Стр. 169 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Вагонның төбесiндегi қаңылтырлар тынымсыз салдырлап, дөңгелектер бiр әуенiнен
танбастан сыртылдайды. Анда-санда қиыршық майда тас бетке соғылып өтедi. Ол тар
басқышта тұрып, бiр сәт жан-жағына аңтарыла қарады. Анадай жерде бiр әйел жусан
шауып жүр. Соны көре сала есiне Ранай түсті. Байғұстың қазiр не жаны жүр дейсiң?
Кеше ғана оны еркiне қоймай алып кеткен кiсi аяқ астында бұл күтпеген мiнез көрсетiп,
жаны жаралы келiншектi үйiне әкеп тастатты. Содан берi бұл қатты ойда. Апыр-ау, осы
адам баласына не көрiнген? Бiр-бiрiне қиянат жасап, тiзе батырғанда не ұтты. Ақыры
ол да бекiре балықтай басын тасқа соқып, омырылып түскен жоқ па? Сонда осы талас,
тартыс не үшiн керек? Әлде адам баласының тiрлiк етуiнiң бiрден-бiр заңы сол ма?
Олай болса, мұның ерулiге қарулы жасамай, қайдағы атам заманда жүнжiген бiреудiң
“таспен ұрғанды аспен ұр” деген қисынын тұтынғаны несi? Демек, бар кiнә өзінен.
Тоқта, осы шын ба? Сен бiр рет те болса iстiң ақ, қарасын ашып, ақыл таразысына
салып өлшеп көрдiң бе? Жок, сен үйткен жоқсың. Бетiң бiр қайтып қалғасын, жүнжiп
сала бердiң. Кемдi күнгi өмiрiнде жалғыз қуанышыңдай жарқ ете қалған Ранайдан
қапияда айрылғасын iштей тындың. Бірақ Ранайдың орны басқа едi. Сүйткен
келiншектi... Апырау, сонда бұған кiм жазықты? Байғұс Ранайдың не кiнәсi бар? Дер
кезiнде қайрат қыла алмаған өзі емес пе? Бұл ғой өз бақытына бұрынырақ, бiр сәт
бұрын қол созғанда... иә, бәрiмiзге де осы бiр сәт бұрын қимылдау жетiсе бермейдi.
Сүйтiп жүрiп қимас жанынан айрылды. Ендi Ранайға қарамай қойғаны адамгершiлiк
пе? Тым құрмаса, жақын барып, жылы-жылы сөйлеспедi де. Қой, мұным ұят екен. Не
де болса, онымен тiлдесiп, кеуiлiндегi дедiгiн айтқаны дұрыс. Ол уiлдеп соққан жел
қолтығына кеулеп кiре бастағасын, күпәйкесiн iлгектеп алды. Темекiсiн қолымен
қорғаштай шегiп өтырып, бiр сәт аспанға көз тастады. Қызарған салқын күн қоңыр
бұлттардың таса-тасасынан ау-тауық жарқ етiп көрiнiп қалады. Көк бұлыңғыр. Ауадан
жаңбыр иiсi шығады. Кенет жел тынып, төңiрек тыныштала қалғандай болды. Аспанда
әлдеқайда асығып, жөңкiле көшіп жатқан бұлттар байыз тауып, тұтаса-ұстаса қалған‚
Ол: “Жаңбыр жауады-ау,” — дегенiнше болмады, алыстан құдіреттi бiр зеңбiрек
атылғандай, аспан күркiреп, артынша қара бұлттың тағын айыра найзағайдың от тiлi
жыланша иреңдеп, жарқ-жұрқ ете қалды. Сол екен, көп кiдiрмей мұздай, iрi тамшылар
тысырлай бастады. Сол тысыр бiрте-бiрте күшейiп, вагонның төбесiндегi
қаңылтырларға сатырлай соғылып, қара нөсер шелектеп құйып-құйып жiбердi. Ала
жаздай нәр тамбаған қуаң даланы аяусыз сабалап, май топырағын бұрқылдата нәр суы
төгiлiп жатыр. Лезде таздың басындай жарқыраған ай тақырларда жалтырап қақ тұрып
қалды. Дала жасарғандай өзгеше реңге ендi. Соған қараймын деп Ержiгiт
щайқалақтаған вагонның төбесiнен төмен қарай бiр-бiрiн қуалай сорғалаған
тамшылардың үстi-басын сулап тастағанын аңдамады. Кенет бiр тамшы тырс етiп
қабағына тамды да, орнында тұра алмай, оң жақ қасының қиығынан төмен қарай мұп-
мұздай боп, сорғалай жөнелдi. Ол жалма-жан қалтасынан орамалын алып, бетiн сүрте
бергенiнде қалт тоқтай қалды. Улеген жел орамалын аяусыз жұлмалайды. Ол қолымнан
аңдаусызда ұшып кетер деп, Ранай берген орамалды қалтасына ыждағатпен тықты.
Iзiнше ой басқан еңсесiн көтерiп, жапан дүзге көз салды. Жарықтық, мына дала не
көрмедi? Шабылған ауыл, арпалысқан жау, қор болған қыз, арманда өткен батыр. Қазiр
соның бәрi қара топыраққа айналып, мына құйып жауған қара нөсердi мелшие жұтып
жатыр. Әлi де қанша жұтпақ? Ертең бүгiнгiлер де соның жолын құшады. Сонда не
iстедiм, не бiтiрдiм дейдi? Даланы жаңғыртқан көк нөсер менiң де кеулiмдi жаңғыртып,
дауылға да, боранға да бел бермес көк өскiндердi қаулатып шығарды деп айта ала ма?
Әлде бұл да өз өмiрiндегi соңғы нөсерге бетiн тосып, ата-бабасы құсап, болашаққа
ойлана бiр рет те көз тастамастан алаңсыз кете бере ме? Не десең де қызық. Ол
сатырлай жауған жаңбырға қараған сайын‚ басына бұрын келiп көрмеген, үш ұйықтаса
түсiне де кiрмеген, сырттай керағарлау бiр ой шапты. Байқап көрсе, осы табиғаттың
мiнезi қызық. Ала жаздай ақ шаңдағы шығып, анда-санда жынша мың бұрала билеп
соғып өтетiн құйынға кеудесiн төсеп жататын Сыр бойына бiр де тамшысын қимай,