Стр. 18 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

қара көзi мөлдiрей күңгiрттенiп көрiнедi. Қара қасы қарлығаштың қанатынша қиыла
қалыпты. Шыт көйлектiң өңiрiн жыртып жiберердей боп сыртқа қарай тырсия шiрей
тепкен қос омырауы қуаты көп жас тiршiлiктiң нышанын сездiргендей. Ержiгiт аздап
абдырады. Кенет көз алдына бағанағы Төребайдың қулана қараған кескiнi келiп, сәл-
пәл ыңғайсызданды.
— Осы бiздi ешкiм бiлмей ме екен? — дедi ол даусы бiр түрлi қарлыға шығып.
— Қайдам.
— Сен құрбы қыздарыңа айтқан жоқсың ба?
— Жоқ.
— Онда... Ал, әке-шешең не дейдi?
— Оларға салсаң, ана құдандалы жерге бар дейтiн шығар.
— Сен өзiң сөзiңе берiксiң бе? — дедi Ержiгiт оның бетiне тiктеле қарап.
Ранай үндемей‚ жүзiн төмен салып отыра бердi. Ержiгiт мұны оның ұялғаны ғой деп
ойлады.
— Бүгiн... ол-пұл алып келдiм. Сәтi түссе, келер жұмалардың бiрiнде...
Қыз оған қара көзi мөлдiрей, iштей әлденеден үрiккендей шошынып, ырза бола
қарады. Iзiнше көзiн тайдырып әкеттi. Ержiгiт Ранайдың қысылып отырғанын сезiп,
әңгiме бетiн басқа жаққа аударды. Iштей осы отырысына қуанып қояды. Не десең де,
бұл Ержiгiттiң кейiнгi кездерi тапқан тосын бақыты едi. Кешегiн күнi оқудан шығып,
алып-ұшқан кеуiлi су сепкендей басылып, осы стансаға қайтып келгенде, шулы
қаланың тiршiлiгiне етi үйренiп қалған бұған тым-тырыс жатқан құба далада өмiр
нышаны жоқтай боп көрiнген едi. Әуелгiде бiр түрлi көндiкпей жүрдi. Келе-келе етi
өлiп кеттi. Жұмысқа барады, жұмыстан келедi. Сүйтiп жүрiп Ранайды кездестiрдi.
Алғашқыда өзi онша ұната қоймаған науша қыздың бiр-екi той-томалақта жолдас-
жолдас ойнап, жақын танысқаннан кейiн‚ қалайша кеуiлiне ұялай қалғанын өзi де
аңдаған жоқ. Отырыспаға ол келмей қалса, не кешiксе, темекiсiн ұмыт қалдырған
шылымқор кiсiдей алаңдайды да отырады. Қашан есiктен аттағанша жанын қоярға жер
таппайды. Нағылса да Ранай ықыласын дара иемденiп, жанының куыс қалтарысына
тамырын терең бойлатып жiберген. Оған өзi де дән риза. Оның үстiне жаңа жұмысы да
мұны ел көзiнше бiр көтерiп тастады. Ендi бiрер жұмадан соң отау құрса, ел санатына
кiрмей ме? Бiрақ қыз алды-артына қарайлай бередi. Әлде ескi десе өлiп түсетiн әкесiнен
айбына ма? Оны жiгерлендiрiп‚ нартәуекелге бел будырайын десе, өзi де iркiле бередi.
Басқа бiр дүниенiң табалдырығынан аттайтынын ойлап, осы салт басты сабау қамшылы
шағынан күрт қол үзiп кетуге әлi де батпайтынын iшi сезедi. Бiр жағынан бұл жүрiсiм
қашанға созылар, ақыры басқа пенделер ат басын тiреген қазығыңды айналып табасың
ғой дейдi. Ендi бiрде қыз бөгде бiреумен ауаланып кетсе‚ нағыласың деген ұры күдiк
кеулiне шабады. Қой, қайдағыны айтпа. Қолына қонғалы тұрған бақ қайда қашар
дейсiң? Өзi кейде түсiнбейдi. Жұрт осы неге бақ-ырыс үшiн арпалысып жатады? Қашан
өз өмiрiнiң қара нөсерiне жеткенше соған нысап қылмайды. Менiңше, шәт-шәлегiң
шықпай-ақ, көрiнгеннiң белiне жармаспай-ақ‚ бақ құсын қондыруға болады. Расында
да, солай емес пе? Пенде сорлы мына фәниге бұрын ата-бабасының басына бұйырмаған
бақытты өз басыма қондырсам, жақсы өмiр сүрсем деп келмей ме? Сөз жоқ, сүйтедi.
Адам анадан шыр етiп туғасын‚ кiшкене тәмпiш танауы жыбырлап, сан ықылым
замандар бойы талай кiсi тамсана жұтқан ауаны көкiрегiне толтырып ап, жас өмiрдiң
ұлан-қайыр қызығы мен қуанышын сезе бастайды. Алғаш рет әлсiз буыңдарына мiнiп,
қаз тұрады. Апыл-тапыл қадам басады. Осы әдепкi қадам адам өмiрiнiң тынымсыз
сапарына ұласып, бақыт iздеген пенденiн жұмыр басын тауға да, тасқа да соқтырады.
Шыңға да шығарады, орға да жығады. Пенде жұмыр басына бақыт дүмелiп қонған
сайын‚ оны азсына түседi. Оны алған үстiне алсам дейдi. Ақыры әлгi бақыт жалаң бұт
шалдуардың ысқырығынан үрiккен торғайша аңдаусызда пыр етiп ұшады да кетедi.
Оны пенде байқамай да қалады. Сол көп ырыздығынан табан астында айрылып
қалғанына кейiн өкiнiп, қос қолымен маңдайын төбелейдi. Кермек татыған сортаң жасы