл армия әлi дұшпанға мықтап
тойтарыс бере алмай келедi. Майдандағы жағдай ел iшiне де әсер етедi. Азық-түлiк қат.
Әсiресе, қысқа қарағанда отыннан таршылық көретiнi есiне түскен сайын Ержiгiттiң
маңдайынан мұздай тер саулап қоя бередi. Қақаған аязда балаларды класта қалай ұстап
отырам деп ойлайды. Биыл күз түсе ауыл кiсiлерiнiң басын қосып, әр үйге бiр-бiр
арқадан отын әкеп түсiрiңдер деп өтiнiп көрмекшi. Қайдам, ол сөзін ел тыңдай қояр ма
екен? Онсыз да жақын кiсiлерiнен айрылып, қам көңiл боп жүрген жұрт мектепке
мойнын бұра қояр деймiсiң. Онын үстiне кеше ғана ақ көбелекше жайнаңдап жүрген
Ранайдың мұң көмген жүзін көруге дәтi шыдамайды. Келiншектiң мал жайғайын деп
қораға шыққанын не су әкелейiн деп құдық жаққа барғанын көзi шалып қалса, быт-
шыты шыққан тәттi киялы есiне түсiп сай-сүйегi сырқырап қоя бередi. Өзегiне