шайдай ашық аспаннан шаншыла құйылған күн нұрына қақтатып қояды. Тек көктем не
күз айлары басталғанда ғана жаздайғы қаталдығынан айнып, жер бетiн сатырлай
сабалап құйып жауатын көк нөсерiмен бiр жасартып кетедi. Мынау соның басы. Сонда,
шамасы, мына көнбiс далаға да, адамға да ара тұра жанын жаңғыртып тұратын осындай
бiр қара нөсердiң керек болғаны-ау! Нөсер?! Сонда ол қандай нөсер? Ержiгiт селк ете
қалды. Аспан тағы да қаһарына мiнiп, бұлттарды найзасымен тiлгiлеп алды да, түу
алыстан күркiредi. Нөсер күшейе түсті. Кенет жер бетiне жақындап, бауырымен төбеге
тиiп кетердей боп тұрған қара бұлттың ортасынан от жылан ирең еттi де, iзiнше аспан
жарылғандай шатыр ете қалды. Дөң басындағы биiк үш ағаш жасылға шыдамай кiлт
қозғалғандай, еңкейе берiп, жерге сатыр-күтiр етiп құлады. Аспан әлдекiмге
ызаланғандай қаһарлана күркiредi.
23
Пiрмақан Мәтектiң үйiнен ашулы келдi. Ешкiм бұның шамына тиер сөз айтпаса да,
сүттей ұйып отырған басқа кiсiлердiн от басын көрiп, өз қара шаңырағының бiрте-бiрте
бұрынғы айбаты мен ауызбiршiлiгiнен айрылып бара жатқанына ызаланды. Неге мен
осы берекетсiздiкке тосқауыл болмаймын? Сол арада есiне Ранай түсті. Анада
Кәдiрмақан үйiне алып кеткеннен кейiн, шешесi барып, жалынып-жалпайып, қызын
қайтадан алып келген едi. Соңғы кездерi қызының аяғы ауырлағанын қара шал да сезiп
жүр. Егер үйде... Құрсын, құрсын, бұрын қай қазақтың қызы өз от басында босанған?
Бұл адам айтқысыз масқара емес пе? Оның үстiне келiнiнiң қылығы да жанына батып
барады. Сәдiрмақанға қара қағаз кеп, өзек тiлген қайғының iзi суығалы Үрзия жаңа
қылық ашып, түн баласында ұзақ жүрiп қалатынды шығарды. Ауыл үйдiң арасында ол
жайында сыпсың өрттей қаулап, күн санап өршiп бара жатыр. Қара шал келiнiн
ауыздықтауды ойлады. Жаңа Мәтек тоқал алды. Алғанда Қыжымның он сегiздегi
солқылдаған қызын шымылдық iшiне кiргiздi. Соны көрiп қара шал қатты ойға қалды.
Үйге келiсiмен дереу iске кiрiстi. Бiр мал сойып, ауылдың шалдарын шақырып,
Сәдiрмақанның жылын бердi. Құран оқылып боп, ауыл ақсақалдары тарағасын, ол
Үрзия мен Балмақанды шақырып алды. Кейiнгi кездерi кәрiлiк пен қайғы еңсесiн сәл-
пәл иiп кетсе де, қара шал әлi айбарлы. Төрде айтақырдағы балпақтай қақшиып отыр.
Оның жоғарғы жақындағы кiлем үстiнде тобылғы сапты қамшы iлулi тұр. Атадан
қалған көз әлi де аз айбарын танытқандай, күмiс жондап жүргiзген өрнегi жылтырап,
өмiрi жыланша салбырап құлап түскен. Шал тамағын кенеп қойып:
— Қарағым, келiн, — дедi Үрзияға. — Басыңа бас қосылып өсiп келатыр едiң, бiрақ
пенденiң қай айтқаны болған, қосағыңнан айрылып, қайғы жұтып жүргенiңдi бiлем.
Мiне, осы босағада ерiңнiң жылын ақтадың. Ендi ата-баба жолы бойынша таңдауды
өзіңе салам: қалам десең, үй мынау; кетем десең, қолыңды қақпаймын.
Үрзия жылап жiбердi.
— Атеке, шиеттей баламен қайда барам? Менi кiм алады? Мен кiмге керекпiн?
Өлтiрсең де, осы босағадан кетпеймiн.
Шал аз үнсiз қалды.
— Онда мынау отырған қайның. Аға өлсе, iнiге мұра деген. Бұрын iж қазақ жесiрiн
қаңғытып көрмеген. Ендеше сенi мына қайныңа некелеймiн.
Балмақанның көзi атыздай болды.
— Жо-о-қ, мен алмаймын!
— Алмаймының не? — дедi бағанадан берi монтанысып отырған қара шал
адырайып. Бiр сәтте бұрынғы момақан қалпынан айнып шыға келдi.
— Жеңгемдi алып...
— Өшiр үнiңдi, хайуан! Жеңгеңдi сен алмағанда, сонда кiм алады? Оны бала-
шағасымен далаға қаңғытамыз ба? Мұны естiсе, жүрт күлмей ме?