Стр. 171 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Жоқ, алмаймын.
— А-а! — қара шал ашуланып, орнынан атып түрегелдi.— Аласың! Сөзді қой! —
деп молдаға тез некесiн қидырды.
Ондық шам ақырын пырылдап жанып тұр. Үй iшi самсоз. Ранайдың көзi әдеттегiден
бақырайып кеткен. Нұрсұлу да жұмған аузын ашпады. Анда-санда Пiрмақанның ентiге
дем алғаны анық естiледi. Неке қиылып болғасын, шымылдық iшiне салынған төсекке
қашқақтай берген Балмақанды Үрзия қолымен сүйреп, зорлағандай қып жатқызды.
Пiрмақан бiр iстi оңына келтiрсе де, түнімен жамбасына тас батқандай әрi-берi
аунақши бердi. Басына бұрын келмеген неше түрлi ой түсті. Егер, деп ойлады қара шал,
баяғыда сүйегi қурап қалған ата-бабаның кегiн қумай-ақ, қызын Ержiгiтке бергенiнде,
мынадай тiрi масқараға қалмас па, едi, қайтер едi? Не ана құдандалы жерге ұзатқанында
ғой... Бiрақ шал үйтпедi. Сонда Көптiлеуден не опа тапты? Ақыры абыройын айрандай
төктi де, шыға келдi. Қалай десең де, бұл бүгiнгi iсiне ырза. Өз жеңгесiн қаңғыту
қазақтың ресiмiнде жоқ нәсте емес пе? Оны көрiсiнiп бара жатса, кейiн тағы бiреуiне ен
салар. Мұның түсiнбейтiнi көп. Қазір екi әйел алған кiсiнi айыптайтын болып жүр. Ау,
сонда бұл жұрт қос қатынды ерiккенiнен ала ма? Бiреудiң бала сүйгісi келетiн шығар.
Ана Кәдiрмақанның әлiге дейiн ұлы жоқ. Бiр жолы қара шал соны тұспалдап, ұзақ-
сонар әңгiменiң шет жағасын бастап едi, баласы әзірейiл көргендей шошынып, құлағын
басып, үйден шыға жөнелдi. Әйел алмасаң қой, ұрпақсыз өт деп, бұл iшiнен сыбап қала
берген. Ау, сонда қара шал өз баласына жамандық ойлады ма? Соны неге бұл
жазғандар түсiнбейдi! Өзі көрiп жүр, осы ауылда ұлы жоқ кiсiлер баршылық. Егер олар
әйел үстiне әйел алса, ұрпақ көбеймес пе едi? Бұрынғы заманда қазекең сүйткен жоқ
па? Ал, байымызды өзгеден қызғаштай қорыдық, өзімiз бала таппадық, содан түбiнде
не ұтамыз? Егер күйеуi айрылып кетсе ше? Онда қара жерге от қоясың ба? Осыны неге
әйелдер ойламайды екен а? Үлде-бүлде жаңа заманның кiсi миы жете бермес
жаңалықтарының бiрi мен басына шапқан басқа да ойлардың топан селiн iрке
алмастан‚ Пiрмақан төсегiнде аунақшып, ұзақ жатты. Ұйықтайын десе, ұйқысы
түспегiр үркек аттай бұл жақындаған сайын‚ басын ала-ала қашады. Кәрiлiк те
жақындап қалған ба қалай? Мұндайда мамық төсектiң өзі қу тақырдай боп көрiнедi
емес пе? Сүйтiп жатып таң алдында көзi iлiнiп кеттi. Қанша мызғығанын бiлмейдi, бiр
кезде барып абыр-сабырдан оянып кеттi. Басын көтерiп қараса, Нұрсұлу жылап жүр.
Үрзия да жылап отыр. “Ау, бұларға не көрiнген?” Шал орнынан тұрғанда барып, мән-
жайды түсiнiп, тұла бойы суық қапқандай қалтырап қоя бердi. Анадай жерде, есiктiң
босағасында балдағын жерге тастай салып, Сәдiрмақан қап-қара боп отыр. Үстiндегi
сұр шинелiнiң жеңi су-су.
— Қасқа, қасқа, сен-ақ бiздi құртып болдың ғой! — деп айқайлады Нұрсұлу.
Қара шал үндемедi. Бұнысы әйелiнiң жынына тидi.
— Сорлы-ау, мал деп, ата жолы деп, балдардың түбiне жеттiң ғой! Қызыңның
отырысы анау! Ендi тiрi балаңды өлдi деп, некесiн...
— Өшiр үнiңдi! — деп қара шал ақырып жiбердi. — Немене, мен құдайдан осылай
ете гөр деп тiлеп пе ем?! Әлде қара қағаз жiберген мен бе?
Есiк сарт етiп ашылды. Iшке Кәдiрмақан мен Күлбарам кiрдi. Соңғы кездерi
Кәдірмақанның сырқаты асқынып бара жатыр едi. Ол iнiсiн көре салып, қалт тұра
қалды да, қарқылдап күлдi. Нұрсұлу оған шошына қарады. Артынша Кәдiрмақан iнiсiне
мас кiсiше үрке қарап тұрды да:
— Өй, мынау Қарамұрт қой! Қарамұрт! — деп үйден шығына қашты.
Күлбарам еңiз-тенiзi шыға жылап жiбердi. Ранайдың зәресi зәр түбiне кеттi.
Көйлегiн кеңiткiсi келгендей қайта-қайта жөндей бердi.
Бағанадан берi үндемей тұрған Балмақан iлгерi аттады. Жыласа керек, екi көзi қып-
қызыл:
— Әке, бала-шағаның iсiне араласып нең бар едi? Ақыры не болды? Ал, ендi мен
кеттiм!